Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сән үлгілерінің шебер тігіншісі Ләтипа Қожықова – қазіргі Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылының тумасы. Әкесі Мұңайтпас Әндіжандағы «Кеңтүп» ауылында болыс болған. Өз заманының озық ойлы азаматы ауылында «Хан» мектебін ашқан. Ләтипа осы мектепте білім алып өседі. Бұл ХХ ғасырдың басы болатын.
Сол мектепке осы өңірде туып-өскен, парсы, араб, шағатай тілдерін меңгерген, парасатты жігіт Қоңырқожа мұғалім болып орналасады. Ләтипа мен Қоңырқожа осында танысып-табысады. Алайда, екі жастың қосылуына әке тарапынан қарсылық туындап, екеуі елден кетуге мәжбүр болады. Олардың кетуіне Ләтипаның туған ағасы Серәлі көмектесіп, басқа уезге барып, жұмысқа орналасады. Серәлі Лапин де этнограф, ғалым, қайраткер болған.
Өнерлі әулеттің бастауындағы алыптар өмір жолдарын осылай бастаған еді. Екеуі Орта Азияны түгелдей дерлік шарлап шығады. Үлкен ұлдары Қожахмет – Қызылордада, Құлахмет – Түркістанда, Нұрахмет – Шымкентте, Сұлтанахмет Жамбылда дүниеге келеді. Соған қарамастан, Ләтипа Ташкенттегі қазақ педагогикалық училищесіне түсіп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Үйірме мүшелерінің күшімен 1921 жылы «Шығыс кештері» ойын-сауық бағдарламасы бойынша әзірленген «Біржан – Сара» спектаклінде Сараның ролін сомдайды. Ләтипаның суретшілік шеберлігі 1925-1926 жылдары қазақ драма театрында, 1936-1958 жылдары Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында еңбек етіп жүрген кезде ерекше көзге түседі. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінде қойылған қазақ операсы киімдерінің авторы ретінде қатысады.
Ләтипа Қожықованың шығармашылығы алуан қырлы болатын. Өмірінің соңғы жылдары Л.Қожықова қазақ ою-өрнек өнерінің фольклорлық қорын жасауға белсене араласты. 1958 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде оның қолынан шыққан киіз үй әдемілігімен көз тартып, орындаушылық шеберлігімен келушілер назарын аударды. Ләтипа Мұңайтпасқызының мемлекет тапсырысымен тіккен костюмі АҚШ-тың 32-президенті болған Франклин Рузвельтке сыйға тартылған. Ол қазір Рузвельт музейінде сақтаулы тұр. Жүзден аса өрнектік туындылары Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Будапешт, Вашингтон музейлерінің қорына алынған.
Л.Қожықованың дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ұлдары еліміздің көрнекті өнер қайраткерлері болды. Қожахмет – қазақ бейнелеу өнерінде жаңа жанрды қалыптастырған кәсіби график-суретші, Құлахмет – қазақтан шыққан тұңғыш театр және кино суретшісі, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Нұрахмет – мүсінші-монументалист, Сұлтанахмет – Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ киноматографиясының алтын жұлдызы – «Қыз Жібек» фильмінің бас режиссері. Ері Қоңырқожа Қожықов – білімнің, мәдениеттің және қоғам өмірінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, ағартушы және қоғам қайраткері.
Өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбалары қалған Қожықовтар династиясының анасы Ләтипа Мұңайтпасқызын еске алу, құрметтеу, еңбегін насихаттау мақсатында Көркемсурет галереясында 19 сәуір күні «Қожықовтар қолтаңбасы» атты көрме өтеді. Бұл шара Астананың – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Көрмеге Құлахмет Қожықовтың қызы Сәуленің қорында сақталған туындылар, Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтардың қазақ кинофильмдеріне арнайы салған эскиздері, декорация мен сахналық киімдерге салынған ою-өрнек түрлері, қазақ болмысы мен салт-дәстүрін көрсететін картиналар қойылады.
К.АХМЕТОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейі
«Ақмешіт» филиалының меңгерушісі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<