Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру орталығы бірлесіп, өнегесі мол өзгеше жоба ұйымдастырды.
Бұл – «Сыр қойнауы» бағдарламасы аясында «Біздің отбасының құнды жәдігерлері» атты жас зерттеушілердің облыстық сайысы өскелең ұрпақ үшін тамаша тәрбиелік шара болатын. Айталық, атадан балаға мирас болып келе жатқан отбасы құндылықтарын дәріптеу арқылы жас ізденушілер тамыры терең рухани мұраларды танып-білуге, құрметтеуге қалыптасады.
Айталық, келі-келсап, диірмен, қазан-ошақ, ұршық, ер-тоқым, қамшы, тұскиіз, текемет сияқты тұрмыстық бұйымдар, бұдан бөлек, ұлттық әшекей бұйымдары туралы оқушылардың зерттеу жұмыстары – атадан балаға мұра болған құндылығымызды қадірлеудің айқын бір көрінісі.
Жалпы байқауға келіп түскен 114 жобаның ішінен 17 жоба іріктелді. Ал ақтық мәреде сол 17 оқушының әзірлеген рухани танымдық жобалары сарапқа түсті. Қазылар алқасы оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес қорғаған тақырыптарының мазмұны мен ойын жеткізе білу қабілетіне қарай әділ бағасын берді.
Қорытындысында Қармақшы ауданы Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектептің 5 сынып оқушысы Шайкуллаев Ардан, Қазалы ауданы, №25 орта мектептің 8 сынып оқушысы Бақытжан Аружан, №276 орта мектептің 8 сынып оқушысы Қолдасбай Ақерке, Шиелі ауданы, №181 орта мектептің 6 сынып оқушысы Әбдіманап Ұлан, Жалағаш ауданы, №116 орта мектептің 5 сынып оқушысы Айтбай Төрехан, Қызылорда қаласы, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің 7 сынып оқушысы Қайырғали Асылжан сияқты ізденімпаз өрендердің еңбектері үздік деп танылды. Жеңімпаздарға «Рухани жаңғыру» орталығының арнайы дипломдары, естелік сыйлықтар берілді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<