Зымыраған уақытқа тоқтам бар ма… Сол сынаптай сырғыған сағым жылдар санатында азды-көпті ғұмырының саналы жылдарын мәнді өткізген, туған жеріне шынайы қызмет жасаған, елдің есінде ұзақ сақталатын есімдер болады. Осындай өнегелі өмір кешкен азаматтардың қатарын Сағидулла Сағынайұлы толықтырады.
Өмір ешкімге мәңгілік берілмеген. Әйтсе де, әрбір сәтіңді мәңгілік есте қаларлықтай етіп өткізгенге не жетсін?! Өмір – дәптер, адам – оның қаламы. Қаламыңмен парағыңа не жазасың, өміріңде солар ғана қалады.
1958 жылы Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келген Үсенов Сағидулла Сағынайұлы 1974 жылы осы аудандағы №38 орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына түсіп, 1979 жылы «Автоматика және телемеханика» мамандығы бойынша бітірді. 1979-1981 жылдары Қарулы Күштер қатарында офицер ретінде әскери борышын өтеп, 1981-1998 жылдары орта мектептерде «Информатика» пәнінен дәріс берді. 1998 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Экономикадағы ақпараттық жүйелер» кафедрасының аға оқытушысы, экономика факультеті деканының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Әр жылдары университеттің «Тестілеу орталығын», «Студенттердің білімін бақылау және бағалау» орталығын, «Информатика және информатиканы оқыту әдістемесі» кафедрасын басқарды.
Ізденімпаз ғалым 2001 жылы «Жалпы білімдік информатика мен математика курстарының түсініктемелік базасын қалыптастыру әдістемесі» тақырыбында кандидаттық, 2009 жылы «Жоғары оқу орындарында информатиканы оқытуға арналған электрондық ресурстарды қолдану және оның сапасын бағалаудың теориялық-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертацияларын сәтті қорғады.
Профессор С.Үсеновтің басшылығымен кафедра жанынан «Оқытудағы жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану әдістемесі» зертханасы ашылып, ол соңғы үлгідегі компьютерлермен, интерактивті тақтамен, мультимедиа, бейнекамера, сканермен жабдықталынып, интернет желісіне қосылды.
Оның жетекшілігімен құрылған жұмыс тобы жасаған «Студенттердің білімін бақылау және бағалау» кешенді бағдарламасы ҚР Әділет министрлігі жанындағы зияткерлік меншік құқық комитетінде тіркелген.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы біздің еліміздің ширек ғасыр ішіндегі екі жаңғырту үрдісін аяқтап, үшінші экономикамыздың әлемдік өсімінің лайықты деңгейге жетуін қамтамасыз ететін, жеделдетілген технологиялық жаңғыртылу басымдығына көшуімізді айқындап берді. Бұл біздерге, ғылым адамдарына нағыз прагматикалық, нақты әрі түйінді, еліміздің болашағы үшін тағдыршешті мәселелерді көтерген атаулы құжат болды.
Осы негізде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамытудың алғы шарттары айқындалып, осы бағытта тың бастамалар жүзеге аса бастады. Еліміздің осындай сандық технология бағытындағы өсуіне профессор С.С.Үсенов секілді ғалымдардың зерттеу жұмыстарының рөлі маңызды орын алады.
Сағидулла Сағынайұлының «Форматирование понятийной системы информатики» оқу құралы мен «Разработка, оценка качества и применение электронных ресурсов по информатике для студентов вузов» монографиясы ғылыми-техникалық дамуға белсенді ықпал етіп, компьютерлік техника негізінде жаңа ақпараттық технологиялар енгізу, электрондық есептеуіш машинаны қолдану – тек ақпарат жинауға, сақтауға, өңдеуге ғана емес, жаңа білім алуға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық технология жасауға сеп болады. Алдағы кезде замана көшінен қалғысы келмеген әрбір азамат, мамандар, ғалымдар мен студенттер ұялы байланыс, телекоммуникация, сандық ТВ, кеңжолақты интернет, ақпараттық технологиялар, Е-үкімет, Е-сауда, интерактивті жарнама және әлеуметтік медиа саласындағы өзекті тақырыптардан тыс қалуына болмайды. Бұл мәселенің түйініндегі мамандар даярлау қажеттілігіне педагогикалық көзқараспен аса мән берген Сағидулла Сағынайұлы «Информатика» мамандығы магистранттарына арнап «Педагогические измерения в учебном процессе» таңдау курсын енгізіп, оны қажетті оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты.
Жетпістен аса ғылыми еңбегі жарық көрген Сағидулла Сағынайұлы өмірінің соңына дейін «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар» кафедрасының профессоры қызметін абыроймен атқарып, үлкен беделге ие болды.
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сағидулла Үсенов педагогика саласына, оның ішінде болашақ информатик мұғалімдерді, білікті мамандар даярлауға елеулі үлес қосқан ғалым, ұлағатты ұстаз ретінде ұжымның жадында ұзақ уақыт сақталады.
Өмір – өткен күндер емес, өмір – есте қалған күндер. Есімізде жаңғырып жатқан бірге өткізген көңілге қонымды сәттер мен азаматтық болмысын айқындайтын ілкімді істері қимас сезім болып біздердің санамызда сақталса, ал дәл қазір Сағи – жан жары Болаткүлдің мұңы-сағынышы. Пенде біткен өзін толғандырған, тебіренткен мұңынан қуаныш іздесе, Болаткүлдің парасат-сабырлығымен балаларынан жұбаныш табатынына бек сенімдіміз, тілектеспіз.
Бахытхан ӘБДІКӘРІМОВ,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ проректоры,
физика-математика ғылымдарының
докторы, профессор.
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ проректоры,
физика-математика ғылымдарының
докторы, профессор.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<