Лирикам менің, қамықпа!

2408

0

Қазақтың талантты ақыны, жерлесіміз Бақытжан Абызов – 80-жылдардың орта шенінде төл поэзиямызға жаңа мәнермен, дара дауыспен жазғы найзағайдай жарқылдап жаңбырлата келген тегеурінді толқынның бірегей өкілі. Ол жауһар жыр дарыған Сыр өлкесінің «Тартоғай» ауылында 1959 жылы 3 тамызда дүниеге келген. 1982 жылы қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. «Темірқанат» («Жалын» баспасы, 1981 ж.), «Қарлығаш» («Жазушы» баспасы, 1984 ж.) студенттік ұжымдық жыр жинақтарына таңдаулы өлеңдері енген. 1985 жылы «Жалын» баспасынан Олжас Сүлейменовтің алғысөзімен жарық көрген Дағыстан ақыны Магомед Әлиевтің «Қанат» атты кітабын ана тілімізге айтулы поэзия шеберлерімен бірге әдеби тәржімалауға атсалысты.

«Жанарымдағы жаңбырлар», «Уақыттың алуан түсі» кітаптары жарық көрген. Таңдаулы өлеңдері «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясына кірді. Жазушы әрі аудармашы Самат Ибраимның орысшадан тәржімалаған әлемдік зор маңызға ие,  1929 жылы Белградта тұңғыш рет баспа жүзін көрген «Қолбасшы Шыңғыс хан және оның мұрасы» атты кітаптың редакторы болды.

Поэзиядан бөлек, Бақытжан Абызов «Ұлжан» қазақ-француз фильмі киносценарийінің тәржімасын шеберлікпен атқарып шықты. Сондай-ақ оның қазіргі заманғы отандық мәдениет пен тарих саласындағы академиялық еңбектер – «Қазақстандық балалар энциклопедиясы» сериясымен ана тілімізде жарық көрген «Қазақ хандығы» және «Ұлы дала мемлекеттері» атты көлемді кітаптардың, орыс тіліндегі «Культура Казахстана» энциклопедиялық анықтамалық томының әзірленуіне үлес қосқанын атап айту абзал.

«Сыр бойы» газеті әдеттегі игі дәстүрмен өзінің айнымас авторы, ақын, тәржімашы, мәдениеттанушы Бақытжан Абызовтың бір топ жаңа жырларын жырсүйер қауымға ұсынып отыр.

ҚЫРКҮЙЕК. МЕН. ЖОЛ ҮСТІ

Күрең мезгіл. Сылқ-сылқ күлген Қыркүйек,

Кербезденіп Тоғысқа арқа тұр сүйеп.

Нар қамыстар сар кекілі будырап,

Ызыңдаған жел екеуміз – бір күй ек.

Сол күй қайда бебеулеген қанымда,

Бозқырауда сібірлеген таңым ба?

Дөңгеленген жапырақтай баянсыз,

Мазаң күйім, енді сен де дамылда!

Қыркүйегім – әлдилеген өз әнім,

Әнімді мен алты қырға созамын.

Алтын алқап. Сабан басы тоғайып,

Іңір түсті шоғындай боп қозаның.

Сұлу сүгірет сезім тербеп толқытпақ,

Қимасымнан көз жазардай қорқып қап.

Қара жолда қалың ойдың үстінде,

Мен келемін Қыркүйекті қолтықтап…

ТОРАҢҒЫЛ ТОҒАЙЫ

Сырғасы жез жамбыдай тораңғылдар,

Сендер қайдан топтанып оралдыңдар?

Балапан бұтақ болып сыбдыр еткен,

Тоғайым нуға айналар – қалар жылдар.

Бүршік атқан жас демің жанымда тұр,

Өткенді ойға ап қараймын сағымға құр.

Шіркейліден көш түзеп Жалағашқа,

Жол бойында қол бұлғап қалып жатыр.

Айырбасқа берер ем – мың қайыңға,

Сені көріп сол бір кез тұрды ойымда.

Жамырап жарысасың менен қалмай,

Қол ұстасқан шоқ тоғай Сыр бойында.

Ұлан жолда мың тағдыр, мың көлік бар,

Ырғалады сәлем сап, бүрленіп тал.

Боқыраудың суығы ұрмай тұрып,

Қанекей, ілес маған, үлгеріп қал!

КЕТЕЙІКШІ  АУЫЛҒА…

Кетейікші ауылға – Тартоғайға,

Аңсап жаным тұратын орта қайда?

Қара жолға іліксем түседі еске,

Бозбала шақ… 

Тұрады қалқа да ойда.

Табиғатпен Тартоғай достас па еді?

Еміп Сырды жататын Бектас көлі.

Мінгізді де пойызға – Алматыға,

Аттандырды шәкірт қып жап-жас мені…

Бұйрат құмдар жататын бұйраланып,

Жанарыма кең дүние сыйғаны анық.

Көктің тысы жыртылып, құйып нөсер,

Кетуші еді жылғалар билеп алып.

Мама ағашқа асауды күрмеп байлап,

Жүретінбіз сақа атып, шілдік ойнап.

Бірімізден біріміз жалақ алып,

Қашатұғын қоямын құрбыны ойлап…

Аяймын елден кеткен кей інімді,

Тоқ та болса тұрмысы. Ойы мұңды.

Ауыл деген – қазақ қой аңқылдаған,

Саған, маған сыйлаған мейірімді.

Бақпай күнде шаһардың қас-қабағын,

Өзімізді қинамай босқа, жаным.

Жатайықшы армансыз аунап-қунап,

Кетейікші ауылға. Таста бәрін!..

КЕҢ  ЖЫЛЫОЙ – КЕНЕН КӨҢІЛ,  КӨП  САҒЫНЫШ

Тіктеп келе жатқандай енді бойын,

Саған келсем, жаным жаз, мөлдір ойым.

Қауқылдасып қарсы алар Құлсарыдан,

Қашанда аңсап күтер Кең Жылыойым.

Сағыздан сапар сазы әлдилейді,

Қай кезде бармадың не, бардың мейлі?

– Доссор жақтан асығыс кеп қапсыздар,

– Атыраудан мен күтіп қалдым,–  дейді.

Жайықта көп осындай нән құдалар,

Дәм-тұзын тартатұғын алдыңа бар.

Қонақасы әр үйде күтіп тұрар,

Қалдырмай жалқы мезет қалғып алар.

Мен осылай Сыр жақтан сапар шектім,

Қызығына тоймастан жатам көп күн.

Жылыой деген өлке емес, шежіре ғой,

Ізі қалған Исатай, Махамбеттің!

ШӨЛІРКЕП  КЕТІП БАРАСЫҢ…

Табанды құмға күйгізіп,

Бетімді желге сүйгізіп,

Толқынға қарсы жүзгізіп.

Жағаңда өткен, қайран Сыр,

Балалық шақ та бір қызық!

Толқынды толқын қуатын,

Кемерді келіп жуатын,

Соққанда дауыл сұрапыл.

Кең балақ киген бір бала,

Тұратын үнсіз, бір ақын.

Шыққанда жайлау сыртына,

Жалбыздың иісі бұрқырап,

Үйездеп, жылқы шұрқырап.

Салқын сабатқа баратын,

Сабаттың басы – мың тұма…

Төгіліп түнде Айдан нұр,

Жазсам деп едім жайраң жыр,

Тимеді, қайтем, пайдам бір?

Шөліркеп кетіп барасың,

Қол бұлғап маған, қайран Сыр!

ҚЫЗЫЛОРДА

Көрмедім сендей қаланы,

Бөлек қой адамдары да.

Гүл өсіп кетіп барады,

Нық басқан қадамдарында.

Үзілмей еңбек күйлері,

Жалыны жерді өртеді.

Бейімбет, Ілияс үйлері,

Тарихтан сырлар шертеді…

Мен кейде өстіп марқайдым,

Алысқа кетсе атағы.

Өнер отауы – Нартайдың,

Жақаевтардың Отаны.

Тамбаса жаздай жауыны,

Емес ол бұған айыпты.

Қалмақандардың ауылы

Ауылы ол – Тәжібаевтың.

Ақын да емес бұл қала,

Шежіре жасау – борышың.

Міндетің осы бір ғана,

Ұлдарың бар ғой сол үшін!

Өндіріс орны от өріп,

Тартылған еңбек күйлері.

Барады бойын көтеріп,

Шағын ауданның үйлері.

Қара жел әнтек соғады,

Көтеріп өтіп жол шаңын.

Достармен жүріп шамалы,

Бой жазып, бір уақ шаршадым.

Ауыл-ел, жұртым, дін аман,

Көбейсін тойлар бұл маңда,

Әманда іштей қуанам,

Сыр ұлы болып туғанға!

АҢСАУ

Кәрі тораңғыл бүршігі,

Телеграфтың қыл сымы

Көктемді жырлап  тұр,

Аудандық  газеттің бетінде,

Этюді фототілшінің.

Сәбидің күлкісі бейнелі,

Апыл да тапыл жүгірген жейделі.    

Көңілдің  пернесін уыз бір әуен,

Басып  қап әдемі  үндестік,

Табиғат  сөйледі.

Ақпанның ең соңғы ақ қары,

Даланың қақтары    

Ағады  жіңішке арнамен.

Үйлерге  сүйіншісін сұрап  барады,

Солдаттың хаттары.

Жел  шайқап қара торғайдың ұясын,

Тербеген  самалды кеудеңе  құясың.    

Дәптердің  бетінде ормандар,  қыраттар,

Көктеме  жайлы мен жазған өлеңнің,

Кепкен жоқ сиясы.

Алматы  көктемі, ауылдың  көктемі,

Сарша  құм  көктеді, парк те көктеді.    

Көп  болды мен сенен кеткелі

Ауылдың мектебі.

Уақыты  ысырып тастапты-ау,

Сені   де шеткері…

ОН  СЕГІЗ. ӨЛЕҢ  ЖӘНЕ  МЕН

Бейқам дүние, бозбалалық болмыспен,

Өлеңге ендім, өрендігім болды үстем.

Мінезімді танытармын жыр жанды,

Талайларға ту сыртымнан тон  пішкен.

Өмір-дода.

Көкпар-тірлік, өңгеріп,

Қондым ерге мен де мығым, жөнделіп.

Тұғыр туар. Тұлпар қайтып келер ме?

Құлагердің ажалы – Адам.   Пенделік.

Шықсам-дағы  дүсірлетіп, қырға  кеш,

Бере қойман адуынды жырға  дес.

Он сегіздей түбіт иек інісін,

Еркелетер  арғымақтай Жиырма бес.

Өлең – Өмір.  Осы,  бауырым, көнсеңіз,

Дауылын да, жауынын да көрсеңіз.

Жыр-парағым жасыл кілем секілді,

Жауқазындай гүлдер жауған Он  сегіз!

ІҢКӘРЛЫҚ. ӨМІР – САХНА

Беймәлім  сапарым…

Құшағын жол жайды,

– Қашанғы Төлеген-ғашықтар сорлайды, –

Дегенді  естіген

Тағдыр  тас – сол қайғы.

Махаббат – бұл  деген күрделі  драма,

Ал,  драма қайғысыз  болмайды.

Үлкен  оқиғадағы Ғашық  актерлер  –  екеуміз,

Жалындап  жанамыз…

Сәлден  соң  бөтенбіз.

Амал  не?

Келістіре алмайды екенбіз.

Біздегі   айырма   –  көрініс  көңілсіз,

Суысып.  Содан  соң… 

Бөлініп  кетерміз.

САПАРҒА ШЫҒУ

Жолым  ауыр  ма?

Сан  қилы кезеңдерде,

Мен  көрмеген  жалбыр  тау, өзендерде.

Бекежан-тағдыр  да  қалтырай  ма,

Төлеген-ақынның сөзі өлмей, өзі  өлгенде.

Тәрк  етіп  бәрі, бәрін  де,

Шындықпен  күйдіріп арсыз  жаланы.

Қасқайып  қарсы  алған ажалдың  аранын,

Өзінің  соңғы  әнін  де еліне  арнаған,

Ақандай  елінің сүйіктісі  боп  қалады.

Жеріндей  Көкшенің,

Жазира  жап-жасыл, жаңбырын төксе  күн.

Жатайын  нөсерге  жуынып шалғында,

Жетеле  мені  алға, бек  сенім.

Бақыт  па  екен   –  бұл,

Ұлы  жолдардан тосып  алатын,

Аяулысындай  айнымас досы  болатын.

Уақыт  па  екен   –  Жыр,

Мені   де  сапарда қасына   алатын!

ЛИРИКАМ МЕНІҢ

Лирикам  менің  – қолаң  шаш,  гүл  ерін,

Еліктің  ерке лағындай менің ақылдым.

Жыр  жазбағанмен, ақын  ғой   сенің  жүрегің,

Жырламаса  жүрек аяулысы болу қиын ақынның.

Лирикам  менің, кеудемде сансыз неше өлең,

Сырлы әуездерден тұратын бейне күйсандық.

Көгілдір  көктем сен келе жатқан көшемен,

Күркіреп  өтті, жауынның жұпар иісі аңқып.

Лирикам  менің, жапырылып қалған шалғында,

Раушан гүлдің қауызынан жетім шық тамып.

Адамнан  өзге табынушылар да бар мұнда,

Ботаника   бағы  тұр Афродитаға  сұқтанып.

Лирикам  менің, қамықпа,  келісейікші  мынаған,

Аппақ  нөсердің тез  өтетінін  соң  ұққам.

Шабыт  буғанда, жанарымды кейде шылағам,

Махаббатымның   сен тек сүйіктісі болып қал!

ТҮЙЕ  МЕН  ТРАКТАТ

Алтын  артқан  қоңыраулы талай  керуен,

Болған-ды  Сахараның құм  құрбаны.

Қызыл  нар  Шығыстан  бір арай  көрген,

Жеткізбей он мыңдаған жылдың  жалы.

Тарихта  бізге  жұмбақ бәдәуидің,

Түйесі  шығармай-ақ бір-ақ  та  атын.

Он  бір ғасыр жол  жүріп Фарабидің,

Жайып  салды  әлемдік трактатын…

КАСПИЙГЕ  ҚАРАП, АРАЛДЫ   ЕСКЕ  АЛУ

Біреу сені теңіз дейді,

Біреу сені көл дейді.

Екеуіне де емізбейді.

Екеуі де шөлдейді.

Саған   берген атақ-аты,

Біреуінде – қателік.

Екіншінің – махаббаты  –

Саған  өзен әкеліп.

Құятындай, қайта  жасап  тарихын,

Айтатұғын:

– Теңіз, – деп.

Ал,  біреуі – тек  картадан танитын,

Келмейтұғын:

Сені  іздеп.

Кейде,  кейде, кешіре  гөр, о, Теңіз!

Мәселеңді  шөлдетіп  ап шешеміз.

О бастан-ақ  Сен едің ғой – Әкеміз,

О бастан-ақ  Сен едің ғой – Шешеміз,

Қолымызда  шайқалып  тұр кесеміз…

Бақытжан  АБЫЗОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<