Өшпес із, өнегелі іс иесі

2254

0

Туған жерді түлетіп, ел еңсесін тіктеуге еңбегі сіңген белгілі тұлғалардың атын ұрпаққа үлгі ету мақсатында жазылған деректі кітаптар баршылық. Кейбір кісілер мұны әлеуметке қатысы жоқ, бір адамның әулеті, жеке өмірі деп есептейді. Алайда, қоғамның адам арқылы жасалатынын, сол жолда жансебіл тірлік кешкен азаматтардың өнегелі өміржолы жатқанын білген абзал. 

Филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз-қаламгер Алдажар Әбіловтің «Дегдар» деп аталатын (Алматы, 2024) деректі кітабы елімізге белгілі құрылысшы, кәсіпкер Рахымжан Иманбердиевтің ғұмырбаянына арналған.

Автор бас кейіпкерінің балалық шағын, әке ақыл-парасаты арқылы қалыптасқан болмысын, таным көкжиегін көркем тілмен кестелеген. Әсіресе, әкесі Әліарыстанның 1938 жылы Қиыр Шығыстағы, Хасан көлі жағасында, Халкин-Гол ауданында жапондармен болған соғыстағы ерлік істерін өз аузынан естуі, жас баланың отангерлік сезімін оятады.

Рахымжанға әкесінің: «Айтқандарымды ойға тоқып ал, мұны дабыра қылып, мақтанудың керегі жоқ. Бұл әулет жалғастығы үшін керек. Әр қазақ жеті атасын білуі тиіс, бұл – ата-баба жолы. Менің кім болғанымды, ата-бабаларымызды сен білмесең, ал, сенің балаларың сенің кім болғаныңды білмесе, онда құрығанымыз. Бұл дегенің – қазақтың құрығаны» (41-б.) деп өсиет айтуы мектеп сабағынан артық.

Бір адамның түгел ғұмырын жазып шығу мүмкін емес. Жазушы өз кейіпкерін өмір тезінде, оқиғалар тізбегінде пісіріп, азаматтық болмысын жасауға күш салады. Автор осы тұрғыда ой күшін сарқа еңбектенген. Кітапта терең ойға құрылған эпизодтар көп.

Кейіпкердің әкесі баласына (Рахымжанға) соғыста бастан кешкендерін әңгімелей отырып, қарулас жолдасы туралы айтады. «Балам, күндердің күнінде Нарынбаев, Нарынбаева немесе Мәліков, Мәлікова деген адамдар ұшырасса, нақтылап аты-жөнін, әке-шешесін, қай облыстан екенін сұрауды ұмытпа…» деп тапсырады. Бұл қиындықта жауға тастамаған адамның өзін ғана емес, үрім-бұтағына дейін сыйла, балаларыңа аманатта» деген тәрбие, өсиет.

Қаламгер тірліктің тінін тартып кетпей, адам болмысындағы осындай тұстарды тап басып, шығармаға кірістіре білген.

Шынында, әке өсиетін, ана қасиетін бойына сіңіре білген Рахымжан өмірде қоғамшыл, еңбеккеш, ер болмысты ел таныған азамат болып шықты. Мектептен соң Қызылорда техникумының механика факультетіне оқуға түсті. Оны үздік бітіріп, механика зауытында жұмыс істеді. Осы жылдарда ол зауытта өндіріс шебері қыметіне қоса комсомол ұйымының хатшысы болды. Кәсіпорындағы әділетсіздіктерге араша түсіп, қанша жұмысшының алғысын алды.

Қоғам өзгеріп, нарық заңдары қысып, өндіріс орнында қысқарту жүре бастағанда, Рахымжан қысқартуға жастар іліксін, олар басқа жерге де бейімделіп кетеді, зейнетке жақындағандар осы жерде қалсын деп, өзі бірінші болып арызын жазады. Бұл кезде шаруашылықтар да шатқаяқтап қалған, сондықтан, Рахымжан көкөнісшілер бригадасын құрып, қала мектептерінің асханаларын қамтамасыз етті.

Кезі келгенде ол «Аль-Арқа жолы» серіктестігін құрып, «Алтынсарин-Хромтау» теміржолын салу жұмыстарына қатысады. Осы салада біраз жыл еңбектенеді, серіктестікті құрылыс жұмыстарына бейімдейді. Солтүстік Қазақстанда теміржол құрылысын жүргізіп, Ақмола облысындағы «Жайнақ» стансасын салады.

Рахымжан өзінің туған бауыры, белгілі кәсіпкер Шәрікүл Иманбердиевамен бірлесіп, Маханбетов ауылында әсем өрнекті «Әліарыстан» мешітін ел игілігіне тапсырды.

Астана қаласында көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызып, Қызылордада бірнеше мектеп салып, пайдалануға берді. 2022 жылы Қызылорданың «Коммунизм» шағын ауданына сән беріп тұрған Құлтекенов көшесіндегі «Бәйтерек» мектебін ашты. Ал Шәменов көшесіндегі 2 мың орындық мектептің ашылуын өзі көрмей кетті. Тектінің ұрпағы ауырмай-сырқамай, тік жүрген күйі, өзін құзға тастаған қыран тағдырындай көз жұмды.

Кітап авторы А.Әбілов кейіпкерінің біз айтып отырған образын жасай алған. Шығарманың шынайылығы, оқырманына ой салатын мазмұны – сөз жоқ, кейінгі ұрпаққа ұлағат боларлық дүние.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,  

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<