Өткен жылы өңірімізде ұлтымыздың мәдени мұрасын, ұлттық құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында «Сыр елі» мега жобасы бастау алған болатын. Биыл мега жоба шеңберінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы негізінде «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы әзірленді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жобаның мақсаты мен жоба аясында атқарылар жұмыстарды жан-жақты айтып берді. Өңірдің тарихи – саяси және мәдени – рухани даралығын айшықтап, насихаттауды негізге алған жаңа жоба 3 жылға жоспарланған. Қазіргі таңда «Сыр саңлақтары», «Туған жер – тұнған шежіре», «Тал бесіктен – жер бесікке дейін», «Сыр елі – Жыр елі», «Сыр өңірі – ұлттық құндылықтардың темірқазығы» сынды 5 бағытта жұмыс атқаруда.
«Өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеп, қастерлі Тәуелсіздігіміздің құндылығын ұғындыру жобаның басты мақсаты. Биыл COVID-19 пандемиясына байланысты шектеу шараларын қатаң сақтай отырып, түрлі форматта барлығы 80-нен астам шара өткізілді. Оған 20 мыңға жуық адам қатысты. «Құнды жәдігер» телевизиялық жобасы мен өңіріміздегі бірқатар кесенелерге жасалған тарихи-этнографиялық экспедицияларды жоба аясында ұйымдастырылған ауқымды шаралар қатарына жатқыза аламыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, танымдық-пассионарлық жоба шеңберінде «Мәңгілік сарын – Қорқыт ата мұрасы» облыстық онлайн қыл қобызшылардың фестивалі, «Тұғыры биік Тәуелсіздік» республикалық ақындар айтысы өткізілді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің археолог ғалымдарынан құралған «Жанкент археологиялық экспедициясы» Сақ заманының Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент қалашығында далалық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. «Сығанақ» қалашығында археологиялық қазба жұмыстары да басталды. Сондай-ақ, жыл көлемінде аймағымызда өткен «Сыр дарыны» жастар шығармашылық байқауы, облыстық «Алтын белбеу» жарысы, «Музей радиосы», «Асыл мұра», «Жас өлкетанушы», «Киелі мұра», «Тәлімгерлер» жобалары мен қатар «Жаныңда жүр жақсы адам», «Отаныма 30 қайырымды қадам» акциялары, «Ұлы дала аманаты», «Сарын» , «Күй шежіре», «Жібек жолы саздары», «Күй – мұра» сазды кештері де «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы аясында ұйымдастырылған болатын.
Брифингті қорытындылаған Серік Әбжәліұлы «Жоба жоспарына сәйкес кешенді жұмыстар алдағы уақытта эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып жалғасын тауып, Сыр елінің тарихы және мәдениеті жаңа жәдігерлер мен тың жаңалықтарға толығуына өз септігін тигізеді», – деді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<