Өлеңге сырын айтып, мұңын шаққан

3701

0

«Алты айлығымда жүгіріп кеткен екем мен,

Мың алғыс саған тағдырым менің төтеннен.

Тас бұғау салып, төсекке таңдың тұрғызбай,

Мен байғұс, бәлкім, көбелек болып кетер ме ем», – деп келетін ақын Зейнолла Шүкіровтің көмбе кеудесінен төгілген өлең шумақтары өміршеңдігімен ерекше. Кенжегүл Маханбетова да – Зейнолламен тағдырлас өнер иесі.

Ол 1996 жылдан бері облыс орталығындағы №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрады. Осында келгелі қалам-қағазын жанына серік етіпті. Содан бері жетпіс шақты өлең жазды. Басым бөлігін 2016 жылы «Мен бір аққу жаралы» атты кітап етіп шығарды. Он шақты өлеңіне ән жазып, оларды жергілікті әншілер орындап жүр. Талант иесі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған байқауларда жүлделі орыннан көрініп келеді.

– Әкем ақынжанды кісі болған. Қасиет содан дарыған болу керек. Анам да – биге икемі бар, өнер адамы. Алты бауырымның ішінде өлең жазу пешенеме бұйырыпты. 1998 жылы «Өнер – жан азығы» атты облыстық фестивальдан 2-орын алдым. Жыр әлеміне алғашқы қадамым осылай басталды. Басылымдарда өлеңдерім жиі жарық көріп жүр. Түрлі шығармашылық байқауларға, кештерге қатысып келемін. Өлеңдерімнің бәрі мұңға құрылған. Қатты қуанып жазған өлеңім жоқ екен. Содан болар туындымның көбісі шынайы шығады, – дейді Кенжегүл Маханбетова.

Ол отбасының кенжесі болғасын ата-анасының ерекше ықылас-пейіліне, мейірім-шуағына бөленіп туды. Екі жарым жасында ойда-жоқта сал ауруға шалдығады. Онысын өзі дәрігерлер салғырттығынан деп біледі. Анасы 45 жасында босанғанда Кенжегүлдің денсаулығында ешқандай кінәрат болмапты. Екі жастан асқан уақытында аяқ астынан белгісіз сырқатқа кез болған.  

Бойын белгісіз дерт дендеген сәбиін әке-шешесі дәрігерге қаратыпты. Арнайы жолдамамен Алматы қаласына жіберіп, олар жас сәбидің жұлынынан сарысу алған. Ақыры сол сал ауруына әкеп соқтырады. Өкінгенмен өткен іс өтті. Алайда тағдыр сынағы мұнымен толастамапты. 1993 жылы төрт жарым жыл төсекке таңылып жатқан анасы көз жұмды. 1994 жылы әкесі, одан бір жылдан соң үлкен ағасы дүние салды. Өмір иірімі осылайша оны осы орталыққа алып келді. Содан бері өлең болып өмірге өкпе-назын айтады, кейде қайратына мініп, қажырлана түседі. Өлеңнен артық досы жоқ. Сырын да айтады, мұңын да шағады.

– Мекемеде түрлі тағдыр иелері тұрмыс кешіп жатыр. Бүгінде мұнда 56 кісі тұрады. Жеті түрлі қызмет көрсетеміз. Соның ішінде төрт мезгіл тамақ, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі медициналық, психологиялық көмек алады, – дейді мекеме директоры Раушан Ысқақова.

Жарты ғұмыры осында өткен Кенжегүл жеке баспанаға қол жеткізіп, шығармашылығын дамытуды армандайтынын айтады. Оны өмір өкпелеткенмен, өлең өгейсіткен жоқ.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<