«Оң қолға» оң баға берілді

2776

0

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қалалық «Жастар» театрының премьерасы өтті. Белгілі жазушы Төлен Әбдікұлы әңгімесінің желісімен жас драматург Нұрдәулет Баймаханның «Оң қол» психологиялық драмасы қалың көрерменге жол тартты. Қойылымның режиссері – Берік Ахмед, театрдың көркемдік жетекшісі –  ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов.

Қойылым кітаптан өзгерек

Төлен Әбдіктің «Оң қолын» оқымаған жан жоқ шығар? Қойылым да көрерменді басынан аяғына дейін сан қилы күйді кешкізеді. Психиатриялық ауруханаға түскен 21 жастағы Алманың сырқаты қалың ұйқыға кеткенде оң қолы өзін қылқындырып өлтіруге әрекет жасауында. Қызға жауапты дәрігерлер аурудан арылудың сан түрлі амалын жасағанмен, Алманың оң қолына бөгет бола алмайды. Ақырында емдеуші дәрігер Алманың қолын алып тастау керек деген шешімге келеді. Оқиға ауруханадағы Мұхтар, Айша есімді емделушілердің тағдырымен шиеленісіп, көрерменді бейжай қалдырмайды. Өмірге деген құштарлық, сүю, қорқыныш пен зұлымдық, шарасыздық пен бейқамдық қатар суреттелген спектакль адам жанының шешілмеген жұмбақтары мен терең қатпарларына үңілтіп, жақсылық пен жамандықтың адам бойындағы күресі толастамайтыны туралы тіл қатады.

– Шығарманы оқушы кезде оқыған шығарсыздар. Байқасаңыз, шығарма мен қойылымның арасында айтылар ой жағынан біраз алшақтық бар. Негізгі шығармада оқиға тек дәрігер мен Алманың арасында өрбитін болса, мен оған бірнеше кейіпкер қостым. Алма – басты кейіпкер. Ал Айша қазіргі қоғамдағы педофилизмнің құрбаны болса, Мұхтар жағдайының жоқтығынан жақынын емдете алмаған. Меңгеруші қазіргі кез келген саладағы ескі жүйені жүргізіп отырған жан. Медбике оған жұмыстағы жағдайдың бәрін жеткізіп отырушы болса, дәрігер – ескі жүйені өзгертемін деп келген жас маман. Ескі жүйеге бағынғысы келмей соңында өзі жынды болып кетеді. Қазіргі қоғам жайын барынша жеткізгім келді. «Болашақ жастардың қолында» деп қанша ұрандағанмен, жастардың сағын сындыру, бастамасын қолдамау, тыңдай алмау басым.

Жалпы қойылымды әр көрермен түрліше түсінеді, өзінше қабылдайды. Театрдың парызы да сол – сауалға жауап беру емес, керісінше, санада сұрақ қалдыру, ойланту, сезіндіру, – дейді автор Нұрдәулет Баймахан.

Мақсат – ой айту емес, ояту

Қойылым қоғамның сан саласындағы өзекті дүниелер жайлы көрерменге сауал қояды. Жемқорлық, адам ағзасын заңсыз сату, буллинг сияқты бірнеше тақырып көтерілген.

«Тек бір адам ғана өлімнен қорқуды да, қашуды да білмейді. Ол тек «шіркін-ай, менің де қоштасатын адамым болса ғой» дейді. Қараңызшы, өлім азуында тұрған ең бақытсыз жан да бір адам үшін осыншалық бақытты бола салады. Өйткені оның қоштасатын адамы бар» деген қос кейіпкердің диалогынан үзіндіге де мән берсек, өмірге құштар арудың өлім туралы сөзі еріксіз ойландырады. Иә, пенде үшін жалғыздық өлімнен де қорқынышты.

Сонымен қатар туған әкесінен зорлық-зомбылық көрген қыз тағдыры, жындыханадағы науқастар қайтыс болған соң сау ағзаларын сатып, пайда көрген дәрігерлер, пара бермегені үшін емдемеген жемқорлар бір нәрсені ашып көрсетеді. Қоғамдағы адамдар арасындағы немқұрайлылықты. Тіпті бір отбасында тұратындардың бір-бірінің арман-мақсаты, не ойлайтыны, неден қорқатынын білмеуі – қоғамның шынайы болмысы. Қойылымға көзқарас әртүрлі. Біреуге қорқынышты, біреуді жылатады, біреуге ұнамайды. Бірақ мақсат жалғыз: көрерменге ой айту емес, ояту. Алғашқы қойылым өз мақсатына қол жеткізгендей.

Дина Мәделханқызы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<