Мағынасы терең, тәлімі ортақ туынды

1564

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты танымдық мақаласын толығымен оқып шықтым. Мақалада қазақ руханиятының алтын қазығы хакім Абай төңірегінде тұжырымды ой айтылған. Расымен де ұлы ақын Абай Құнанбайұлы барша қазақ баласы үшін адастырмас темірқазық іспетті. Біз соған қарап бой түзеп, ой қорытамыз.

Абайдың тұлғалық қасиеті Елбасыға тікелей әсер еткені мақала барысында терең баяндалған. Күллі қазақ баласын бауырмалдыққа, еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке үндеген ғұламаның шығармашылық қыры Нұрсұлтан Әбішұлына да жастайынан зор септігін тигізген. Ол бұл туралы «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын.Ал келешегіме бәйек боп жүрген қайран шешем мені тоғызыншы сынып бітірген соң Қаскелеңге өз қолымен жетектеп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің та­бал­дырығынан аттатқанда, алдымнан мүлде бас­қа әлемнің есігі ашылды. Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті бо­лудың өзі бір жағынан мақтаныш, екін­ші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым» деп сөз сабақтайды.Елбасы өзі айтқандай, қандай шешім қабылдап, қандай істі бастар болса да алдымен Абай тәліміне жүгінеді. Бұл өз кезегінде жемісті нәтижесін беріп келеді. Дүниежүзінің көптеген елдерінде Абай ескерткішінің бой көтеріп, атына көше берілуі де тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістігі.Абай аманатына адалдық туралы Елбасы екшеп жазған мақалада жан-жақты жақсы жіктелген. Бұл біздің бойтұмарымызға айналуы тиіс. Өйткені Абай шығармасын қай қырынан алып қарасаңыз да, қандай заман келбетімен өлшесеңіз де дәлме-дәл келеді. Халық даналығында «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген сөз бар. Абай бейнесі арада қанша ғасыр өтсе де өз өміршеңдігін жоймақ емес. Елбасы мақаласынан осыны аңғардым.

Уәлихан ИБРАЕВ,

облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<