Қарттың орны «Қарттар үйі» емес

1663

0

Сурет ашық дереккөзден

Қартаймайтындай, жүзімізден әр таймайтындай жүретініміз рас қой бәріміздің. Қарт деген үйіңдегі әзиз әжең мен ақсақалды атаң емес пе? «Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деп бекер айтылмаған.

Қарттар үйіне әркім әртүрлі себеппен келеді. «Адам басы Алланың добы» деген даналар сөзі еріксіз ойға оралады осындайда. Қарттар үйін қарашаңырағындай көрген қариялардың кейпінен тағдыр талқысына амалсыз көндіккен шарасыздықты көресің. Көресің де өмірге өкпе артасың. Оларға әр мереке сайын концерттік бағдарлама қойылып, құрмет көрсетіледі. Қызмет көрсетушілер, медбикелер көңілін бағып жатса да жүректерінде бір мұң бары жүздерінен аңғарылады. Ащы да болса ақиқаты осы.

Дегенмен мұнда да өмір бар. Көңіл жарастырып, бас құрағандар да кездеседі. Солардың бірі – Балта Естібаев пен Раиса Зощенко. Бірі – Аралдан, екіншісі – Шиеліден. Бірге тұруға бел байлаған. Жағдайын білдік, хал сұрап, сұхбаттастық.

– Алдағыны Алла біледі деп отыратын бұрынғылар. Осы сөзге көңілім тояттайды қарағым. Мен де жас болдым. Өз ортам, отбасым болды. Үйлендім, жар сүйіп, қуанышын көрдім. Ұзақ жыл техника тізгіндедім. Үш ағайындымын. Жасым келіп, жалғыз қалғанда бір өзің тұру қиын. Алғашында апамның үйінде болдым. «Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» деген. Содан осы орталыққа келуіме тура келді. Мұнда жағдайым жақсы. Ішер ас, жатар орным дайын. Медбикелер зыр жүгіріп жүр. Күнделікті тексеріп тұрады. Орталық қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Балта қария.

Әлқисса, «№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мәліметіне сүйенсек, орталық 280 орынға арналған. Оның ішінде стационарлық жағдайда тұрақты тұруға 180 орын, жартылай стационарлық жағдайда 100 орын бар. Қазіргі уақытта мекемеде стационарлық жағдайда 165 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Оның ішінде 128-сі ер, 37-сы әйел. Орталықта 4 тыл ардагері, 6 отбасылық жұп, 6 ұлт өкілі тұрады. Ең жасы үлкен қызмет алушы 90 жаста болса, ең жас қызмет алушы 39 жаста. Мұнда қарттардан бөлек мүмкіндігі шектеулі жастар да бар.

Қарттар үйі сапалы заманауи медициналық құралдармен жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қызмет алушылар үшін арнайы емдік, денешынықтыру, оңалту кабинеттері бар.

Орайлы тұста «Қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп директоры Жаннат Сәдуақасованың ойын білген едік:

– Халқымыз әрбір шаңырақтағы қарт кісілерді баға жетпес байлыққа теңеген. Құндылықтар ішінде отбасы құндылығына терең мән беріледі. Отбасында атаның өзіндік орны болса, әженің де рөлі өзгеше. Осындай үлкен құрметке ие болатын уақытта қадірсіздің күйін кешіп, қарттар үйін паналап жүргендер көңілге қаяу түсіреді. Бір шаңырақ астында бала тәрбиелеп, бар ықыласын аямаған ата-анасын бабаларымыз қашан өзгенің қолына жәудіретіп тастап еді?! «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» дейтін үлкеннің алдын кесе өтпейтін тәрбиеміз қайда қалды? Соңғы уақытта Қазақстанда қарттар үйі көбейіп келеді. Мектепте тәрбие сағаттарында ата-ананың қадір-қасиеті туралы сөз қозғалып, терең айтылады. Жат қылық батпандап бойымызға сіңіп кетпеуі үшін ұлттық тәрбиені күшейту қажет. Әрбіріміз өз келешегіміз үшін мейірімді қоғам орнатайық, жылулық сыйлайық, қарттарымызды құрметтейік, – дейді Жаннат Мылтықбайқызы.

Шыныменен қарияларға көрсетілер құрмет түгесілмеуі керек. Қарттар үйін паналамауы үшін бала тәрбиесі мектеп жасынан берілуі керек-ақ.

– Қарттар үйі бүгінде күрделі әрі өзекті тақырыпқа айналып отырғаны өкінішті жағдай. Олардың барлығы қадірсіз деуге болмайды. Әрбір қоғамда, әр уақытта өзгеріс болып тұруы заңдылық. Кешегі кеңес заманы мен бүгінгі тәуелсіз еліміздегі идеологиясы әрқилы. Қарттарды құрметтейтін де, қадірлейтін де, мүдделерін қорғайтын да ең әуелі әулеті, өз балалары, сосын мемлекет. Ал бала тәрбиесі ұлттық құндылыққа байланысты. Тәрбие қайдан шығады? Тәрбие мектептен қалыптасады. Тәрбие ұжымнан беріледі. Қарттар үйі шет мемлекеттерде де бар. Олардың түсінігі бойынша зейнеткерлікке шыққан соң қарттар үйінде тұрады. Ал біздің менталитетіміз мүлдем басқаша. Біз мұсылман халқымыз. Қарттар үйін жабу керек деген пікірлерде айтылып жүр. Әр бала өз ата-анасын бағу керек, әрине. Бұл құптарлық іс. Жастарымызды ізгі тәрбиеге баули білсек келешекте қарттар үйі болмайды деп есептеймін, – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев.

Қазақ ұғымында қарттың орны қарттар үйі емес отбасының ортасы болған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<