Өшпес өнеге

5

0

Фото: автордан

Білім беру саласында қызмет еткенім бар, өмірден көрген-түйгенім бар жас ұрпақ, елдің болашағы туралы әркез ойланамыз. Қазіргі таңда баса назар аударылып отырған тәрбиенің тетігі – адалдық пен еңбекқорлық. Құндылыққа да, қағидаға да сыятын ұғым. Бірақ оны қалыптастырудың тиімді жолы қайсы, күнделікті үйреткен тиімді ме, ұзақ мерзімді жоспарлау әсерлі ме, телефонға телмірген баланың жүзін еңбек шуағымен көркем етпектің жолы қане?

Жас үйреткеннен гөрі, үлгі еткенге елігеді емес пе? Естігенін емес, көр­генін жасайды деген пікір тағы бар. Өне­гесін үлгі етуге көз алдына да, кө­ңіл сахнасына да көп тұлға, көп ғұмыр оралатыны анық. Насихат етіп те келеміз. Арамыздан кеткеніне көп болмаған Әбішев Жұмахан ағамыз туралы ой бөліспекпін. Раббысына қайтқан кү­ні осы кісіні адал, әділ, қарапайым, са­бырлы, шыншыл деген сөздермен си­паттамаған адам кемде кем болды. Жауапкершілікті ауыр ұғымдар.

Еңбекке адалдық

Еңбекқорлық және халыққа қызмет етудің жарқын үлгісіне айналған әке­сі Мәнеп Әбішев Арал өңіріне есімі етене таныс, саналы ғұмырын ел бас­қаруға арнаған жан еді. Анасы Әбі­шева Ақсары Ханалықызы перзент­терін сол әке жолымен жүруге тәр­бие­ле­ді. Осындай ұлағатты ұяда тәрбие­лен­ген Жұмекең №15 Қазақ орта мек­тебін бітірген соң Қазалыдағы ауыл­шаруашылық техникумын аяқтайды. Білім жолын Алматыдағы ауыл шаруа­шылық институтында жалғас­тырып, 1966 жылы «Инженер-механик» дип­ло­­мымен елге оралады. 1967 жылы Ши­жағаға машина жөндеу шеберха­насының меңгерушісі болып келген. Бірақ шеберхананың атауы ғана бар сол кезеңде ауылда осы шеберхананың, алып гараждың салынуына тікелей ат­салысқан. Ауылдың сыртында орна­ласқан мал бордақылау алыңының көп жыл бойы мақсатты жұмыс жасуына өз үлесін қосқан. Ауыл шаруашылығы техникаларының үздіксіз жұмыс жа­сауын толық қамтамасыз еткен жанар-жағармай станциясы ол уақытта басқа кеңшарларға үлгі болған бастама еді. Кеңшардың алдыңғы қатарлы қыз­меткері ретінде Германияға барып тә­жірибе алмасқан сапары да бар еді. Жыл­дың төрт мезгілінде маусымдық, науқандық шаруадан босамайтын Жұ­мекеңнің отбасынан әке тәрбиесі бо­саңсығанын байқамаппын. Қайта ол тәрбие еңбек ету бақытын сезінумен өрілгендігі көрініп тұратын.

Еңбекқор жастарды көп жұмсап, жанына жинайтынына қызыға қарай­тынбыз, қонақ үзілмейтін берекелі от­ба­сының тіршілігіне куә болатынбыз.

Отбасы тірегі

Жұмахан ағаның аталарынан туған он перзенттен тірі қалған бір ұл, бір қыздан тараған ыстық ұяда бала кезден құрмет көріп өскенінен хабардармын. Үлкендері әр баланың келешегі үшін ізгілік дарытқан ерекше сыйластықты орта. Ал әкеге арнаған құрметті сөзбен үлгі етпеді, көзбен көрдік. Ел ағасы болған, облыс көлемінде жауапты қыз­меттер атқарған ағасы Әбдіжәлел Мә­непұлына, оның отбасына сыйластығы көпке үлгі болатындай еді. Қазіргі кү­ні көптің талқысында жүрген әке тәр­биесі, бауырмалдық сезімнің шапағын жастар білсе ғой деген ойға қаламын. Құрмет көріп те,қадірлеп те білуді өз үлгісімен үндемей үйрететін Жөкеңнің қос бірдей анасын тең сыйлағаны адам­гершілігінің айнасы деп таныдық.

Өмірлік жары Толманова Бағымкүл Жарасқызымен отыз жылдан астам білім беру ұйымында бірге жұмыс жа­садық. Екеуі аналары Ақсарыны аялап бақты, сол еңбектерінің жемісін өз балалары Еркіннің шаңырағында тең отырып көрген бақытты жандар. Бар­лық балалары өз мамандықтарының мық­ты иелері, оң көзқарасты, қоғамның алдыңғы қатарындағы азаматтар.

Қағида құндылығы

Адам алға басқан сайын тәжірибе жинайды, өмір бойына жасаған әрекеті оның ғұмырнамасын сипаттайды. Адам­зат тарихындағы сабақтастықтан еш­кім асып түсе алмас, әркім-ақ ұм­ты­латын адами қасиеттердің көбін бо­йынан кездестірген тұлғалардан не үйрендік, не үйреттік деген сұрақ ма­залайтын уақытқа жетіппіз. Бала­ларын кішірейтуге емес, кішіпе­йілділікке, ке­мітуге емес, кең болуға, есіруге емес, еркін болуға баулыды. Білімге құш­тарлық пен еңбекке ұмтылыс, қара­па­­йымдылық пен қайраттылық жә­не қайсарлықтан тұратын мінездің қос­пасын мұраға қалдырды. Сабырлы­лықтың қаншасы керек, тек қалай қа­былдау мен жаратуды әр перзенті өзі шешер. Ең ғажабы, мұның барлығының бір адамның бойында өмірінің со­ңы­на дейін тұрақты сақталуы еді. Тұ­рақтылық әке қанымен, ана сүтімен, өмір қалыптастырған парасаттылық қа­ғидасына адал адамның бойынан сәулеленіп тұрады екен.

 Базарбай ТӨРЕАХМЕТОВ,

 Арал аудандық мәслихат төрағасы