Қазалы қаласында көне тарихтың куәсіндей ғимараттар баршылық. Солардың бірі қайта жөндеуден өткізілген республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіш – Нұралы мешіті. Бұл мешiттi 1915 жылы саудагер Мүрәлiм Меркемалов қыш кiрпiштен салдырыпты.
1937 жылға дейін мешіт болып жұмыс істеп, Кеңес үкіметі кезінде әскери казарма, сосын емхана қылған. Мешіттің намаз оқитын үлкен бөлмесі бірнеше бөлікке бөлініп, түрлі мекемелерге айналып, клуб, емхана, спорт мектебі, дәріхана болған 1990 жылы жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, 1991 жылы қайта мешiт болып ашылды. 2010-2012 жылдары Нұралы мешітіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 2016 жылдың 21 наурызында мешіттің қайта жаңғыртудан кейінгі ашылуы қарсаңында мешіт қызметкері Барахат Жапақұлы ХХ ғасырдың басында жасалған темірден құйылған күрек тапқан.
– Мешіттің ауласында тазалық жұмыстарын жасайын деп сыртқа шыққанбыз, қазып жатқанымда 1 метрден төмен тереңдіктен осы күректі таптым, жер астында жатқанына ұзақ уақыт болған. Сыртын тот басып кеткен, мешіттің құрылысы басталған уақытта ұстаның пайдаланған құралы болса керек, – дейді молда Барахат Жапақұлы.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, археолог, тарих ғылымдарының Рhd докторы Әзілхан Тәжекеевпен, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тәттігүл Қартаеваның пайымдаулары бойынша, күрек бір ғасыр уақыт бұрын жасалған. Ерекшелігі, оның еш жері бекітпелермен бекітілмеген. Ұста қолынан шыққаны көрініп тұр.
Жер астынан табылған жәдігерді Барахат Жапақұлы өз қолымен Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне тапсырды.
Әлібек СЕРАЛЫ,
Ғани Мұратбаев мемориалдық
музейінің қор сақтаушысы,
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<