Айтыс өнерінің XIX ғасырдағы жарық жұлдызы Ұлбике Жангелдіқызы 1825 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Өнерімен елді тамсандырып, әсіресе, тақпақтап сөйлеу оның күнделікті дағдысына айналыпты. Орнықты ой тізбегі, ұтқыр жауап, ақындармен өзара сөз қағыстыруы айтыс өнерін халықтық деңгейге көтерген. Ұлбике өзімен айтысқандардан оқ бойы озып, дараланып ерекше көзге түскен.
Ақынның өмірін зерттеген филология ғылымының докторы Сәрсенбі Дәуітұлы (Ұлбике ақынның айтыстарын араб әрпінен кириллицаға түсірген) өз зерттеулерінде: «Ақын қыз он екіге дейін сөйлемей тек он екі жасқа келгенде өлеңмен сөйледі» деуі де осы бір деректі растай түседі. Ұлбике өзімен айтысқан Мәделі ақынға:
– Әудемжармен әуелі үкімді аштым,
Он екімде өлеңмен тілімді аштым.
Он үшімде өзіңдей бозбаламен,
Жұмбақ айтып өлеңмен жағаластым, – деуі де тілінің кеш шыққанын, бала жастан жырды жанына серік еткенін айғақтай түседі. Ол әнші, дәулескер күйші, мықты домбырашы болған. Бойындағы бұла таланты буырқанып, қызыл тілге құйылған. Мұны көрген халық «ақынның көмейіне өлең ұялаған» деп бағалаған екен. Оны Күдеріқожамен, Таспақожамен, Майлықожамен, Серіәліқожамен, Мәделімен, Жанкелмен айтыстарынан анық байқауға болады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергеннің «Ұлы даланың ақ періштесі» атты мақаласында былай дейді: «…Ұлбике ақынның атақ-даңқы өзі небәрі 24 жыл өмір сүрген ХІХ ғасырда Сырдария мен Қаратаудан асып, Сарыарқа мен Ақжайыққа дейін кеңінен жайылғанына анық көз жеткізуге болады. Бұла таланты буырқанып, қызыл тілге құйылған, қызғалдақтай құлпырған бойжеткеннің бақыты да, соры да өнер жолында болған екен. Ел аузында сақталып қалған әңгімелер мен мұрағаттық қолжазбалар оның ақындығын жете танытса, қайым айтыс өнеріндегі тапқырлығы мен шешендігі тәнті етеді. Көзге ұрып көрініп тұрса да, ақынның жанашыр іздеушісінің болмауынан оның мұрасы арнайы зерттелмей, қағыс қалғанын мойындауға тура келеді. Әйтпесе, Ұлбике ақын жөнінде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың өзінде-ақ жеріне жеткізіп айтқан шоқтығы биік ғалымдар аз болмаған екен. Соған қарамастан, бізде осы кезге дейін айтыскер ақын қыздардың, өнер қайраткерлерінің шығармашылық өмірбаянының жазылмауы қазақ әдебиеті ғылымындағы ең үлкен олқылықтардың бірі болып келгенін жасыруға болмайды».
Қазақ ауыз әдебиетінің бай мұрасының басын біріктіріп, зерттеген, жинақтаған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің айтуынша, Ұлбикенің әкесі Жангелді дәулетті, өлең-сөзге аса жүйрік, ақын кісі болыпты. Қыздың шешесі Жаңыл да ойлы, сөзге шешен, ақындар айтысында алдына жан салмаған талантты жан болған екен. Қазанғап Байболұлының «Төле бидің тарихы» (1941 ж) атты дастанында Жангелді ақын мен Жаңыл ақынның жыр айтып, өлеңмен сөз қағыстыруы осы деректі дәлелдей түседі. Ақындық өнер терең тамыр жайған, әсем де сұлу әлемімен үйлескен отбасында жырмен сусындап өскен Ұлбике де тұлымшағы желбіреген бала кезден көзге түсуінің өзі кездейсоқ емес екенін анық аңғаруға болады. Сол заманда Сыр өңірінде аты белгілі болған Базар жырау, Марабай, Нысанбай, Тұрмағанбет, Ешнияз секілді ақын-жыраулар мен көмейі бүлкілдеп, кеудесінен жыр пырақтары ұшқан өнер дүлдүлдеріне толы болатын. Ән мен жырдың бесігінде тербеліп өскен Ұлбике қыздың алғаш кіммен өнер сайысына түскені, кіммен сөз қағыстырғаны белгісіз. Бірақ ақынның өмірбаяндық деректері мен айтыстарын жазып, асыл қазынаға үлес қосқан Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Әбубәкір Диваевтың қолжазбаларында ақынның қолына домбыра алып, өнер додасында жүрексінбей, бірден жарқырап көрінуі анық айтылған. Ұлбике ақынның:
– Бес жасымда шешеме болдым шырақ,
Сегізімде әкеме қойдым құлақ.
Тоғыз жасқа келгенде үрдей болып,
Өлең айттым Наурызда үй жағалап, – деуінің өзі ерте ашылған талантын, жырмен өрілген ғұмырының бастауында қаншама сыр жатқанын аңғартса керек. Жыр алыбы Жамбыл: «Өлең кірген түсіне, жөргегінде мен болам» деп жырласа, ақындық өнерді бойына сіңіріп өскен Ұлбике ақын:
– Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,
Бесігімде үйренгем бар өлеңді, – деп толғанады. Ұлбике ақын жұлдыздай жарқырап, талантымен дүйім жұртты тамсандырғаны соншалықты оның Күдеріқожамен айтысы 1870 жылы орыс ғалымы В.Радлов құрастырған «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері» деген тарихи кітапқа енген. Сөйтіп, құнды дерек, қымбат мұра ретінде бізге жеткен. Ұлбике Жангелдіқызы жайлы аса көрнекті халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов та жүрген жерінде: «Ақынның өзі айтысқан небір мықты ақындардан басым түсіп, айтыс өнерін халыққа танытқан нағыз сөз шебері» деп атаса, Шерхан Мұртазаның: «Үлкен дүниеге көркем туындыға сұранып тұрған тұңғиық әлем және терең тағылым» деуінің өзі Ұлбике ақынға берілген зор баға деп білеміз. Сондай-ақ Шерхан ағамыз:
«Он екі жасына дейін тілі шықпаған бүлдіршіннің алғашқы үні өлең сөзбен ашылғаны – аса биік Құдіреттің ісі…» дейді. Тереңөзек (кейбір деректерде Қараөзекте деп те айтылады) табанында туып, көне Тараздан топырақ бұйырған дара тұлғалы ақынның тағдыры аянышты аяқталады. Осы Сыр бойында дүние есігін ашып, тал бойына біткен бұла таланты енді ашыла бастаған шақта Есмырза би бастап, бүкіл әулетімен Әулиеата жеріне көшіп барады. Бұл жайлы Ұлбике:
– Төменнен жеті көшіп, өрге келдік,
Жеті әулие тоғысқан жерге келдік, – деп толғайды.
Ұлбике Жангелдіқызы арнайы оқып, білім алмаса да жастайынан өздігімен ізденіп, оқу, білімді игерген, сауатты, ой-өрісі кең адам болған. Білім деңгейінің биіктігі сондай, онымен айтысуға өзге ақындар үлкен дайындықпен келеді екен. Күдеріқожа мен Таспақожа – Ер Көшектің балалары, ағалы-інілі ақындар. Сол Күдеріқожамен Ұлбике ақын үш рет айтысып, бірде жеңіліп, бірде жеңіп, таразы басы кейде тең түсіп отырған.
Ұлбике Жангелдіқызы қазақтың қайым айтысының ұшар басындағы алғашқы қарлығаш десек, артық емес. Ер Көшек баласы Күдеріге: «Балам, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұқараға барып, үш жыл оқып кел, әйтпесе, онымен сөз қағыстырып әуре болма» деген көрінеді. Сонда Күдері әкесіне: «Ұлбикені тоқтататын бір ауыз сөз тауып бер» деп өтініш айтқан көрінеді. Сонда әкесі: «Жиырма тоғыз ғаріпті бір-ақ ауыз өлеңге сыйдырып айт. Екі ғаріпті қалдырып кет, соның қалғанын Ұлбике ақын білсе, одан әрі қарай айтысу бекер. Оның өкпесінде өлең жазылған» депті.
Кезекті айтыс кезінде Күдері әкесі айтқандай «шын» мен «жиымды» сөзден аяқсыз қалдырып, өлеңмен айтқанда, аңғарымпаз ақын қыз:
– Қожеке, өлең айттың, кітап аштың,
Жау қуды ма, асығып, неге састың!
«Шын» мен «жиымды» қалдырып, қара басып,
Құранды аяғыңа қалай бастың? –
деп сол жолы Күдеріні жеңген екен.
Менің қолымда Қадыр Мырза Әлидің 10 томдық шығармалар жинағы бар. Бұл кітапқа 2 бөлімді, 5 көріністі «Мың бір мұң» трагедиясы да кіріпті. Бұл драмалық шығарма негізінен Ұлбике ақынға, оның өміріне, шығармашылығына арналған. Оны тебіренбей, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Ақын өмірінің ең азапты, аянышқа толы сәттері де сол тұрмысқа шыққаннан кейін басталады. Жастайынан атастырылып қойған ақын қыз ұзатылғаннан кейін, өнерден, өлеңнен еш хабары жоқ нойыс Бойтанның талабымен домбыра шертуді, айтысуды қойып кетеді. Бұл жайлы Ұлбике ақын: «Тұнжыраған тіршілік, өліп барам тұншығып» деп аһ ұрады.
Таспақожамен айтысында Ұлбике ақын Бойтанның адымын аштырмай, әр басқан қадамы аңдулы екенін білдіреді.
– Әркім аттар шамалап арығынан,
Тамшы тамар тостақтың жарығынан.
Екі аяқты еркекте мін болмайды,
Қыз да аңғарар жігітті парығынан.
Жастай өскен жерімде бағыланмын,
Ұзап кетсем елімді сағынамын.
Қабыланның қолына түсіп қалдым,
Жазғанына жазмыштың не қыламын?!
Көшкен елдің жақыны, ұзағы бар,
Таулы-тасты, шөл дала құзары бар.
Қайда барсам, жолымды кес-кестейтін,
Құрып қойған Бойтанның тұзағы бар, – деуінен көп нәрсені аңғаруға болады. Десе де, қатар-құрбы, жырсүйер қауым, оны үйіне іздеп келетін болған. Қолқалап айтысуын, домбыра тартуын өтінеді екен. Осындай кештерден кейін ақын қыз үнемі таяққа жығылып, басы жарылып, азапты күндерді басынан өткеретін болған.
Тағы бірде көрші ауылда қыз ұзату тойы өтетін болады. Бойтан әдетінше серілік құрып, қыдырыстап кетеді. Ұлбикенің қайнылары мен қайынсіңлілері одан тойға баруын, айтысқа түсуін, өлең айтуын өтініп, бәйге алып, ауыл мәртебесін көтеруді сұрайды. Ұлбике күйеуіне серт бергенін, уәдені бұзбайтынын, оның рұқсатынсыз тойға бармайтынын, өнер сайысына түсе алмайтынын айтады. Жастар оның бұл уәжіне келіспей: «Егер атаң рұқсат етсе барасың ба?» дейді. Сонымен жастар рұқсат алып, Ұлбикемен бірге тойға барады. Ақындардың ешбіріне дес бермей, жүлдені де алып, құрмет-қошеметке бөленген Ұлбике тойдан көтеріңкі көңіл күймен келгенде, алдынан қаһарына мінген Бойтан шығып, қақ маңдайдан ұрады. Сол алған жарақатынан қансырап, үш күн жатып, Ұлбике ақын жан тапсырады. Бұл кезде ол небәрі 24 жаста еді.
Ұлбикенің төркіні ошақтылар сіргелілерден құн даулайды. Екі жақтың ақсақалдары өзара кеңесіп, құн дауын шешуді діни ғұлама би, оқымысты Күдеріқожаға тапсырады. Ол халыққа қарап: «Құнды бидің билік жолымен немесе Пайғамбардың шариғат жолымен шешейін бе?» деген сұрақ тастайды. Сонда халық шариғат жолымен шешуді таңдапты. Сөйтіп Ұлбикенің денесін сойып, өкпесін ашып көргенде, жыпырлаған жазуды көреді. Мұны көрген би Ұлбикенің құнына Бойтанды өмірлік құл етуге, 150 жылқы, 18 «жақсы» төлеу жайлы үкім шығарады. «Жақсы» деген қалы кілем жабылған түйе бастаған қазақтың тоғыз ең асыл мүлкі. Бұл үкімге екі жақ та риза болып тарасыпты.
«Бұл қазақтың билік тарихында үш ердің құны болып саналады. Сол кездегі заңдарда («Қасым ханның Қасқа жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысында») әйелдің әулиесіне бір ердің құнын кесу белгіленген. Ал үш ердің құны тек қана үш жүздің ханына не бас қолбасшысына ғана бұйырған. Күдеріқожа қазақтың билік тарихында шариғат ұйғарымын пайдалана отырып, мұсылман конституциясы – Құранға жүгініп, әйелге, Ұлбикедей қазақтың асыл аруына үш ердің құнын кескен тарихи, бірегей билік шығарған» деп жазады мемлекет және қоғам қайраткері С.Шаухаманов.
Биыл қайым айтыстың хас шебері Ұлбике Жангелдіқызының туғанына 200 жыл толады. Мәңгілік тыныстаған Әулиеата жерінде, Тараз қаласында Ұлбике атындағы көше бар. Қаратау қаласындағы мәдениет үйіне есімі берілген. 2005 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осы мәдениет үйінің алдына ақынға арнап ескерткіш орнатылды. Бұл Ұлбике ақынның рухын қастерлеу, оның өнеріне бас ию деп түсіндік.
Сәуле ЕРІМБЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<