Өңір болашағына өнімді еңбек еткен

5

0

Мен Қамбарбек Амангелдіұлын 20 жылдан бері білетінмін. Мемлекеттік қызметте жүріп, ол аймақ экономикасының артуына көп еңбек етті. Қаржы саласының барлық баспалдағынан өткен әріптес інінің әлі де Сыр елінің өркендеуіне берері мол болатын.

Өкініштісі, Қамбарбек Мүбараков бауырымыздың арамыздан кеткеніне жыл толды. Сонау 90-жылдардың аяғынан бері салық ісінде маман болып қызмет бастаған оның кейінгі жылдардағы еңбек жолы ел есінде. Облыс экономикасына тікелей әсері бар құрылымдарға жетекшілік етіп (салық ісі, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, экономика және қаржы басқармасы, т.б.), бюджеттің ар­туына мол үлес қосты. Мен Қазалы ауданының басшысы болға­нымда ол осы ауданмен халқы шамалас Шиеліні басқарып, өңір бола­шағына өнімді еңбек еткеніне куә болдық. Аудандағы ауыл шаруашылығы мен өндірісті қатар дамытып, Шиелідегі көп жобаға іскерлік көрсеткенін де білемін. Әсіресе, орталықты абаттандыру жұмысында оның басшылығымен көп өзгеріс болды. Шиелі кентінің адам танымастай өзгергені бар. Екіншіден, қазіргі Шиелі халқы рақатын көріп жүрген теміржол аспалы көпірін салу осы азаматтың кезінде қолға алынған еді.

Ол қандай лауазымда жүрсе де халық арасында тым кішіпейіл болғанын осындағы жұрт әлі айтып жүр. Әсіресе, оның қарамағында қызмет етіп, мемлекеттік қызметтің ыстық-суығында болған әріптестері оның алдымен жауапкершілік дейтін мүддені алдыға қоятынын жиі айтады. Өз басым да оның облыс не ауданның бюджеттік есебіне жүйрік екенін көріп, мойындап та үлгердім. Тіпті қаржылық кеңес алып, кіріс пен шығыс есебінде жасы кіші болса да көп қолдау көрсетіп келді.

Бір сөзбен айтқанда, ол мемлекет саясатын жүзеге асыру, Президент жүктеген тапсырмаларды орындау мен жергілікті бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бар күш-жігерін аямаған азамат десек, қателеспеспін. Еңбек елеусіз қалмады, мемлекеттік марапаттан көрініп, лайықтының бірі болды.

«Аңдысқан жау алмай қоймас» дейтін бұрынғылар. Әріптесіміз төтеннен келген дерттен арамыздан ерте кетті. 50 жылдан астам тіршілік ғұмырында өз жолын абыроймен өткерген, қызмет пен отбасы ісінде беделді басшы, үлгілі әке болған Қамбарбек Амангелдіұлының бейнесі Сыр халқы үшін ұмытылмақ емес. Ардақты азаматтың жарқын істері әлі де ұрпақ санасында жаңғыра беретіні сөзсіз.

Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты