Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

1454

0

Елімізге белгілі фотожурналист, Қазақстанның құрметті журналисі Болат Омарәлиевтің мұрағатында Сыр өңірінің жарты ғасырлық тарихын қамтитын сурет-шежіре жатыр. Бұл рухани қазына көріп-тамашалау үшін ғана емес, өткенімізге баға беріп, бүгінгінің өнегесіне жарату үшін де қажет.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

Осы тұрғыда атқарылып жатқан игі істің бірін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолға алып, Б.Омарәлиевтің «Қас-қағым сәт – бір өмір» атты фотокөрмесін ұйымдастырды.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

 Қызылорда қаласындағы «Aray Sity Mall» көпбейінді сауда үйінде өткен фотокөрменің ашылуында қала әкімінің орынбасары А.Қасымова сөз алып, жылдар бойы жиналған Б.Омарәлиев фотошежіресін өңір тарихының қазынасы деп бағалады.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

Мұнан соң сөз сөйлеген «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры А.Оңғарбаев бұл жәдігерлікті ұрпақ жадында қалдыру жұмысының жалғасып жатқанын, алдағы кезеңде Б.Омарәлиевтің фотошежіресіне арналған кітап-альбомның жарық көргелі тұрғанын жеткізді.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

Сауда үйінің бірінші қабатына өткен өмірді көшіріп әкелген көрмеде туған жердің түрлі көріністері көз тартып, көңілге түрлі ой салды.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

Осы жайында айтқан ішкі істер саласының ардагері Ә.Шаймағанбетов: «Мен – Омарәлиев шығармашылығының фанатымын», – деді. Мұның өзі фотосурет өнерінің қалта телефонымен қағып түсетін кадр емес, «қас-қағым сәтті бір өмірге айналдыра білген» талант иесінің ісі екенін еске салғандай.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

Мұнан әрі журналист Т.Бекарыстанов, ардагер ұстаз Қ.Құдайбергенов сөз сөйлеп,  шығармашылық иесіне ақ тілек арнады.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

Ардагер журналист ара-тұра өзі түсірген суреттерді әлеуметтік желілерге жүктеп отырады. Жақында сондай суреттердің біріндегі атқа мінген жас қыздың бейнесін белсенді желі қолданушысы, руханият жанашыры Бауыржан Омарұлы іздеу салып, кейіпкер табылды. Бір кездегі атқа мінген ару Үрләй Жүмекованың жасы бүгінде алпыс екіге келіпті. Қала іргесіндегі елді мекенде тұратын сурет кейіпкеріне Б.Омарұлының өзі арнайы барып, ол жайында газет бетінде мақала да жарияланды.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

Уақыт шығырын кері айналдырған шығармашылық өкілдері осылайша көпшілікті таңғалдырып келеді. Бұған әлеуметтік желідегі талғампаз жұртшылықтың мыңдаған ой-пікірлері де дәлел.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

Бұл күнгі көрмені тамашалауға келген зиялы қауым өкілдері мен мәдениет-өнер қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қас-қағым сәтке құдірет дарытқан өнер иесіне ризашылық білдіріп, рухани серпіліп қайтты.

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

Әсерлі жиын белгілі әншілердің әуенімен әсемдене түсті. Көпшілік нағыз кәсіби шеберліктің не екеніне тағы бір мәрте куә болды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Қас-қағым сәтке құдірет дарытқан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<