Мұқтаждық һәм миллиард

1261

0

Қазалыдан шыға бере алдымызда тақтайдай тегіс жол. Зулап келеміз. Осыдан 3-4 жыл бұрынғы шұрқ-тесік асфальттің ізі де жоқ. Екі жыл бұрын жөнделген жолдың рахатын мұндағы көлігі бар жұрт көріп жүр. Әне, алдымыздан «Әлсейіт» көпірі көрінді. Дарияның арғы бетіндегі біздің елге әу бастан осы көпірмен өтетінбіз. Бірақ қазіргі емес, қалқымалы қайықтан құралған еді онымыз. Бүгінде оның қарасы да жоқ. Үкімет үш жыл бұрын өзен үстіне темір- бетонды көпір салды. Енді бұрынғыдай кібіртіктеу жоқ. Біз мінген жеңіл көлік жылдамдықты тіпті азайтпады. Жаңа көпір үстінен сыдыртып өте шықтық. Ал менің есіме…

…Бір топ әйел шу ете қалған. Екі сөзінің бірі «біссіміллә». Автобустың ішінде ғой. Орта тұсына келе бергенде, көлік қисаң ете қалды. Сірә, артқы дөңгелек тайып барып түзелді-ау. «Алла» десті жаңағы топ қатын. Манағы шу енді күбірге, сыйынуға ұласты. Мұндайда шофер ғана сабырлы. Үйренген сияқты. Расында күнде өтіп жүрген көпірі ғой. Ал мына автобустағылар – айына бір базарлайтын ауыл тұрғындары. Дұрысы, Бекарыстан би ауылында тұратын ағайын.

Неге екені белгісіз, мейлі, ол шофер Жагор не Болат болсын, кімнің көлігі болса да, әйтеуір кемпірлер автобустан түспейтін. Кішкентай балалар да солай. Естиярлар ғана автобустан түсіп, оған салмақ салмайтын. Неге олай? Өйткені, біз осы автобуспен қалқымалы көпір үстінен өтіп, аудан орталығына барамыз. Иә, кәдімгі су бетіне қатарластыра он-он бес темір қайықты тізбектеген, үстіне кеселей төсеген жалпақ, қалың ағашы бар көпір. «Әлсейіт» деп аталатын.

«Ау, бұл неге «Әлсейіт» аталған?» дейтін жұрт аз бүгінде. Жастар біле бермес. Мен де білмейтінмін. Бірақ, ақсақалдардан алып қалған әңгіме еске түсті. Онда да жаңағы темір-бетонды көпірдің үстінен өтіп бара жатып, ойды ой қуғаны.

Әлсейіт – заманында ұста болған адам. Дарияның екі жағын жайлаған көп ауылдың алыс-беріс қатынасы болары белгілі ғой. Мұндайда судан өтетін өткел керек. Екі жақтағы қатысып отырған ағайынға ыспа қайық жасап, халық сауабына қалған осы кісі. Кеңес заманында Әлсейіт таңдаған, қайық түсірген өткелге қалқымалы көпір түсті. Ал үш жыл бұрын мұнда тамаша көпір салынғаны белгілі. Әлсейіт атын иемденген баяғы өткелдің ізі халық санасында осылай қалды. Көпір солай аталып тұр.

Айтпақшы, жаңа көпір ашылғанда осындағы жұрттың қуанышы екі еселенген. Қуанбай қайтсін, талай жыл азабын тартса. Жалғыз Қазалының бес ауылы емес, көрші Арал ауданының Қаратерең, Жаңақұрылыс, Қызылжар, Шөмішкөл, Ақшатау сияқты ауылдары осы «Әлсейіт» арқылы Қазалы, одан әрі облысқа шығып жүр.

Әне, ауыл көрінді. Туған жерге кеп қалдық.

***

Түс ауа қарашаңыраққа жетіп жығылдым. Жолсоқты болған соң ба, жеңгейдің бір-екі шыныаяқ шайынан соң маужырай бастадық. Сол қисайған күйі қатып ұйықтаппын. Оянғанымда сағат тілі кешкі жетіні көрсетіп тұр.

– Ет пісіп қалды, қол жуа ғой, – деді жеңгей.

– Қашан үлгергенсің?

– Ау, өзің келе жатырмын деген соң қазанға әлдеқашан салғанбыз.

Осылай деген жеңгей төртбұрышты, жерден сәл  биік шай үстелге дастархан жая берген…

Қыстан қалған сүр еттің дәмі бөлек. Танауды қытықтайды. Қолды еркін салып, біраз қаужаңдағанбыз. Екі кесе майлы сорпадан соң асқазан міндеті орындалғандай.

– Мен Шарханға барып қайтайын, – дедім кешкі астан соң қол жуып жатып. Бала күнгі досты көрмегелі көп болған еді.

– Ее, мейлің, – деді шаңырақ иесі ағам.

– Төсекті төргі бөлмеге салып қоярмын, – деді оған қосарлана жеңгей де.

Ауыл ортасын кесіп ағатын «Қара арықтың» жиегімен келемін. Бір ғажабы, мұнда баяғы жабайы жол жоқ. Кедір-бұдыры түгел тегістеліп, асфальтталған. Тіпті бұрынғы тас қараңғы көшеге үйренген басымыз тізіле орналасқан жарықшамды да жатырқағандай.

Арасы үш үйден соң тұратын Шархан мені есік алдынан қарсы алды. Әдеттегідей құшақ жая ұмтылды. Екеуміз титімдей кезден біргеміз. «Ішегін сүйретіп ойнайтындардың» қатарынан едік. Мектепте бір сыныпта оқып, сабаққа бірге барып, бірге қайтқан достың қадірі бөлек. Қазір екі баланың әкесі бұл.

– Ауыл өзгеріпті-ау, – дедім мен амандық-саулықтан соң.

– Айтпа, – деді ол күліп. – Өзіміз де олай ойламадық. Қазір үйдегі қой-ешкіні өріске қосарда жаңа асфальтпен айдап барасың. Солай.

– Ауылдағы барлық көшеге төселді ме сонда?

– Солай десе де болады. Тіпті «Шәйлаға» да. Қызығасың.

– «Шәйла» деймісің?

Шархан айтқан, ауыл шетіндегі бұрынғы сиыр фермасының орны көз алдыма келді. Мұнда да 20-30 шаңырақ отыратын. Ал көшелері көше деп айтуға келмес. Ойдым-ойдым жолы барын білетінмін.

– Иә. Ой, асфальт бірінші соларға түсті ғой. «Шәйләң» қазір баяғы шәйла емес. Қос көшесіне жол төселіп, жарық орнатылып, сол жақтың қатындары кешке байларын қолтықтап, серуенге шығатын көрінеді, – деді сөз соңын әзілге шаптырып.

– Ее, Шәке, сен де Гүлзаураны жетектеп, жарық әрі асфальт көшемен әрі-бері алшаңдамаймысың?

Бұл сөзіме ол қарқылдап күліп жіберді.

– Ауылдағы бізге ұят-ты. Романтиканы қалада жүрген өзің қолдана бер, айналайын…

Досым осыны айтып, тағы да күле берген.

Байырғы жұрт «Карл Маркс» дейтін менің ауылым құжатта «Майдакөл» ауылдық округі деп аталады. Мейлі ғой, бірақ, бір қуанарлығы, Тәуелсіздікпен бірге туған кейінгі толқын «Бекарыстан би ауылынанбыз» деп сөйлейді.

Бекарыстан би – Қазалыдағы ең үлкен елді мекен. 500 түтіні бар ауылдың басты кәсібі – мал мен егін. Одан бөлек, бақша егіп, бау ұстайтындар да жетерлік. Диқан халық. «Қотанкөлден» балық аулап, «Қопакөл» мен «Астаукөлден» шөбін шапқан шаруа ел. Беймарал тірлік кешкен сондай бір жақсы жұрт.

Ауылда өмірі жөндеу көрмеген, ала шаңдағы шыққан көшелер бар-тұғын. Оның бір қиындығы, жаңбыр сәл сіркіреп өтсе, саз аралас қара топырақ ми батпаққа айналатынын қалай ұмытамыз? Иленген балшық қытайлық сапошкіңді жібермей, аяғыңды сілкіп тартқанда табаны қақырап, батпақ арасында қала беретінін сонау шеткі «Жабағылыдан» мектепке қатынайтындар жыр ғып айтып берер еді.

Еске түссе, күлеміз-ау. Сондай қиын күндер болған. Енді оның бәрі артта қалды. Шарханның айтуынша, қазір ауылда он көшеге асфальт төселіпті. Оны жағалай баған қойылып, басына шам орнатылған. Мектеп жөндеуден өтіп, барлық үйдің жанына таза ауызсу құбыры жеткізілген.

– Қонекеңнің айтуынша, біздің ауылға миллиард теңге бөлінген, – деді Шархан тағы да. – Он көшенің асфальті былай тұрсын, қараңғыда үлкен жігіттерден талай таяқ жегеніңді ұмытпаған шығарсың. Қазір кеш батса болды, жан-жағың жап-жарық. Барлық көше жарық болған соң, қорқыныш та жоқ. Айтпақшы, қолдағы азын-аулақ мал-текесін ұрыға алдырып қоятын момын жұрт әр елде бар емес пе? Көшеде жарық түсіп, төбеңнен шақырайса, мұның өзі арамқолдыларға көп кедергі. Біздің үйдегі екеуі де кешкі сабақтан соң жарық көше, таза жолмен үйге қайтып жүр.

Шарханның Қонекеңді мақтайтындай жөні бар. Қонекең кім десеңіз, ол – ауыл әкімі. Арамыз 4 жас болса да, аралас-құраластығымыз жоқ емес еді. Өйткені, бұл жігіт те шығармашылыққа өте бейім. Әдеби кітап кеміргенімен қоймай, ән салып, кейбір музыкалық аспапта ойнайтыны бар.

Шархан айтқан миллиард теңгенің анық-қанығына ертеңіне көз жеткіздік. Онда да Қонекең – Қонысбек Құрманбаевтың өзі айтып берді. Расымен, ауылға 1 миллиардқа жуық қаржы бөлініпті. Мұндай сома қайдан келді десеңіз, Үкімет қабылдаған «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бізге таныс. Әрине, журналистік жұмысымызда мұндайды талай насихаттағанбыз. Осы бағдарлама ішіндегі «Ауыл – ел бесігі» жобасы күйі қашқан көп ауылдың еңсесін тіктеп келеді. Қаржы көзі осылай келген.

– Көше жолдарын жаңартуға 582 млн теңгеден астам қаржы берілді. Ауыл ішіндегі 10 көше жөнделді. Айтпақшы, осыны өзің де ақпараттандырып едің ғой, – деді әкім маған қарап.

– Иә, – дедім мен кібіртіктеп. – Аудан әкімінің баспасөз хатшысы арқылы мәлімет алдырғанмын. Көзбен көрмеген соң бәрі бекер ғой, Қонеке. Ауылға келген соң анығын білгім келді.

– Оның жөн, інім. Сен де осы елдің бір ұлысың. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дейтін бе еді? Туған елдің базынасы болса, оны да көтере білу – сені мен маған әрі біз құралпы жастарға үлкен міндет. Қазір ауылдағы С.Сейфуллин, Қ.Сариев, Ә.Нұрпейісов, З.Қалиева, Ү.Түктібаев, М.Ізмағанбетова, Қ.Мәкенов, Ғ.Мұратбаев, А.Нағметов және Ә.Тілеубаев көшелеріне асфальт төселді. Ауылдың бірлігін қарасаңшы. Сол кезде жол салушы мердігерден кеткен кемшіліктер тұрғындар тарапынан айтылып жатты. Оны өзіміз де бақылап, жұмыс барысында түзеттіріп отырдық, – деді әкім тағы да.

Әкімнің сөзінше, әдепкіде осынша қыруар ақша ауылға келе ме деген күдік болыпты. «Әй, қайдам» десіпті ағайын. «Көп шаруаны атқарамыз» деп айтқан атқамінерлердің ауылдағы мәселеге келгенде тұралап қалатыны өтірік емес еді. Мұндағы жұрт соны уайымдаған. Әйтпесе, сенімге селкеу түсіретіндей өзге оқшау ой қарапайым халықта қайдан болсын?

Қош, қаржы бөлініп, қандай шаруа атқарылды десеңіз, Қонекеңнен естігенімізді біз де тізбектеп айтып көрейік. Жоғарыда айтқандай, Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 930,4 млн теңге бөлінгені белгілі.

Әуелі мектеп жөнделген. Бұрын ішінара жөндеу жұмыстарына қаржы қаралғанымен, шатыры көнерген мектепке 50 млн теңгеден астам ақша беріліпті. Екі қабатты үйдің  төбесі түгел жаңарды. Жаңбырлы күні «сыздықтаған су қай маңнан тесіп өтіп, төбемізге тамар екен?» деген уайым енді бұл білім мекемесінде болмаса керек-ті.

Бұл ауыл көптен күткен жаңалықтың бірі – ауызсу. 170 млн теңгеге жуық қаржы берілді. Жоба бойынша 464 тұрғын үйге және 6 мекемеге ауызсу сервистік желісі  тартылыпты. 154 құдық  орнатылған.

Айтпақшы, Бекарыстан биде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша үш көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынған. Оны да әкімнен естідік. Барлығы үш шақырымды құрайтын тротуарға 45 млн теңгеден астам қаржы берілген. Мұның жұмысын ауыл жігіттерінен құрылған 2 бригада істеп, қосымша табыс та тапқан.

– Ауылды аралап шықтың ба өзі? – деді әкім жоғарыдағы ақпаратты тәптіштеп айтып тұрып.

– Иә, кеше Шархан екеуміз біраз жүргенбіз. Тура қаладағыдай етіп қойыпсыздар. Жан-жағымыз жап-жарық.

– Иә, жоспар бойынша атқарылды. Трансформаторлар ескірген еді. Жаңадан екеуін қойдырдық. Жалпы бұған 130 млн теңгеге жуық ақша жұмсалды. Бір тиын шашау шығармастан Ү.Түктібаев, Ә.Тілеубаев, Қ.Мәкенов, А.Нұрпейісов, З.Қалиева, Ғ.Мұратбаев, С.Сейфуллин, Қ.Сариев, М.Ізмағанбетова, А.Нағметов көшелеріне баған қойып, шамын жақтық. Не керек, көп дүниеге мұқтаж едік. Орындалып келеді ол да.

– Ізмағанбетова деймісіз? Бұрын-соңды естімеген көше атын таңырқай сұрадым.

– Иә, Маржан апамыздың атындағы көше. Атақты сауыншы. Сендер мұны білмеулерің мүмкін. Мен де өз әкемнен естігенмін, содан кейін өзіміздің елден шыққан еңбек адамдарын тани бастадым. Өйткені, ол замандарда мен де, сен де баламыз немесе әлі өмірге келе қоймадық, – деді жымиған күйі ол.

– Оның рас. Бүгінде бұрынғылардың үлгі-әдебін насихаттау жағы кемшін. Мен де өз ойымды осылай алға тартқанмын.

– Қосыламын. Бірақ, қандай да бір шара не қонақта отырайын, әйтеуір, туған өлкеге еңбек сіңіргендер жайлы кеңірек айтып жүремін. Жаңа Маржан апамыздың атындағы көшені сұрап қалдың. Соған қатысты қызық оқиға да бар. Тыңдаймысың.

– Уақыт жеткілікті оған, Қонеке.

Солай деп бас шұлғи бердім. Әкім әңгімесін бастай берді. Мен де құлағымды тосқанмын.

***

Ілгеріде өткен оқиға бұл. Адамның көңілі кең уақытта болған жайт еді. Мейірім құны жойылмаған кездегі хикаяттан дәм татыңыз ендеше. Қонекең айтқан әңгімені қалам ұшымен жеткізіп көрелік.

Жоғарыда айтқандай, біздің ауыл бұрын К.Маркс атындағы совхоз аталды. Күріш те егетін, мал да бағатын. Қаба сақал көсем атын иемденгенмен, нағыз қазақы ауыл болды. Адамы бейнеткеш, жері құнарлы өлке. Кейіннен сақалды көсемнің күні тайды да, Бекарыстан би ауылы атандық. Тәуелсіздіктің арқасы еді мұның бәрі.

Бұрынғының сүйегі асыл. Бүгінгімен салыстырсақ солай. Қазіргінің бәрі тас емендей қатты. Жүрегі жылымайды. Жаны ашып жүргені аз. Осылай да осылай. Иә, мұндай жорға сөзбен сіздің басыңызды ауыртып қайтеміз, әкімнен естіген әңгімені баяндалық, оқырманым.

«Король» – фермадағы ең сүтті сиыр еді. Сонысымен ғой «Король» атанғаны. Желіні бұлақ дерсің. Маржан апа сауса, тіпті шелегі меймілдеп толып келеді. Неге екені белгісіз, Маржан апа мен «Король» арасында өзара түсінісетіндей тым жақындық бар. Аса ыстық. Апа қасына бара сала оны еркелетеді, сауырынан сипайды. Анау да соған бейіл. Құлағын қағып-қағып, көзі мөлие мөңірейді. Ықыласы бөлек бір-біріне. Фермаға алғаш келгелі бұл сиыр тек Маржан апаның шелегін лық толтырушы еді.

Сауыншының еңбекқорлығы тым бөлек. Ауылдың «Шәйла» деген бөлігінде фермада озаттар қатарында. Соның арқасында шығар, талай жиналысқа делегат атанып, құрметке ие болғаны. Ана жылдары бірінші басшы Қонаевтың өзімен дидарласқаны бар. Қонаев та еңбек адамын қалай қадірлеуді біледі ғой.

Содан бері бірнеше жыл өткен. Ауылға кіреберіс жердің оң қапталын ала малшылар үйі түсті. Ферма да жаңартылды. Сауыншы мен малшы ағайынның айы оңынан туғаны бар. Тауарлы-сүт фермасын Кітабия Құрманбаев басқаратын. Таң азанмен Маржан апа бастаған қыз-келіншектер осында ағылады. Дәмегүл, Зина, Ұлман, Зейнеп, Ұлбике, Жақсыбике, Қанзира, Талмагүл, Гүлдерай, Рабиға, Әліп, Дәмегүл, Қансұлу сияқты сауыншылардың шелектері ертемен салдырлай дыбыс шығарады. Сауыншылардан соң сиыршылар мүйіздінің бәрін өріске айдайды. Данағұл, Шамаран, Айжігіт, Айдулла, Қалмаш, Орынбасар, Ақберген, Бөкенбай сынды ағалар осы жұмыстың басы-қасында.

Осындай қым-қуыт, тынбайтын, толассыз шаруа барысында адам жанын тітіркенткен жайт болған. Иә, кейінгі жылы «Король» қартайып еді. Сүті де қашыңқыраған. Бірақ әлі де шелекті толтыруға қауқары бар. Маржан апа ғана сауса солай.

Әдетте, қартайған сиырдың көбі етке өткізіледі. Үкімет тапсырмасы бұл. Соған сәйкес «Корольдің» де бұл кезде күтімі күшейген. Жем-шөбі мен суы үзбей беріліп, қоңы да қалпына келе бастады.

«Мына «Корольді» етке өткізетін уақыт болды. Байқаңдар, Маржан апа көрмесін. Сойғызбасы анық, әйтпесе». Завферма Кітабияның шешімі бұл. Бәрі үнсіз келіскен. Олай қылмасқа амал жоқ, Маржан мен сиыр «Корольдің» бір-біріне ықыласын мұндағылар әбден білетін.

Бәлкім түн, бәлкім түс, онысын кім білген, бірақ, сүтті сиыр сойысқа жығылды. Екі-үш жігіт нұсқау бойынша бір сағат ішінде бұтарлап үлгерген. Тұздалған теріні жайып тастады.

Ертеңіне болды қызықтың бәрі. Қыз-келіншектер «Корольдің» орнында жоғын байқаған. Маржан апа көрсе, не болмақ? Бәрі іштей білсе де, озат сауыншыға айтуға батылы бармады. Бұл кезде жаулығы ағараңдап Маржан апа да көріне берген.

Енді қызық емес, шыжық басталды. Сиырдың орнында жоғын байқаған Маржан апа состиып сәл тұрған. Өңі құп-қу. Завферма Кітабияның бетіне жалтақтап қарай береді.

– «Король» қайда?

– Сойыстыққа кетті. Етке өткізетінімізді білесіз.

– Құдой-оуууу! Қолындағы шелек даңғырлай жерге түсіп, әудем жерде аунап жатты.

Талай жыл сауған сүтті сиырына адамша бауыр басқан Маржан апа дауыс сала жылады. «Ақұдайым-ау, ақ Королім-ау, кеткенің бе шынымен…» Кәдімгі жоқтаудың мақамына салып, сыңсиды Маржан апа.

Қасындағы қыз-келіншектер үнсіз егіледі. Мал жайын ұғып өскен ауыл азаматтары бұл көрініске шыдамай, теріс айналып та жатты…

– Еңбегімен еленген Маржандай анамыз өз кәсібіне осылай шын берілген деседі. Соның өтеуіндей болып, біздің елде Маржан Ізмағанбетова атында көше де бар. Міне, енді сенің сұрағыңның жауабы, – деп Қонысбек те әңгімесін аяқтаған.

Ал мен ойымда «Атакәсіпке деген сүйіспеншілік пен төрт түлікке деген құрметті білер ұрпақ бүгінде бар ма екен?» деген сұрақ қылаңдай берген.

Ертеңіне облыс орталығына қайтуым керек. Егін орағы мен жиын-терім уақыты басталғанда, оларды үздіксіз ақпараттандыру мен істейтін басылымның басты міндеті еді.

Түнде сыртқа шықтым. Таза ауа жұтпақ ниетпен. Әне, көше жарығы үйіне дейін түскен көрші қария жан-жағына сүйсіне қарайды. Қарайды-дағы бас шайқап, ырза кейіппен әлдене деп күбірлейді. Сәл үнсіз тұра қалыңыз да, тың тыңдаңызшы. Ақсақалдың сондағы күбірі мынау. «Ай, Үкіметтің атасына рахмет». Біз не дейміз мұндайда?! «Елге болсын» деген ерлерге алғыстан өзге айтарымыз жоқ.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<