Өмірі өлеңмен өрілген

1404

0

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №16 және №17 кітапханалардың ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, бірнеше жыр жинағының авторы, Қазақстанның құрметті журналисі Әскербек Рахымбекұлының туғанына 80 жыл толуына орай  «Тұлпар ақын тұғыры» атты еске алу кеші өткізілді.

Әдеби жиын ақынның балалық шағын бейнелейтін көріністен басталып, қаламгердің қарапайым болмысы, ақындық пен азаматтық келбеті, ұлт әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі жайлы айтылды. Қызылжарма ауылдық округінің әкімі М.Сейілов, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г.Рахметова ақын шығармашылығын насихаттауға арналған жиынның жалпы оқырманға берері мол, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Ал, мәдениет үйінің қызметкері А.Есқараев ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махмұтбай Әміреұлының  қаламдасына сыр ақтарған «Әскербек» атты өлеңін оқыды.

Оқырманын сезім шуағына бөлеп, ой тереңдігі мен ақыл-парасатқа бойлайтын ақын өлеңдері өзіндік ерекшелегімен құнды. Расында, қоғамдағы сан алуан құбылыстарға айқын көзқарасын танытып, ақиқатпен үндескен шығармалар оқырманды адамгершілік асыл қасиет пен ізгі мұратқа жетелейді. Осы орайда кітапхананың жас оқырмандары А.Кеңесбек, Н.Қуандықова, Ж.Сансызбай, Қ.Сақтаған,  А.Нұрлыбекқызы,    Ұ.Әубәкірова, Ә.Ермаханов, М.Төлешбаева, А.Әубәкірова ақын өлеңдерін жатқа оқып, тебіреніске толы өлең жолдарынан тал бойына өнеге түюге тырысты.

Кеш қонағы Қабдеш Шағыров ақынның өмір жолы мен шығармашылығынан мазмұнды естеліктер айтып, аймақ руханиятының дамуына сіңірген еңбегін атап өтті. Ал, ақынның шәкірті Ғазиза Әбілда өзінің шығармашылық жолды таңдауына Әскербек Рахымбекұлының қолдауы мен сенімі әсер еткені жайлы әңгімелеп, өткен жылдардың ойлы да көркем естелігін бөлісті.

Ақынның көптеген өлеңіне ән жазылған.  Соның бірі – жастардың шаңырақ көтеру тойында шырқалып, көптің сүйікті әніне айналған «Ақ босаға – ақниет» әнін Мәдениет үйінің қызметкері, «Қуаныш» әжелер ансамблінің көркемдік жетекшісі Қ.Ахметқызы орындады. Туған жер тақырыбын арқау еткен жыр жолдарынан кейін Мәдениет үйінің қызметкері Тұрлыбек Ділдебаев Ш.Сүлейменовтің «Ауылым» әнін шырқады.

Жиынның соңында  ақынның ұлы Серік Әскербекұлы сөз сөйлеп, кешті ұйымдастырушы  мәдениет қызметкерлеріне, әрбір өлең жолдарынан ақын жүрегінің толқынысын жеткізген жас оқырмандарға алғысын білдіріп, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне ақын жайлы «Тұлпар тұрпатты тұлға» естелік жинағын тарту етті.

«Әскербектің жырлары оның тәнінен де, жанынан да жаралған, құдды сиямен емес, жүрегінің қанымен жазылғандай санаңды сілкіндіріп, сезіміңді шайқайды» деген екен ақынның қаламдасы, жазушы Айжарық Сәдібекұлы. Шындығында, бір қарағанда қарапайымдылық пен ұстамдылықтың үлгісіндей көрінетін, көркем мінез иесі Әскербек Рахымбекұлының шығармаларында шырғалаң тірліктің арасынан шынайы өмірлік құндылықтар айқындалады.

 Осынау рухани-танымдық кеш барысында ақынның өзі өмірден өтсе де, өнеге тұнған шығармалары көңілден көшпейтінін аңғарғандай болдық.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<