Айрықша адал абитуриент
Біз журфактың сексен бірінші жылғы абитуриентері едік. Үміткерлердің атағынан ат үркеді.
Тұманбай ағам басқаратын «Жалынға» жетінші класында оқып жүргенде етектей ертегі-әңгімесі жарық көрген жас қаламгер Аймен Әбдірасова, «Қазақстан пионерінің» бетін бермей тұрған атақты бала тілші Мұратбек Тоқтағазин, жазған-сызғаны екі-үш қалың папканы құрайтын Әнуарбек Әуелбеков, Жетісудің жыршы қызы, журфактың «Ақын Сарасы» атанған Нұрмира Әлішерова…
Оны айтасың, осы жас өскіндердің ішінде еңгезердей екі жігіт ағасы жүр. Біреуі өңіріне Журналистер одағы мүшесінің белгісін тағып алған. Екіншісі одан да ересек.
Оның жасы отыз төртте. Журфакқа келгендердің бәрінің де жазғандары жетіп артылады.
Осы қаптаған «классиктердің» ішінде бір жігіт елеусіздеу ғана жүрді.
Құжат тапсыратындардың өшіретінде тұрғанда да тәртіп сақтайды. Кимелеп алға ұмтылмайды. Бір қарағанда момақан көрінеді. Бірақ тым жуас емес екен. Шашы үрпиген бір орыс жігіті бәріміздің басымыздан аттап, алға ентелеп бара жатыр еді, екі ауыз сөзбен бетін қайтарып тастады. Орысшаға тым жүйріктігін байқап қалдық. Оның орысшасынан әлгі орысың інгендей қайқаңдап кетті.
Қолына ұстаған мақалаларын тіккен папкасы жұқалау көрінді. Біздің де папкіміз аса қоңдылау емес еді. Шабысымыз сірә шамалас шығар деп ойлап, жұқалап барып танысып алдық. Аты Исағали екен. Құжат тапсырған соң біз оған еріп кеттік.
Алматының қойын-қонышын түгел біледі. Мына тұрған Талғарда туып-өскен бала. Әр емтихан сайын таңертең бірге келіп, тізімді қараймыз. Өтсек, қала аралап қыдырып кетеміз. Өтпегендер ұнжырғасы түсіп үйіне қайтады.
Бір күні бәріміз кезекті емтиханнан өткенімізді кешке дейін тойладық. «Енді келесісіне әзірленеміз ғой», – деп құшақтасып қоштасып жатсақ, Исағали: «Ал жігіттер, жолдарың болсын! Мен құлап қалдым ғой», – дейді. Біз, өңкей өлермен, ашкөз пенде, оның өтпей қалғанын білмеппіз.
Тізімнен өзімізді ғана қарап, оған тіпті де зер салмаппыз. Оның өзі болса, мүлде сездірмепті. Басқа біреу болса, қолын бір-ақ сілтеп кетіп қалар еді. Ол біздің көңілімізді қимай, бірге тойлап, дәлірек айтқанда, бізді тойлатып, қасымызда күні бойы күліп жүріпті…
Журфакқа түскен депутат
Сол жылы ол сырттай оқуға түсті. Бұған біз қатты қуандық. Бәріміз оның алдында біртүрлі кінәлі сияқты болып жүргенбіз. Қатар оқитын болдық енді. Оның сессиясына керек болар деп, конспектілерімізді жинай бастадық.
Исағалиды тағы бір қырынан таныдық. Ол Талғар аудандық кеңесінің депутаты екен. Еңбегімен елге баяғыда танылған озат жұмысшы көрінеді. Бүкіл ауылға жылу беретін кәдімгі қазандықтың жұмысшысы. Майталман маман болған соң ба, табысы директордың айлығынан кем емес.
Ол журфакқа келген сайын бір жырғап қаламыз. Бүкіл курсты асханаға алып барады. Әкеден ерте қалған соң шығар, жұрттан қамқорлығын аямайды. Ара-тұра Мәскеуде оқитын ағасы Исаханға ақша салып тұрады. Иә, сол кейін ВЛКСМ Орталық Комитетінде қызмет істеген, Парламент Мәжілісінің депутаты болған, белгілі кәсіпкер Исахан Әлімжанов.
Ағаларының атын атағанда өлең оқығандай боласың: Мұсахан, Мұсағали, Исахан, Исағали…
Оны бір көрген адам қатардағы студент дей қоймайды. Өзі соңғы модамен киеді. Сол киімінің бәрі керемет жарасып тұрады. Елдің қолы жете қоймайтын тәуір дүниенің бәрі соның үстінде болады.
Қымбат пальтосы мен былғары етіктерін «Тойға барып келейін» деп сұраған студенттерге ойланбай бере салады. Оны олар өздері әкеп бергенше іздемейді де.
Сөйтсек, әкеден ерте қалған ұл аға-інілеріне, әпке-қарындастарына көмектесу үшін күн-түні жұмыс істеп, қомақты табыс табады екен. Қара жұмысқа әбден ысылған.
Қаржысы көп қазандықтан күйелеш-күйелеш болып шығып, себезгінің астында тұрып жуынып алған соң оны танымай қаласың.
Айнадай жалтыраған әдемі көзілдірігі, сәнді шаш қойысы оны журфактың сырттай оқитын ашқұрсақ студентінен гөрі әлдебір әлеуетті мекеменің басшысына ұқсатып көрсетеді. Аудандық кеңестің депутаты емес, Жоғарғы Кеңестің депутаты секілді алшаң басып жүреді.
Сыртқы үйлесім мен сырбаз кейіптің мысы баса ма, оқытушыларымыздың өзі онымен асқан ілтипатпен сөйлеседі. Әншейінде бізге екі сөзге келмей жекіре жөнелетін ағайлар мен апайлар Исағалиға келгенде иіледі де қалады.
Аты Исағали болған соң шығар, кейде батыс беткейдің бірқатар оқытушылары оны емірене иіскеуге бейіл тұрады. Ондайда жетісулық жігіт жымың-жымың ете қалады. Зорлық пен зобалаңды көп көріп, әбден зәрезап болып қалған қарт ұстаздардың кейбірі «анау атышулы мекеменің адамына ұқсай ма қалай?» – деп, одан ептеп ішін жиып отырады.
Ал күні бойы министр секілді маңғазданып жүретін ол кешке қара күйе баттасқан қазандығына қайта кіреді…
Тұңғыштар тобының тағылымы
Тоқсаныншы жылы «Ана тілі» газеті ақпарат кеңістігіне жарқырап шықты. Бұл ұлттық сананың оянып, арыстардың ақталып, халқымен қайта табысып жатқан кезі еді. Жиырма жыл «Жас Алаштың» мектебінен өткен Жарылқап Бейсенбайұлы басқаратын «Ана тілі» жұрттың көкейіндегіні тап басты.
Сол жылдарда газет үтір-нүктесіне дейін оқылды. Аз жылда айбарлы басылымға айналды. Жақаң таңдаған «Ана тілінің» тұңғыш кадрлары істі бірден дөңгелентіп әкетті. Қай-қайсысы да өз кәсібіне адал болды. Бәрі де «Ана тілінің» айбарлана, өткірлене түсуіне үлес қосты. «Ана тілінің» алғашқы қарлығаштары шетінен тұлпар болып танылды. Бүгінде солардың біразы бір-бір ақпарат мекемесін басқарады.
Басылым қабырғасында тәрбиеленгендердің арасынан бірнеше ғылым докторы шықты.
«Ана тілі» газетінің тұңғыш жауапты хатшысы Ертай Айғалиевтің тұңғыш орынбасары болып Исағали Әлімжанов қызмет істеді. Жарылқап Бейсенбайұлының журналистикадағы бапкерлігіне ешкім де күмән келтіре алмайды. Қаламгерлерді қайрай білгені өз алдына секретариаттың қызметкерлерін де шарболаттай шыңдап шығарды. Жақаң – талай жыл макет сызған, беделді басылымның жауапты хатшысы болған адам. Сондықтан газеттің жаңарып-жасанып тұруына айрықша мән береді. Сол жылдарда «Ана тілінің» елдің назарын аударып, жұтынып шыққаны баршаға белгілі. Міне, Исағали осындай мектептен өтті. Тағы бір тәжірибелі секретариат серкесі Ертай Айғалиұлы ағасынан да көп нәрсе үйренді. Ара-тұра өзінің қызмет істеген алғашқы басылымына толғандырған тақырыптар туралы мақала жазып тұруға да уақыт тапты.
«Ана тілінің» бизнестегі өкілі
«Ана тілі» ел ішіне кең тарап, оқырманның айнымас серігіне айналған жылдарда нарықтың дауылы үдей түсті. Қазақтың бірқатар жігіттері кәсіпкерлікке бет бұрды. Жасынан өз бетінше тірлік етуге үйренген Исағали да өзін сынап көруге бел байлады. Есімін елге танытқан Жарылқап ағасына рахметін айтып, үлкен іске тәуекел етті.
Шағын кәсіпорын ашып, оны іргелендірді. Қазақстанның мекемелерін компьютермен қамтамасыз етумен айналысты. Руханиятқа пайдалы жобаларды іске асырды. Білім саласындағы технологияны дамытуға үлес қосты. Қысқасы, ол шағын тіршілігі бар қатардағы кәсіпкерден атағы жер жарған «Алси» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағалығына дейінгі жолдан өтті.
Ұлттық мүддені көздейтін шараларды өткізуге демеуші болды. Қазақ қаламгерлерінің кітаптарын шығаруға қаражат бөлді. Сөйтіп, жүрегінде жылуы бар меценаттардың қатарынан табылды. «Ана тілі» газетінің редакциясына келгенде отызға да тола қоймаған жас жігіт еді. Енді міне, ойы орнықты, сөзі салмақты, абыройлы азаматқа айналды.
Газетті әлі күнге дейін жаздырып алып оқиды. «Ана тілінің» сонау Жарылқап Бейсенбайұлынан бастап бүгінгі Қали Сәрсенбайға дейін жалғасып келе жатқан дәстүрлі жолын үзбей қадағалап отырады. Өзін «Ана тілінің» бизнестегі өкілімін деп есептейді.
Алдағы жоспарлары да айтарлықтай. Қызмет жолын «Ана тілі» сияқты қасиетті қара шаңырақтан бастаған журналист-кәсіпкер енді БАҚ төңірегіндегі бизнеске қарай ойыспақ. Бұл жобалары жүзеге асса, ұлт журналистикасы үшін үлкен жаңалық болар еді. Кәнігі журналистердің бәрі бірдей кәсіпкерліктің қыр-сырын біле бермейді. Ал сыралғы кәсіпкерлердің дені журналистиканың ой-шұқырынан хабардар емес. Осы екі саланы да жетік білетін Исағали Әлімжановтың ұлт пен жұртқа пайдасы көп болмақ.
Кәсіпкердің тек кәсібін ғана емес, ұлттың бесігін де ойлап жүргені қандай жақсы!
* * *
Бүгін сол Исағали досымыз алпыстың алтын қақпасын қағып тұр!
Бауыржан ОМАРОВ,
Филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<