Ол теңіз ортасындағы Ұялы аралында, бір кездері көкжал толқындар жан-жағынан асыға жететін, асыға жететін де ару жағаға жеткендеріне шаттана аспанға ақ көбік ататын құт мекенде, аймаққа құс базары ретінде танылған, құстың неше атасы ұрпақ өрбітетін қасиетті Ұялы ауылында, аты аңызға айналған балықшылар мекенінде өмірге келген болатын.
Адамзат тарихындағы аса бір қанқұйлы соғыстың – ІІ жер-жаһандық соғыстың біткеніне бес жыл толып, ел енді ғана еңсесін тіктей бастаған кез болатын. Жұмыста жүрген әкеге «Әйелің қошқардай ұл тапты!» деген сүйінші хабармен бірге «Сәбидің атын өзі қойсын», – деген сәлемдеме қабат жеткен еді, 12 мамыр күні. Қуаныштан есі шығып кеткен әке: «Қошқардай» дей ме?» дегенді қайталай беріпті. Сүйінші беріліпті, хабаршы дуылдаған көп адамның ішінен оның қайталап айтып отырған сөзін жөнді ұға алмай, «Аға! Баланың атын – Аққошқар қоямын дейсің бе?», – десе ол: «Иә, солай болсын. Құдай аузыңа салған шығар» – деген көрінеді.
Ее… ол да бір заман екен. Болашақ сазгер-ұстаз Аққошқар Сералиевтің балалық шағы өз тұстастары сияқты қаражоңқа қоңыр тіршілік аясында өтті. Қосшегендегі төртжылдық мектепті бітірген жылы Мұратбай ағайлары зейнетке шықты, бұлардың әрқайсысына бір-бір дана «Халық мұғалімі» журналынан беріп тұрып: «Сендер бастауыш мектепті бітірдіңдер. Бұрынғы кезде бұл әжептәуір білім болатын. Ал, білім деген ұшан-теңіз сынды, соны түсінген, қиындығына төзе алған ғана еліміздің адал азаматы болып шығады. Сендер біздің болашағымызсыңдар, осыны есте ұстаңдар», – деген еді.
Жазғы каникулда ептеп домбыра шерте бастады. Үй төрінде аралдықтар түрікпен домбыра атандырған мойны ұзын домбыра ілулі тұрғанмен, әкесі оны ұстауына тыйым салған болатын. Оның да себебі бар екен, балалық құмарлық деген маза бере ме, әкесінен бірде сұрағанында «Балам, теңіз жағалай отырған елде небір керемет домбырашылар болды, ой, несін айтасың, дүлдүлдер еді ғой олар шашасына шаң жұқпайтын, көбі кешегі бір кезде ұсталып кетті. Менің Пірімбет атты балам көрерге көз керек сымбатты, сері жігіт болып өсіп еді. Жыр да айтатын, күй тартуы тіпті ғаламат болатын, ал ән салғаны ерекше бөлек еді. Сонау жылдары біздер бірнеше жыл түрікпендер арасын паналадық, заман солай болды ғой. Сол елде оған тең келетін өнерпаз жоқ еді. Көз өтіп, он жетіге толар-толмасында өмірден озды. Айналайын, көзге түсіп, елден озбай-ақ қой, амандығың жақсы. Домбырашылық бізге жаға қоймайды», – деген болатын. Бірақ, баланың аты – бала емес пе, әке ауылда жоқ кезде домбыраны үйден алып кетіп, құмның арасына барып тартып жүріп, үйреніп алды, даусын қосып, ыңылдап ән айтып та көрді.
Бесінші, алтыншы сыныпты Ұялыда оқыған ол мектептегі көркемөнерпаздар ұжымының мүшесі болды, ауданға белгілі орденді балықшы Қапаш ағасының үйінде жатып оқыды. Ол бұл кезде біраз есейіп қалған болатын, демалыс күндері балықшыларға еріп, теңізге де шығып жүрді. Ұялы аралының теңіз бетіндегі мүйісінде орналасқан Көкеріп (бір заманда сол шамшырақты жағып тұрушы Кукарев деген кісінің атымен аталып кетсе керек) маягына, түнде оның жарқ-жұрқ еткен өткір сәулесіне қызыға қарайтын, Ұялыдағылар сол кезде әңгімелер еді: «Е…Қайырла, шығар қарақалпақтан келе жатқан», – деп, не: «Өй, ерің! Насрадинге күн-түнің бірдей ғой, гүрілдетіп келе жатқан сол болар», – деп. Бір қызығы – сол айтқандары дәл келіп жататын, бұл болса «Үлкендер қалай дәл табады» – деп таңқалатын. Кейін есейгесін білді ғой даланың да, теңіздің де хабары телефон, сымсыз-ақ тез жетіп жататынын.
Ұялы территориялық жағынан Арал ауданына қарағанмен Қазалыға жақын тұста, содан болар теңіз тартылған кезде Көкарал, Ұялыдан көшкен көп ел Қазалы ауданына қарай көш басын бұрған болатын, бұлар да солардың сапында болды. Қазалы ауданынан Қызылқұм кеңшары ұйымдастырылды да, ол жетінші, сегізінші сыныпты осында оқыды. Сабаққа ынталылығымен қатар, домбыра десе ішкен асын жерге қоятын ол күйтабақтардан күй үйреніп, біршама төселіп қалды, мұны байқаған Сәнау ағайы біраз күйлерді үйретіп, кеңшар орталығында, малшылар арасында өтетін мерекелердегі концерттерге қатыстыра бастады.
Сегізжылдық мектепті бітіргесін енді Қазалыдағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте оқуына тура келді. 9 «г» сыныбында оқитын мұның домбырашылығы лезде мектепке белгілі болды. Бірде сынып жетекшісі Ақдәрі апай мектеп директоры Әбілқасым Маханов ағайдың шақырып жатқанын жеткізді. Директордың кабинетіне имене енген бұған ағайы: «Ал, бала, енді Қызылордада өтетін көркемөнерпаздардың ауданаралық жарысына барасың. Талабың бар, намысты берме!» деді де телефон арқылы біреуге мұның аты-жөнін тәптіштеп айтып жатты. Ертеңіне белгілі домбырашы Орақ Баубековтің жетекшілігімен аудандық мәдениет үйінде дайындық басталды. Сол байқаудан ол жүлдемен оралды, енді ауданда өтетін мәдени шаралардың бел ортасында жүретін болды. Оның өнерпаздықпен танылуының да қажетке жараған тұсы болды, оны мектеп бітірісімен «Қызылқұм» кеңшарына клуб меңгерушісі қызметіне шақырды. Осы қызметті үш жыл абыроймен атқарған А.Сералиев 1971 жылы Қызылорда пединституты филология факультетінің «Ән және музыка» бөліміне оқуға түскен еді. Өнерпаз студент бірден «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблінің құрамына алынды, домбырашылығына қоса түрлі плакаттарға, керілген маталарға ұрандар мен суреттер салуға әбден машықтанған жас жігітке факультет деканы Н.Жүнісов ерекше ықыласты болды, ал ансамбль жетекшісі Мүлкаман Қалауовтың қамқорлығы ерекше еді.
«Жолдамамен Қазалы ауданы Кәукей ауылындағы №225 орта мектепке қызметке бардым», – дейді А.Сералиев, – «Бес жыл тек мектеп қана емес, сол ауылдағы барлық мәдени шаралар менсіз өткен жоқ десем, артық айтпаспын. Мектеп директоры Әбжали ағай, оқу ісінің меңгерушісі Сақыбай ағай және Алуадин ағайлардан ұстаздық шеберлікті үйрендім, оқушы тәрбиесіне қатысты талай ақыл-кеңестерін тыңдадым».
БЛКЖО ОК, Кәсіподақтардың Бүкілодақтық ОК Мақтау грамоталарымен, Қазақстан ЛКСМ ОК Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған, БЛКЖО ОК «Бесжылдық озаты» төсбелгілерін бірнеше рет иеленген А.Сералиев 1980 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, бір-екі жыл қала балабақшаларында музыка жетекшісі болып еңбек етеді де, 1982-1986 жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутының «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасында лаборант болып еңбек етеді.1986-1988 жылдары М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінде ұстаздық еткен ол 1988 жылы өзі бұрын лаборант болып қызмет атқарған кафедраға оқытушылық қызметке келеді.
Оның «Университет жастарының әні», «Ұстаз туралы ән», «Астанам, менің Астанам», «Менің республикам», «Гүлдене бер, Қызылорда!», «Ел мақтаны» және т.б. әндері Сыр әндері атты ұлы теңізге қосылған үлес екеніне дау жоқ.
«Балдәурен», «Қос қарлығаш» атты әндер жинағы жарық көрген ұстаз-сазгер жас өнерпаздар шыңдалуына, шығармашылық өсуіне ерекше назар аударуда. Жыл сайынғы түрлі ән байқауларына студенттерін қатыстырып, бағыттап отыруы нәтижесінде Жасұлан Жарменов, Айнұр Насырова және т.б. студенттер республикалық, аймақтық әншілер байқауында жүлделі орындарды иеленіп, үлкен өнер айдынына шықты.
Сазгер-ұстаз өткен жылы университет ұжымы алдында шығармашылық есеп беріп, қала орталығына ән мамырлатқан әдемі кеш өтті. Университет басшылығының қолдау көрсетуімен өткен кеште өнер сүйер қауым ұстаз-сазгерге осындай кездесу-кештерді қала мөлтек аудандары мен аудан орталықтарында өткізу жайлы ұсыныстар жасады. Бұл енді келешектің шаруасы ғой, дегенмен Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы жылды «Жастар жылы» деп жариялаған тұста осындай тәлімдік шараның артық болмасы да ақиқат ғой.
Республикалық әндер байқауында бірнеше рет жүлде алған, «Сыр әуендері» композиторлар байқауының жеңімпазы (І орын иегері), ардагер-ұстаз, сазгер Аққошқар Сералиев: «Мен үшін туған жер, атамекеннен қасиетті ешнәрсе жоқ. Өмірім туған жерде өтті, осы Сыр бойында еңбек еттім, ұрпақ өсірдім. Әлі де еңбек ете беремін, жас буынға білгенімді үйрете беремін, себебі, ұрпақ үшін күрес – өмір үшін күрес емес пе?! Менің өнерім де, еңбегім де саған арналады, туған жер», – дейді. Иә, сазгер-ұстаз А.Сералиевтің әлі де талай туған жер туралы әндері өмірге келеріне шүбә жоқ.
Алдажар ӘБІЛОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<