Мұғалім мәртебесі

1205

0

Неменеге жетістің, бала батыр,
Ер мұғалім азайып бара жатыр.
Бүйте берсе, бір күні мектебіңде,
Кілең апай қалады, қара да тұр!..  (Мұғалімнің бүгінгі жыры)

Біздің қазақ алдынан шығып, амандасқан жас өренге «Молда бол, балам!» деп тілек айтады. Бұл «білімді бол, оқыған-тоқығаның көп болсын!» дегенге саяды. Өйткені, ілгеріден келе жатқан түсінік бойынша, ауылдағы ең сауатты адам – молда. Діни сипаттағы молда ұғымы бірте-бірте ағартушылық мәнге ие болғаны баршаға белгілі. Елдің кей өңірінде жастардың сәлемін алған үлкендер «Мұғалім бол, балам!» дейді. Бұл да сол баяғы «молда болдың» ізі.

Шынында да, мұғалім мамандықтың төресі еді. Қарапайым халыққа одан артық лауазымның керегі жоқ-ты. Ауыл болған соң, әрине, мектеп болады. Сол мектептегі жиырмашақты мұғалім бүкіл ауылдың зиялылық келбетін айқындайды. Мұғалімнің өзі де, сөзі де, жүрісі де, тұрысы да бөлек. Ауыл баласы үшін одан биік тұлға бола бермейді. Әке-шешеңнен гөрі соның айтқаны заңдырақ секілді көрінеді. Осы мұғалімдердің бәрі де өз ауылыңның адамдары. Сондықтан әйтеуір сенің бір жақының болып шығады. Бірақ осы ет жақыныңның өзі мектептің ауласына аяқ басысымен өзіңді таныңқырамай кетеді. Біртүрлі сұстылау кейіпке еніп, саған сыртын беріңкіреп тұрады. Тіпті туған жеңешеңнің өзі класқа келсе, қаншырдай қатып қалады. Кешке үйге келген соң ғана жүзіне жылу жүгіреді. Мектептің адамды осындай салиқалы күйге салып қоятын сиқыры бар.

Ал енді мұғалімнің шәкірт алдындағы беделі деген сұмдық. Оны сыйлайсың һәм сескенесің. Құрметтейсің һәм қорқасың. Жақсы көресің әрі жасқанасың. Көшеде мұғалімді көріп қалсаң, алты қырды айналып қашасың. Ешнәрсе бүлдірмесең де, бықпырт тигендей безесің. Алда-жалда асық ойнап жатқанда үстіңнен түссе, жыланға арбалған торғайдың күйін кешесің. Сенің жаныңды алайын деп тұрған ешкім жоқ. Сонда да қаралай қысыласың. Әр мұғалімнің мінез-құлқы әр түрлі. Бірақ бәрі де өз пәнін шексіз жақсы көреді. Сабақ басталғанда бәрін ұмытады. Мысалы, бізді оқытқан Бегімбет ағай географиядан сабақ берді. Әп-сәтте жатаған мектептің ауласынан шығып, қыр асып, мұхит кешіп кетеміз. Ендіктерге ентелеп, бойлықтарға бойлап, бес құрлықты түгел шарлаймыз. Тау мен тасты, теңіз бен көлді, ойпат пен қыратты сипаттағанда оның жүзі жайнап кетеді. Қаратереңнің жал-жал құмынан айналып шықпаған ауыл мұғалімі жер түбіндегі Чад көлі туралы шаттанып тұрып әңгімелейді. Ал талайлар ажал құшқан Ниагараны шабыттана суреттегенде әйгілі сарқыраманың алапат екпінін сезінгендей боласың. Асау ағынның шапшыған сәтін көз алдыңа қапысыз елестетеді. Жел жақтан бетіңе су бүркіп тұрғандай әсерленесің. Кейін Канадаға барған сапарымызда осы Ниагараға жол түсті. Арқыраған асау сарқыраманың бар болмысын Бейімбетше бейнелеген Бегімбет ағайдың сұңғылалығына таң қалдым. Мамандыққа адал болу деген, сірә, осы шығар.

Ал биология пәнінің мұғалімі Толыбай ағай тіпті керемет. Өзі өте ұқыпты адам. Үнемі мұнтаздай тап-таза болып жүреді. Киімді күтіп киеді. Жұрт «Құдай-ау, мына костюм-шалбарын осыдан оншақты жыл бұрын киді-ау деймін, көрмейсің бе, әлі жап-жаңа» деп таңдай қағады. Ал ағайдың бәтеңкесі бес-алты жылға дейін тозбайды. Жасында жоқшылық көріп өскендікі шығар, кәдімгі қарындашты әбден бір тұтам тұқылға айналғанша пайдаланады. Және жазып болған соң оны қағазға орап, қалтасына салып алады. Ауылда жазуды ең көркем әрі анық жазатын адам осы кісі. Сондықтан ауылдық кеңес баланың тууы туралы куәлігінің бәрін Толыбай ағайға толтыртады. Төлқұжаттар да біздің ағайдың қолынан өтеді. Ал өзі әр сабақты миыңа шегелеп тұрып түсіндіреді. Бір клеткалы балдырлардан бастап алып ағаштарға дейін армансыз адақтап шығамыз. Зоология оқулығының бетін ашатын кәдімгі амеба мен инфузория-туфельканы түсімізде көретінбіз. Қазір де дүкеннен туфли көре қалсақ, туфли пішіндес инфузория-туфелька мен тиянақты Толыбай ағай есімізге қатар түседі. «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығының бетіндегі тақпақтар әлі күнге дейін аға ұрпақтың жадынан өшкен жоқ. Жарты ғасыр өтсе де ұмытылмаған көбейту кестесін айтсаңшы. Ол кезде оқулық та, оқытушы да сапалы еді. Мұғалім мектепте тұрақтайтын. Жас ұрпақ шетінен мұғалім болғысы келетін. Оған мүмкіндік те мол еді. Барлық облыстың орталығында педагогикалық институт бар-ды. Жас түлектер оқу бітіріп келіп, мектепте жылдар бойы жұмыс істейтін. Оның өмірінің мәні де, сәні де сол білім ошағы болатын. Айқара ашық тұрған кітаптың бейнесі бар ромбигін үш-төрт жылға дейін өңірінен түсірмейтін. Соны бүгінгі орден-медальдан кем көрмейтін. Мұғалім мектепке киетін киімімен ғана сенің көз алдыңда тұрады. Өмірі қыры сынбайтын шалбар. Жағасы крахмалға малынған ақ көйлек. Оның үй киімімен жүрген кезі көп елестей бермейді. Қазақ қоғамында осынша беделге ие болған мұғалімдер уақыт өте келе қатардағы қарапайым кісілерге айналды. Бүгінде жұрт амандасқан жастарға «Мұғалім бол, балам!» деп айта қоймайды. Ал алда-жалда алдыңнан шыға келіп, қос қолын ұсынған балаға баяғыдай «Молда бол!» десең, саған біртүрлі күдіктене қарайды…Мейлі… Біз, бәрібір, мұғалімге бас иеміз! Мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты ұстаздар!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<