Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан, мазмұны терең, ауқымы кең мемлекеттік бағдарлама. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы заңдылық. Осындай кезеңде Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласының жариялануы рухани сілкініс әкелді.
Біз саяси ұлтты қалыптастыру жолындамыз. Әлемде алдыңғы қатардан табылу үшін қоғамдық санамызды, ой-өрісімізді өзгертіп, ескірген таптаурын ойлардан арылуымыз қажет. Ол үшін Елбасы сананы жаңғыртудың бірқатар негізгі бағыттарын ерекше бөліп көрсетті. Ол – бәсекеге қабілеттілік. Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерді білу, мәдени ашықтық сияқты факторларға негізделген тың жаңалықтарды әлемге ұсыну қабілеті.
Екінші бағыт, бұл – прагматизм. Бірқатар әдеттерден бас тартуды қалыптастырып, ұлттың прагматикалық мінез-құлқы мен ұтымды ойлауын, ата-бабалар дағдыларының тарихи тәжірибесін бойға сіңіруді насихаттайды.
Үшінші бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау. Бүгінде, әлемде болып жатқан барлық жағымсыз жағдайларға дәстүр мен салт-сананы қарсы қоюға болады. Сонымен бірге, біз ұлттың дамуына кедергі келтіретін өткеннің сарқыншақтарынан арылуымыз қажет.
Төртінші бағыт – білімнің салтанат құруы. Алдағы технологиялық революция қазіргі жекелеген кәсіптердің жойылуына алып келген кезде, білім қол жеткізер табыстың ең іргелі факторы болмақ.
Бесінші бағыт – тек қана эволюциялық даму. Бұл бағыт – біздің өркендеуімізге жол ашады. Бұл жаңғыру идеологиясының қағидаты және еліміздің әрбір азаматының ішкі сенімі.
Алтыншы бағыт – сананың ашықтығы. Жаһандық заманда қоғамның және әрбір адамның өзгеріске дайын болуы қажет. Бұл көзқарастар қоғамдық сананың жаңғыруы үшін іргелі негіз бола алады.
Cыр өңірі Елбасы «Алаштың анасына» балаған, ұлы ойшыл Қорқыт ата дүниеге келген, ежелгі шығыс өркениетінің орталығы, түркі мәдениетінің алтын көмбесі болған. Біздің өңір рухани бай мұраларымызды сақтау, оларды кеңінен насихаттау мақсатындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір аймақ десек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстар сол бастаманың жалғасы болды.
Еліміздің басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан Мемлекет басшысының мақаласындағы бастамаларды жүзеге асыруда өңірде «Рухани жаңғыру» орталығы құрылып, жұмыс жасауда. Сонымен қатар, өңірімізде бағдарламаның ішіндегі барлық бағыттарды қамти отырып, жүзеге асырылып жатқан 6 арнайы жоба аясында нақты қоғамдық сананы жаңғыртуға ықпал ететін мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылуда.
Қазақ тілін жаһандық ақпарат және байланыс әлеміне жол ашатын латын әліпбиіне көшіру бастамасы аясында Қызылорда қаласы мен аудандарда, елді мекендерде тіл мамандары мен филолог-ғалымдардан құрылған топ ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
«Қызылорда – Ақиқат Айнасы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда көшпелі семинарлар ұйымдастырылды. Мұнан бөлек, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің жауапты қызметкерлері, Астана, Алматы қалалары және облыстардағы жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары, тіл жанашырлары, облысымыздың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, білім және мәдениет саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Қазақ әліпбиі: тарих тағылымы, уақыт талабы» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жалпы, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің негізгі қағидаларын түсіндіру мақсатында облыс бойынша жыл басынан бері 80-ге жуық шара өткізіліп, жергілікті БАҚ-та, әлеуметтік желілерде ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді.
«Туған жер» арнайы жобасы – кәсіпкерлер мен демеуші азаматтарды, зиялы қауым өкілдері мен жастар өздерінің кіндік қаны тамған жеріне қамқорлық жасап, қолдау көрсетуге үндейтін жоба. Бүгінгі күні арнайы жоба аясында өңіріміздегі меценаттардың базасы жасақталып, соған сәйкес «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Қазгермұнай» Біріккен кәсіпорны, «Петро Қазақстан ҚұмкөлРесорсиз» АҚ, «Абзал и К» компаниясы, «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС, «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамы және «Галаз и К» ЖШС-мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдар жасалып, нәтижесінде өткен жылы өңірімізде білім, мәдениет ұйымдарының ғимараттарына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге, балаларға ойын алаңдарын салып, аллеялар мен скверлер ашуға 1,7 млрд теңге тартылды.
Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен Қызылорда қалалық №140 мектептің ауласында және шағын аудандарда балаларға арналған ойын алаңдары салынды.
Сырдария ауданында «Иман-2013» қоғамдық қорының қолдауымен аудандық емхана жылу және кәріз жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Шаған ауылдық округінде «Шаған Жер» ЖШС-ның қолдауымен музей салынды.
Жалағаш ауданында бағдарлама аясында демеушілер есебінен Таң ауылының орталық алаңында көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кент орталығында балаларға арналған ойын алаңдары ашылды.
Шиелі ауданында жүзеге асқан ірі жобалардың бірі – Тартоғай ауылындағы халықтың игілігі үшін салынған медициналық пункт. Сондай-ақ, Жуантөбе және Бестам ауылдарында спорттық-сауықтыру кешендері ел игілігіне берілді.
Мұнымен қоса, өңіріміздегі азаматтар «Жомарт жүрек» базалық бағыты аясында аймағымызда ұйымдастырылып жатқан қайырымдылық акцияларына белсенді атсалысуда. Бүгінгі күнге дейін өңірімізде ұйымдастырылған осындай шараларда 3000-ға жуық тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 14 млн теңгенің көмегі көрсетілді.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы білім беру мекемелеріндегі сапалы дайындықты көздеп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 5-7 сыныптарына арналған өңірлік «Өлкетану» оқулығын әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ғалымдары мен облысымыздың «Үздік педагог» байқауының жеңімпаз ұстаздарынан құралған авторлар ұжымы құрылды.
Бүгінгі күні «Өлкетану» оқулығының алғашқы нұсқасы (жоба) әзірленіп, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінде сараптамадан өткізілуде.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды және киелі жерлерді сақтауға, қорғауға, сондай-ақ, елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында республика бойынша алғаш рет Қызылорда облысында өлкетанушылар мен тарихшылардың форумы өтті.
Форумда «Өлкетанушылар бірлестігі» құрылып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспары талқыланды.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыстан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген 12 өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген 35 тарихи-мәдени ескерткішті қамтитын «Қасиетті Қазақстан және Археология» залы ашылды.
Бұл – Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанынан ашылған «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту ғылыми-зерттеу орталығының ұсынысы.
Сондай-ақ, алдағы уақытта өңірімізде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ортағасырлық қалашықтар жанынан археологиялық парктер құру, онда туристер мен сырттан келетін қонақтарды көптеп тарту бағытындағы жұмыстар жүргізілмек. Балалардың жазғы каникулы уақытында Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда оқушылардан құралған арнайы экспедициялық топтардың өңіріміздегі киелі нысандар мен тарихи орындарға экспедициялары ұйымдастырылатын болады.
Бұл бағыттағы жұмыстар ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, биылғы жылы бағдарлама аясында ұйымдастырылатын «Қазақстанның киелі нысандарына туристік жол» республикалық акциясынан бастау алады.
Бүгінгі күні республикалық акцияның ұйымдастыру-дайындық жұмыстары жүргізіліп, барлық өңірлерден оқушылардың баруы үшін жабдықталған киелі орындар мен оқушылардан жасақталған экскурсиялық топтар қалыптастырылды. Экскурсиялық сапарларды ұйымдастыруға қажетті қаржы шығыны жергілікті бюджеттен қарастырылып отыр.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасын іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүниежүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашады, өнерлі өнерпаздарға өздерінің жетістіктерімен туған жер келбетін айшықтайды.
2018 жылғы наурыз айында Қызылорда облыстық филармониясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ресей Федерациясының Орынбор облысында гастрольдік іссапарын ұйымдастырды. Аталған іс-шара Наурыз мейрамы қарсаңында шет елдегі қандас бауырларымызға қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттау, рухани азық беру, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталды.
Сәуірде «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ұлыбританияның Лондон қаласына гастрольдік сапармен барды. Фольклорлық ансамбль «Victoria Embankment Gardens» паркінде өнер көрсетіп, қазақ халқының және басқа да Орта Азия елдерінің салт-дәстүрлері мен ұлттық өнерін таныстырды.
Сондай-ақ, ағымдағы жылғы 1-10 маусым аралығында Қызылорда облыстық филармониясының Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, жеке дәстүрлі және классикалық орындаушылары халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының ұйымдастыруымен Түркия мемлекетінде өткізіліп жатқан түркітілдес халықтарының өнер фестиваліне қатысып қайтты.
Облыстық филармония мен халық аспаптар оркестрі қазақ халқының әндері, Әлшекей, Құрманғазы, Қорқыттың күйлері мен Сыр термелерін орындап, Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін шет елде паш етті.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтиды және жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болмақ.
Бағдарлама аясында жүзеге асырылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасы бойынша Қызылорда облысынан 4 жеңімпаз анықталды. Олар:
Александр Подольских – ауыл шаруашылғы ғылымдарының докторы, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш өсіру ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, Сымбат Әбдірахманова – аудармашы, педагог-психолог, Болатбек Баймаханов – медицина ғылымдарының докторы, профессор. Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының директоры және Әсел Далиева – тоғызқұмалақтан әлемнің 7 дүркін чемпионы.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өмірі мен еңбек жолын, табысқа жету тарихын, оларға ақпараттық қолдау жасап, кеңінен насихаттау мақсатында көптеген насихаттық шаралар жасалып отыр.
Бүгінгі күнге дейін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасының облыстағы жеңімпаздарының қатысуымен білім, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт мекемелерінде түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылуда.
Жоба жеңімпаздарының бірі – Сымбат Әбдірахманова Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектебінде «Табыс кілті – өз қолыңда» тақырыбында коучинг өткізді. Кездесуге 200-ге жуық мектептің дарынды оқушылары, олимпиада жеңімпаздары мен мұғалімдер қатысты.
Шиелі ауданында «Бақыт кілті» атты жастармен кездесуі өтті.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында жоба жеңімпаздарының қатысуымен «KitapFest» облыстық фестивалі өтті. Шара жастарды, білім, ғылымға баулып, шығармашыл тұлға қалыптастыруды көздеді.
Осы жылғы 16 сәуірде Қызылорда қаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының өңіріміздегі жеңімпаздарының «Тұлғатану» тақырыбында мектеп оқушыларымен кездесуіне Жастар ресурстық орталығының жастар ұйымдары өкілдері және студент-жастар қатысты.
Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында жоба жеңімпаздарының қатысуымен өткен «Уақыт. Тұлға және бүгінгі бәсекелестік» атты тарихи-танымдық шара бәсекеге қабілетті, патриот азаматтарды тәрбиелеп, қалыптастыру, рухани құндылықтарымызды насихаттай отырып, жас ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке баулуды ерекше насихаттай алды.
Өңірлік БАҚ-та, баспа басылымдары мен теледидардағы бағдарламаларда арнайы айдарлар ашылып, жоба жеңімпаздары кеңінен насихатталуда. Сонымен қатар, ақпараттық-насихаттық бағыттағы жұмыстарда әлеуметтік желілер белсенді пайдаланылу үстінде.
Сананы жаңғырту біздің мақсаттарымыздың бір екенін, құндылықтарымыздың ортақтығын және қоғамдық келісімнің қуатын айшықтайды. Жаңа идеологиялық тұғырнама конституциялық реформаны, Үшінші жаңғырудың экономикалық өркендеуін толықтыра түседі және Қазақстанның ХХІ ғасырдағы табысты дамуының ділдік қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан қоғамдық сананың өзгеруі сынаптай сырғыған уақытта, жаңа сын-қатерлер заманында Қазақстан дамуының негізі болатын тұрақтылықты, бірлікті, татулықты нығайтуда ерекше құндылыққа ие.
Берік МӘМБЕТОВ,
облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<