Нан қадірі

2922

0

Нан қиқымын шашпаңдар,

Жерде жатса, баспаңдар.

Теріп алып, қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар, –

деген тақпақты бала күнімізде бәріміз жаттап өстік. Үлкендер қиқымын «бай боласың» деп алақанына салып, аузымызға тосатын. Нанның қадірін ұғындырып,  кез келген жерге тастамауға үйретті. Әсіресе, әжелеріміз «жерде нан жатса, теріп алыңдар», «адам аяғы баспайтын жерге қойыңдар, ит-құс жеп кетеді», «Нанды бір қолыңмен үзбе», «Нанның үстіне ештеңе қойма» деп ескертіп отыратын. Осылайша кішкентай кезімізден ас атасын  қастерлеуді санаға сіңірді.

Ашарлық кезінде бір үзім нанға жете алмай жаны пида болғандар туралы оқыдық. «Бір уыс бидайды талғажау етіп күн кешкен» деген тіркес әдеби шығармаларда жиі кездеседі. Ұлы Отан соғысы кезінде де аналарымыз егіс алқаптарында бел жазбай еңбек етті. Үйдегі  шиеттей бала бір таба нанды бөліп жеп, ержетті. Сондықтан қиын-қыстау кезеңді бастан кешірген ата-бабамыз өскелең ұрпаққа ас атасын қадірлеуді  өсиет етті.

Ал, қазір ше қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк заман. Бір үзім нанға зар болған уақыт ұмытылды. Дүкен сөрелерінде қара, ақ, тіпті турап қойғанына дейін самсап тұр. Көше бойындағы қоқыс жәшіктерінен қалай болса солай тасталған тағамдарды, нан қалдығын көргенде жаның ауырады.

Жақында туысымыз қоныс тойын тойлады. Көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан пәтер алыпты. Ағайын-туыс, дос-жаран жиналып, жақсы отырыс болды.  Дастарқан жайнап тұр. Құс сүтінен басқасының бәрі бар. Кісі аяғы басылғаннан кейін жастар жағы  жинауға  қолғабыс етті. Үлкен кісінің бірі  нан қалдығын сұрады. Құс асырайды екен. Үй иесі қалған тамақ пен нан қиқымын қоқысқа тас­тап жібергенін айтты.

Сол-ақ екен әлгі кісі ашуға мінді. «Тоқ заманда өмір сүріп жатсыңдар. Нан қадірін білмейсіңдер» деп қынжылды.

Әлеуметтік желілерде тортты туған күн иесінің  бетіне жағып, тойлағандардың  бейнеүзіктерін жиі көріп жүрміз.  Торт та – нан. Нанды осылай мазақ етуге бола ма?! Құрбы-құрдас бір-бірінің бетін тортпен былғағаны аздай, жақында анасының бетіне торт «кигізгенді» де көрдік. Парықсыз ұлдың қылығын бүкіл әлеу­меттік желі айыптады.

Шерхан Мұртазаның «Ин­тернат наны» әңгімесін оқы­ғандар жақсы түсінеді. Онда: – «Нан» деген сөзді естігенде, ұйқы шайдай ашылады. Жеті түн ішінде таң атып, күн шығып, он жетімнің тар бөлмесіне нұр шашырағандай болушы еді. «Нан» деген сөз – алыстағы ауылдан апаң келіп тұр дегенмен бірдей еді. Айында-жылында ауылдан апаң келгенде кіші қалта талқан, бірер таба нан әкелер еді. Іні-қарындасыңның аузынан жырып әкеп тұрғаны еске түскенде, талқан тамағыңнан өтпейді-ау», – деп жазады жазушы.

«Дастарқаныңнан  нан үзілмесін» деп бір-біріне ақ тілегін арнап, сол дастарқаннан ауысқан нанды қоқысқа тастай салу – ырысты ортайтатын, обалды ұмыттыратын әдет. Ойланайық!

С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<