Қар бораған күн

168

0

Осы 2025 жылдың бастапқы айы еді. Дәлме-дәл айтсам, қаңтардың 7-ші жаңасы. Ертеңгілік. Қар борады. Аязы жоқ, жып-жылы. Жылып ериді. Күліп ериді. Бір жаңалық күткендей-ау. Айт­қандай-ақ, облыс әкімі Н.Нәлібаев бас­таған, облыстан Парламентке сай­ланған депутаттар түгел дерлік келе қалды.

Сөйтсек, ауданда алғашқы «Жай­лы мектептің» құрылысы бітіп, со­ның ашылу салтанатына жиналған екен­біз. Аймақ басшысы құттықтау сөз сөйледі. Содан кейін бірсыпыра аза­маттарды марапаттады. Екі-үш қария алғаннан кейін диктордың «Арал аудан­дық ауруханасы хирургия бөлім­шесінің меңгерушісі, ауданның құр­метті азаматы Жүсіпов Әмірхан мара­пат­талады» деген дауысы саңқ етті.

Орта бойлы, толықша келген, жа­уырынды, мығым денелі жігіт ағасы кең қадамдап облыс әкімінің алдына келді. Омырауына «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тағылды. Суретке түсті. Салтанатқа жи­налған халық ұзақ қол соқты. Себебі, оның қызметіне алғыс айтқандар бар­шылық еді. Әсіресе, менің жаныма жайғасқан қаламгер, ұстаз, қоғам белсендісі Аманжол Жолмағамбетов айрықша ықылас танытты. Мен оған таңдана қарадым. «Аға, айрықша ша­палақ соғуымның мәнісі былай…» дей бергенде, «Жайлы мектептің» сал­та­натты лентасы қиылып, көпшілік іш­ке лап қойды. Біз де сол толқынның ара­сында кеттік. Аманжол інімнің әңгі­месі аяқталмай қалды.

Жұрт ұйқыда, ол ояу

– Жексенбі, яғни демалыс күні еді, – деді Аманжол інім баяу тіл қатып, – кешкі асты ішіп болып, дастарқан жиналған кезде Болатбек балам «ішім бүріп барады» деп жерге домалады. Зәре кетті. Жеті балам бар. Үлкені 13 жаста. Бұрын Гүлшат қызымнан айы­­рылып, қапа болғанмын. Жедел жәр­демді ша­қырдым. Олар баламды алып кетті. Ке­зекші дәрігер және басқалары көріп жатты. Менде шыдам таусылды. Қараңғы түн. Жұрт ұйқыға кеткен. Әрі демалыс күні. Танымал хирург, та­лайды төнген ажалдан құтқарған Әмір­хан Жүсіповке телефон шалдым. Ояу екен. «Осылай да осылай» деп баян еттім.

– Қазір, барамын, аға! – деген жа­уабын естіп қуанып қалдым.

Келді. Көрді. Кідіртуге болмайды. «Операция столына!» деген пәрмен бе­рілді. Маған «Үйге қайта беріңіз, пә­лендей қауіп жоқ» деді.

Қайдағы қайту! Залды кезіп жүріп алдым. Бір кезде ақхалаттылар да шықты-ау!

– Бір тамыры үзілген екен, тігілді. Енді демалуыңызға болады, – деді Әмір­хан күліп.

Мен де күлдім. 3-4 сағаттан кейін Болатбек баламның өзі «папа, жақсы­мын!» деп хабарласты. Сонда барып «уһ» деп дем алдым. Әлгі шапалақтың хикаясы осындай еді. Осындай хәлге ұшыраған, жалғыз мен бе екен?

***

– Бір себептермен аудан орталығы­на барғанымда оң жақ бүйірім түйі­ліп, ауырып, мазамды алды, – деп жа­зады «Жаңақұрылыс» ауылының сөз ұстар төрешісі, ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Сердалы Шалбаев. – «Соқырішек» дейін десем, оған бір­неше жыл бұрын ота жасатқанмын. Содан хирургия бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі хирург Әмірхан Жүсіпов мені әлденеше тексеруден өткізіп, бүй­регімнің бойында тас бар екенін анықтап, жүрегімнің әлсіздігіне бай­ланысты облыстық ауруханада емде­луге кеңес айтып, жолдамасын жазып берді. Мұнда мың жасағыр хирург Еркін Қонысұлы Ысқақов жасаған ота сәтті аяқталды. Қалайша разы бол­массың!

Осындай жылы лебізді Әмірхан Жүсіповтің ондаған, тіпті жүздеген пациенттерінен естуге болатын еді. Ол 2004 жылы-ақ «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісін алып үлгірген-ді. Және осы жылы Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «Жылдың үздік дәрігері» де атанған-ды.

Міне, осы және тағы да басқа жи­нақтаған деректерім сырқат жандардың арқасүйер азаматына айналған, 43 жыл бойы қолынан қандауыры түспеген Әмірхан Ізбайырұлымен сұбхаттасуға, кездесуге шақырғандай болды.

Рига түбіндегі айқаста

– Әмірхан Ізбайырұлы, биыл, яғни осы 2025 жылы жаһандық деп аталатын 1941-1945 жылдар аралығындағы со­ғыстың аяқталғанына 80 жыл тол­ды. Өзіңіз көпке танымал дәрігер-хи­рург­сіз, ал әкеңіз осы соғысқа қатыс­қан майдангер деседі. Оған дейін қайда болған, нендей жұмыс істеген? Сол жайында ақпарат берсеңіз…

– Әкем 1918 жылы теңіз жаға­ла­уындағы шағын қыстақта дүниеге кел­ген. Әуелі ауыл молдасынан дәріс алған.

Одан кейін үш жыл сауат ашу кур­сында оқыған. Жастай жұмысқа ара­ласқан. «Сексеуіл» стансасында те­мір­жолшылық міндет атқарған. 1939 жылдың басында, Герман-Ке­ңес соғысы басталмастан бұрын-ақ Отан алдындағы әскери борышын өтеу­ге ат­танған. Алғаш рет фин-кеңес теке­ті­ресіне қатысып, Ленинградты қор­ғаған жауынгердің бірі.

– Апыр-ай ә? Ленинградты қорға­ған дейсің бе? Оны «Қысқы соғыс» деп атайды. 1939 жылдың 30 қарашасында басталып, 1940 жылдың 12 наурызында аяқталған. Кісі өлімі де көп болған. Аман-есен шыққан ба?

– Иә, құдай сақтаған Ленинград маңындағы 376-атқыштар дивизия­сының 1948-полкінде болып, әскери міндетін өтеген. Одан соң сол 1940 жылы Балтық бойы республикаларын Кеңес үкіметіне қосу операциясында көзге түскен.

– Бұдан әрі 1941 жылдың жазында соғыс басталды. Елге қайтқан ба?

– Қайдағы елге қайту? Бас-аяғы сау адам Ленинградты, Эстония, Литва, Латвияның қалаларын жаудан босату шайқасының да қақ ортасында жүрген. 1945 жылдың бастапқы айларының бірінде Рига түбіндегі соғыста ауыр жарақаттанып, госпитальға түскен. Әкем, жалпы төрт рет жарақат алған. Сол Прибалтика майданында жүргенде «Даңқ» орденімен марапатталған. Же­ңіс күнін де Ригада қарсы алған. Бұл мәліметтің бәрі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен келді.

– Ойпыр-ай, не деген жанкештілік. Ленинград қаласы 900 күн-түн жау­дың қоршауында болды. 1944 жыл­дың жазында ғана қоршаудан толық тазартылды. Ал Латвияның аста­насы Риганы 1944 жылдың қазан айын­да Прибалтика майданының жауын­гер­лері азат етті. Тарих осылай дейді. Демек, әкеңіз Ізбайыр Шамалұлы Жү­сіпов осы қанды жорықта ауыр жа­раланды. Арал қаласынан әкеңіздің атына көше берілу рәсімін ерлікке тағзым деуге болады.

– Елге оралып, емделіп, сауыққасын жұмысқа орналасқан болар?

– Иә, Аралдағы обаға қарсы күресу стансасында зейнетке шыққанша ең­бек етті. Анамыз Маутай Молымбет­қызы екеуі бала-шағасының қызығына бөленіп, бақуатты өмір кешті.

Гудок

– Қалың оқырман майдангердің ұлы, бүгінгі көпшілікке танымал хи­рург­тің, яғни сіздің жастық кездегі ар­ман-қиялыңызды білгісі келеді. Теңіз жағалауында өскендердің ақын бол­мауы мүмкін емес деген де тағы­лым бар ғой!

– Теңіз жағалауында өскенім рас. Осы Арал қаласындағы №15 орта мек­тептің түлегімін. О кезде теңіз суы толы болатын. «Аралбалықтресі», Арал теңіз порты, кеме жөндеу зауыты сияқ­ты өндіріс орындарында еңбек көрігі қызып жататын. Ертеңгілік жұртты жұмысқа шақырған кеме жөн­деу зауытының гудогі бізді де оятып, «Тұр, тұр, сіздерді ұлы істер күтіп тұр!» дегендей қамшылайтын, құлшындыратын. Содан ба, жазушы-ақын болуға талаптандым. Батырлар жырын ынта қоя оқыдым. Сізге ай­тайын, үшінші сыныпта-ақ роман, по­весть, поэма жазып тастадым.

– Е-е, қойыңызшы, рас сөз бе?!

– Ып-ырас. Біраз өлеңді қағазға төктім. Сөйтіп «Толқын» газетіндегі Серік ақынға бардым. Оқыды, оқыды да, темекісін бұрқыратып шегіп оты­рып:

– Бауырым, бұл сенің қолың емес, – деп кесіп айтты.

Онысы да дұрыс болды, әйтпесе әлі талай дәптерді ши­майлайтын едім.

– Ал сонда медицинаға қалай келдіңіз?

– Бірде «Сексеуіл» станциясына бара қалдым. Сонда Масаты есімді ет жақынымыз бар-ды. Оныншы сынып­тағы кезім. Ер жеттім. Әлгі кісінің түсін көріп шошып кеттім. Қиналғаны-ай! Сөйтсем өңеш обырына шалдыққан екен. Сол арада дәрігер болуға шешім қабылдадым. Әкеме айтып едім. Со­ғыста болған, әлденеше рет жарақат алған, ақ халаттылардың жедел жәр­демінен аман қалған кісі ғой. Мені қолдады. Атырауда тұратын зейнеткер қарындасы, дәрігер Күлімханмен ақыл­дасып, ақыл-кеңес алуға мені сонда жіберді. Со жақтан Алматыға кеттім. Әні, менің дәрігерлікті таңдауымның жөні осылай.

Қызықтырып қияға жетелеген…

Ол Алматыдағы мем­лекеттік медициналық институттың «Емдеу ісі» фа­культетіне түсті. Осында үш жүзге тар­та замандасымен бірге оқыды. Алдыңғы сапта болды. Әсем Алматыны аралады. Кітапханаларда ұзақ отырды. Спорт кешеніне, театрға, киноға, оқ­тын-оқтын ауруханаларға барып, ма­мандығы бойынша практикадан өтті. Ұстаздары кілең дөкей. Профессорлар Михаил Иванович Брякин, Ишанбай Қарақұлов, Аркадий Борисович Райз, Бейнеш Оразұлы Жарбосынов, Мұх­тар Әлиев, Камал Ормантаев, Ха­ниса Қанышқызы Сәтпаева, Тұрар Кө­кеев сынды біліктілер еді. Бұлар шә­кірт­терін қызықтырып қияға жетелеген ғұламалар болатын. Әйтсе де бірдеңе жетіспейтін сияқты. Ол не? Өзі де білмейді. Солайша екі жыл зулап өте шықты. 3-курсқа барды. Әлі солай. Абай дана «Ойсыз күнім болмайды» деген ғой. Менің кейіпкерім студент Ізбайырұлы да солай. Сабақтан шы­ғып, жаяулап келе жатты. Алматының көк желегі қысы-жазы көз тартады да тұрады. Жолдың арғы бетіне өтуі ке­рек. Қызыл свет жанды. Машиналар тұра-тұра қалды. Жедел жәрдем ма­ши­насы «Маған жол бер» дегендей белгі берді. Өзге көліктер ол өткесін қоз­ғалды. Осы тұста Әмірхан «Ох-х» деп қалды. Міне, осы-осы! Кешкі астан кейін «Жедел жәрдем» ауруханасына тарт­­ты. Ци­булин деген хирург бар екен.

– Қандай шаруамен келдіңіз, мо­ло­дой человек, – деп жылы қарсы алды. Әмірхан болса, медицина инсти­туты­ның 3-курс студенті екенін, бола­шақ хирург болатынын, тәжірибе жи­нақ­тау үшін оқудан бос уақытында, түн­гі сменде ақысыз жұмыс істегісі келе­тінін айтты.

– Очень хорошо, хорошо! Еріктілер сияқты ма?

– Иә, солай десе де болады.

– Әне, жедел жәрдемге шақыру түс­ті. Машинаға отырып, сырқатты әке­луге көмектесіңіз!

– Менің жалақысыз қызметім осы­лай басталды, – деді сұбхаттасым сту­денттік өмірін еске алып, – нау­қастарға күтім жасаймын, операцияға дайындаймын, жуындырып-шайын­ды­рамын. Білмегенімді Цибулиннен сұ­раймын. Ол мені жассынбайды. Мұқият түсіндіреді. Алғаш рет «асқазанның тесілуі» деген диагнозды дәл қойып, тәжірибелі хирургтерден мақтау сөз есіттім. Бұл мені қанаттандырды жә­не ынталандырды. Көп оқып, көп із­дендім. Қазір де солаймын.

– Алғаш рет жасаған операция есіңде ме?

– Әрине, есімде. Бүгінгідей көз ал­дымда. Аталған аурухананың опе­ра­ция залында бір мезгілде үш опе­ра­ция жасалады. Мен ассистент ре­тінде көмектесемін. Бірде мынадай оқиға болды. Түнгі сағат үштердің ке­зінде аппендицитпен келген нау­қасқа Адамов деген хирург «Өз бе­тің­ше операция жасай бер» деп өзі кетіп қалды. Бір уақытта ұстазым, про­фессор Т.Денякиннің кіріп келмесі бар ма? Сөйтсем науқас оның жақыны болып шықты. Содан операция жасап жатқан адамның студент екенін біліп, Адамовқа қатты ұрысты. Ол кеткесін де Адамов маған «Операцияны жал­ғастыра бер» деді. Жалғастырдым. Сыр­қат ақи-тақи жазылды. Төрт ай жүрдім. Біраз нәрсе үйрендім. Тұла­бойым жеңілдеп, сергіп қалдым.

– Содан бері «студент-хирург» атан­дым десеңші!

– Құрбы-құрдастардың әзілі ғой. Десе де астарында шындық бар-ды.

Интернатурадан өтерде…

– Сіздің Алматы мемлекеттік медициналық институтына 1976 жы­лы түсіп, 1982 жылы «Емдеу ісі» ма­мандығы бойынша үздік диплом­мен бітіргеніңізге кезінде біз де қол соқ­қанбыз. Жолдаманы қай жаққа ал­дыңыз?

– Жолдаманы Қызылордаға алдым. Бір топ студент келдік.

Менің жолым болды. Басқа әріп­тестерімнің білім ұштастыруы облыс­тық ауруханада өтуі тиіс болса, ме­нің бір жылдық интернатурадан өту мерзімім қалалық ауруханаға түсті. Және жалғыз өзім. Мұнда кейін об­лыстың бас хирургі болған М.Кәрі­баев­тың медицина ғылымының кан­ди­даты Қ.Оразбаевтың және трав­матолог Е.Бейсетаевтың, уролог Ш.Әл­на­заров­тың, Б.Бекішовтің өзін­дік мектебінен өтіп, солар жасаған опе­рация­ны өз бе­тімше жүргізе алатын деңгейге көте­рілдім.

– Әмірхан, сіз 1982 жылдың 2 та­мызында Қызылорда қалалық ауру­ха­насының дәрігер-интерні болып тір­келіп, 1983 жылдың 1 тамызында Арал аудандық ауруханасының дәрігер-хи­рургі болып тағайындалыпсыз. Ту­­ған жерге жұмысты бастадыңыз. Ойын­­да қалған, әлі есіңде жүрген жай­лар бар ма?

– Бар әрине. Тіпті баршылық. Ва­рикоз дертінде сафенэктония деген хи­­рур­гиялық тәсіл бар. Облыста өз бетімше жасап көргенмін. Бірақ мұн­­да арнайы аспап жоқ. Сонымен гита­­раның (өзімнің де музыкалық аспап­­тарға икемім бар ғой) 7 ішегін залал­­сыздандырып, сол аспапқа ұқсас құралды өзімше құрастырып, опера­цияны сәтті аяқтадым.

– Тағы бірін айтыңызшы?

– Бұл алғаш рет өт шығару жолына жасалған реконструктивтік операция болатын. Бір науқас асқазанының ойық жарасының тесілуі диагнозымен ау­руханаға жатқызылды. Шұғыл жағ­дай. Дереу операция столына алдық. Ішін ашып көргенде асқазаны сау. Бас­қа жағында өзгеріс жоқ. Жараны жаптық. Әрі қарай бақылауда. Ер­теңіне науқастың денесі түгел сар­ға­йып кетті. Ол кезде УЗИ, МРТ, КТ деген жоқ. Клиникалық белгілері мен анализдеріне қарап «Механикалық сар­ғаю» деп шештім. Облыстың бас хирургі С.Құлсартовпен телефон ар­қылы сөйлестім. Ақыл-кеңес сұра­дым. Мен ниеттенген операция бұ­рын Аралда жасалмаған. Облысқа жол­­дауға науқас алыс жолды көтере алмайды. Сонымен әріптес аға «Өзіңе сенімді болсаң, жасай бер» деп рұқсат етті. Жанымда жас хирург Амантай Нұрпейісов, балалар хирургі Айзада Жұмағалиқызы Хайрова болды. Бәрі­міз бірлесіп, қажетті операцияны ат­қарып шықтық. Өт шығару жолында көлемі 1,5 см-дей болатын тас тұр екен. Сол өттің шығар жолын бөгепті. Сыр­қат сауықты. Науқас үйіне көңілді қайтты.

– Не деген қуаныш, не деген бақыт сыйладыңыздар, ә-ә!

– Ауруханада онколог та, бас дә­рігердің емхана және емдеу ісі жө­нін­­дегі орынбасары, уролог және хи­рур­гі болып та қызмет атқарып, 2014 жылдың 15 қазанынан бері осы уақыт­қа дейін хирургия бөлімінің мең­геруші мін­детін атқарыпсыз. Әріптес әрі сыйлас дәрі­герлерден кімдерді атар едіңіз?

– Бұл өте дұрыс сұрақ. Асылбек Ізмағамбетов, Досхана Ранов, Махмуд Бекетов, Самат Ілиясов, Асылхан Нұр­қожаев, Ғабит Нұрғалиев және Әмилия Кохонова болды. Менен бір жыл бұрын Аралға келген Толыбай Медетов те білікті хирург екен. Толыбаймен біраз жыл сыйластым. Ал лапороскопиялық-гинекологиялық операцияларды На­батхан Ташкановамен бірлесіп жаса­дым. Науқас әйелдерге көп көмегіміз тиді. Бұрын бедеуліктен қапа бол­ған­дар бала сүйді.

Санкт-Петербург сапары

– Екі өнертабыс патентінің иегері­сіз. 2001 жылы ине қыстырғыш құралы­на, 2003 жылы урология ғылыми-зерттеу орталығының профессорлары М.Алшынбаев, С.Қосымжановпен бір­ге аденома орнынан қан тоқтату құрыл­ғысына патент алдыңыз жә­не республикалық «Медицина» журна­лы­ның үш, ал «Вестник хирурга Ка­захстана» журналының төрт номеріне проблемалық мақалаңыз шығыпты. Сонымен қатар «Арал аудандық ау­руханасы жағдайында бауыр жара­қатын хирургиялық емдеу» деген кө­лемді шығармаңыз Мәскеуден шы­ғатын «Анналы хирургической гепато­логии» журналында жарияланыпты.

– Иә, бұл өзі қызық болды. 2007 жылы Санкт-Петербург қаласында хи­­рургтердің ХІV халықаралық кон­гресі өтетін болған. Мен ғаламтор ар­қылы хабарласып, әлгі баяндамамды жолдадым. Қыркүйек айында менің баяндамам ұнап, конгреске шақыру алдым. Денсаулық министрлігі де, облыстық басқарма да мұны білмейді. Конгресс туралы әңгімені аудандағы белгілі кәсіпкерлер Қуанышбай Ер­ді­халықов пен Тоғыс Жұмашов ес­тіп, «Үлкен мегаполистен жел айдап кел­ген құрметті құп алу керек. Жөнел Санкт-Петербургке, ата-бабаң барған жері, сыбағасын алған жері, жаса баяндамаңды, тартыңба, көрсін әлем жұрты, бостандық алған қазақ елінің ұл-қыздары қандай екенін, қабілетің жетеді, сен де ал үлесіңді» деп екі ағам жігерімді жанып-жанып жіберді. Жол шығының бізден деп, ой-хой, айқайды салсын. «Барсакелмес» қо­ры­ғының директоры Зәуреш Әлім­бет­ова сол қаладағы жұмыстасы Дмит­­­рий Алексеевич Елесеевке қо­ңы­рау шалып, таңғы 6.00-де вокзал­дан күтіп алатынын айтты. Бәрі айт­қандай болды. Конгрестегі баянда­мам мазмұнды шықты. Маңғаз ға­лым­дар­­дың өзін таңғалдырдым. Атақты про­­фессорлар Ю.Пятутко. В.Виниев­ский және А.Журавлев сынды бауыр хирургиясының нағыз майталмандары оң баға берді. Сөйтіп, Қазақстанның да, алыстағы Аралдың да мәртебесі биік­теді.

Қос аққудай келеді қатар жүзіп…

Жүсіповтер тату-тәтті, шуақты отбасы. Балалар ер жетті. Немере жү­гіріп жүр. Әмірханның жұбайы Зәм­зәгүл Әбдірашқызы да медицина қыз­меткері. Ультрадыбыстық аппаратпен тілдескен Аралдағы алғашқы ханым. Бірінші дәрежелі УЗИ дәрігері. Ден­саулық сақтау ісінің үздігі.

Біреулер күндердің бір күнінде керек. Ал біреулер күнде керек. Бұл ерлі-зайыптылар халыққа күнбе-күн керектің нағыз өзі.

Ұзағынан болғай!..

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

тыл ардагері.

Арал қаласы