Қаз ұрлау

1571

0

 «Жазушы» баспасына Нарынқолдан ақын Еркін Ібітанов келді.

Оның есіміне мектеп оқулығына кірген «Қойшылар» поэмасы мен курстасым, нарынқолдық ақын Батық Мәжитұлының дәріптеулері арқылы қанық едім. Қолжазбасының жайын сөйлесіп отырғанда үстімізге екпіндей басып Бекен Әбдіразақов кірді. Амандық-саулықтан соң:

– Әй, Еркін, күнде келіп жатқан жоқсың, былай шығып, жүз грамм әпермейсің бе? – деді ол.

Еркін аға шырт етті:

– О ненің ақысы?

– Біз сенен күнде ішіп жүрген жоқпыз ғой…

– Ауылға келсеңдер: «Бұлар астанадан келіп қалды», – деп біз жайылып жастық, иіліп төсек боламыз, мал сойып, алдарыңа арақтан дария ағызамыз. Енді қалаға келсек тағы да солай, біз сыйлаймыз. Сонда әділет қайда? «Дүние – кезек» деген бар емес пе еді? Қонақжайлықты ұмыттыңдар ма? Қайта Алматыға анда-санда бір келгенімде менен дәмете бермей, бір уақыт өздерің де бірдеңе әперулерің керек емес пе?

– Еркін, бері қарап, сөз тыңдашы. Алла тағаланың өзі бізді мынау аш қалаға қамап қойғанда, бізді асырап, басымызды жазып беріп тұру үшін сендерді берекелі ауылда қалдырған. Сендер – ауылда, біз – қалада. Ауыл қаланы асырауы керек. Бұл – тағдырдың жазмышы, Құдайдың бұйрығы. Одан қашып құтыла алмайсың. Ауылдан келген екенсің, қаладағы достарыңа жүз грамм әперу – ақындық парызың. Бұған тоқтамасаң өзің біл. Әйтпесе маған мына Ұлықбек інім-ақ әпереді.

– Жас балаларда қайдағы ақша? Бауырларыма салмақ салғанша өзім-ақ көтерейін. Ал, кәне, жүріңдерші, – деп Еркін аға «Қаламгер» кафесіне қарай жол бастады.

Әңгіме ағытылып қоя берді. Мен реті келгенде сөз желісін өзі бірге өскен Мұқағали ақынмен достығына бұрдым. Бұрынырақ Батық Мәжитұлынан тыңдап, құлақта қалған кей әңгімелерді өз аузынан естігім келді.

– Бір күні аудандағы маған ауылдағы Мұқағали телефон соқты. «Осылай да осылай, жеңгең төркінімді сағындым деп ауылына кетті, балалардың бәрін нағашыларын аралатуға ертіп әкетті. Үй де бос, қол да бос. Жалғыз қалдым, іш пысты, бәрін тастап тез жет!» – деді ол.

Жұмыс орным – Нарынқолдың аудандық газеті, аты «Советтік шекара», редактордан ауылдың бір науқанын жазып келуге сұранып, Қарасазға тарттым. Мұқағали онда мектепте мұғалім. Жаз кезі, оқушылар каникулда. Тау қандай, ауыл қандай, салқын самал, құлпырып тұр. Екеуміз бірер күн көрмесек сағынысып қалатын едік. Келсем Мұқағали ағам қазанға былқытып ет асып қойып, күтіп жатыр екен. Портфеліме бірер шөлмек сала келгем. Соны шығарып жатсам, Мұқағали:

– Ондайды өзің келетін болған соң жәшігімен алып қойғанмын, несіне әуре болып жүрсің? – дейді. – Екеумізге жетеді, ешкімді шақырғам жоқ, керегі де жоқ. Басқалар біздің әңгімені түсінбейді.

Содан басталды дейсің! Буда-буда өлең оқимыз. Балалық шақтың әңгімелерін айтысамыз, поэзия туралы, ақындар туралы, оқыған кітаптарымыз туралы, өзіміз туралы, болашақ туралы… таусылмайтын тақырыптар… Армандарымызды айтысамыз, сыр шертісеміз. Әзіл-қалжың, әңгіме мен өлеңді де, арасындағы жүз грамды да үзгеніміз жоқ.

– Еркін, сенің жасың кіші болғандықтан менен кейін өлесің. Кейін екеуміз туған ауылға алдымен кеткен менің атымды қояды. Сонда саған ауыл жетпей қалатын болды ғой…

– Оқасы жоқ, Мұқаш, ауылды сенің атыңмен-ақ атай берсін, маған ауданның аты да жетеді, – деймін мен.

Сонымен көзді ашып-жұмғанша дуылдаған төрт күн өтіпті. Сол төрт күн бойы үйден аттап шықпаппыз. Төртінші күні қарасақ, есіміз кіресілі-шығасылы. Арақ әлі жеткілікті болғанмен үйдегі азық таусылған. Қарын аш. Аш өзегімді жалап барады. Ішкен у ішті күйдіре бастады. Байқаймын, Мұқағали да оңып отырған жоқ.

– Мұқаш, шипа бітті, асқазан күйіп барады. Бұдан әрі закускасыз ішуге шамам жоқ. Қайдан тапсақ та тамақ тауып жейік. Шіркін, сорпа болса… – деймін ішім қыжылдап.

– Кеш түссін, Еркін, – деді Мұқаш ағам, – көз байланғанша тіскебасарсыз-ақ лаждай тұрайық, сосын сыртқа шығамыз, бәрі де болады…

Оның «сыртқа шығамыз» дегенін мен қас қарая біреудің үйіне қонаққа барамыз деп ұғындым. Кеш түсіп болмады. Аш қарынға ақаң жүрмейді, сонда да тауып-тауып тост айтып, ар жағымызды алдарқатып, зорланып жөнелтумен болдық. Өлең оқуға шама болмай қалды. Содан әупірімдеп кешке дейін жеттік. Ел орынға отыра Мұқағали орнынан түрегеліп, ауладан екі таяқ тауып әкеліп, бірін маған ұстатты, бірі – өз қолында.

– Ал, кеттік! – деді.

Таяқтың не керегі барын түсінбедім… «Шамасы, бос жүрген қабаған иттерден қорғанатын болармыз…» Ішек түгел шұрылдайды, қарын ұлиды. «Кімнің үйіне барар екенбіз?» Көз алдыма дайын дастарқан елестейді.

Төрт күн, төрт түн бойы тапжылмай ішкіліктің түбін түсірген адамның түрін де, жағдайын да өздерің білесіңдер. Бетіміз шалбар-шалбар, маңдайымыз мыж-мыж, қолымыз қалт-қалт… Көшеге көрініп, басқа жора-жолдас, туған-туыстың үйіне баратын бет жоқ. Сонда да қалтырап-дірілдеп ауладан шықтық.

Ауылдың маужыраған қоңыр кеші. Үйді айнала бергенде, қайдан кездескені белгісіз, алдымыздан қырқылдаған екі қаз көлденеңдеп шыға келді. Сол-ақ екен, Мұқағали:

– Мынауы – менікі, анаусы – сенікі, ұр таяқпен! – деп бір қаздың қылқиған ұзын мойнынан періп қалды. Мен де жалма-жан құлаштап, екіншісінің сорайған мойнына таяқ сілтедім. Қатып-семген қатты таяқ қоя ма? «Қырқ» етуге шамасы келмей, қылжың етіп екеуі де құлады. Тыпырлаған екі қазды бас салып, жұмарлап қойынға тықпыштадық. Жүгіре басып, салақтатып аулаға әкеліп, қараңғыда жан дәрмен бауыздап жіберіп, құшақтап үйге кірдік.

– Өшір шамды, өшір! Көршілер көріп қоймасын… Жүнін жұламыз, – деді Мұқағали.

Перделер түсірілді. Жалп етіп шам өшті. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда бытырлатып қаздың жүнін жұлып отырмыз. Екеумізде де үн жоқ. Дүрс-дүрс жүрек, пыс-пыс мұрын мен сытыр-сытыр қауырсынның дыбысы ғана естіледі. Ұрлық қылып көрмеген адамға оңай ма?

«Иесі кім болды екен? Енді, мейлі, кім болса да… Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ. Құдай өзі кешірсін…». Осы ойымды жиғанша болған жоқ, тастай қараңғыдан Мұқағалидың:

– Жақ шамды, жақ! – деген ышқынған даусы естілді.

– Е, неге? Не боп қалды?

– Жақ деген соң жақсаңшы енді… – деді даусы бәсеңсіп. Орнымнан тұрып барып, қараңғыда қақтығып жүріп, қабырғаны сипалап, шамды жақтым. Қарасам…

Біз отырған бөлменің іші бұрқырап ұшқан аппақ мамық. Құдды қарлы боран. Сол бұрқыраған аппақ мамықтың ортасында аруақтай ағарып, шөккен түйедей Мұқағали отыр. Қолындағы қаздың мойнында қарғыдай тағылған ала жібі бар екен, соны саусағына іліп алып, көтеріп:

– Ай, мынау Лашынның төркінінен тұқымға әкелген қаздары ғой. Мойнындағы жібінен танып тұрмын. Асырап көбейтемін деп жүрген. Неше күн бойы қамаусыз қалыпты. Қалай естен шығып кетті екен, ә?.. Оны білгенде кеш түсуін күтпей-ақ, әлдеқашан сойып алатын едік қой… Ұрланбай-ақ… – деп Мұқағали орнынан серпіліп көтерілді…

Сөйтіп, Мұқағали ағаң екеуміз «ұрлап» қаз сойып, сорпасын ішіп, әл жинағанбыз, – деп Еркін Ібітанов ағамыз әңгімесін аяқтады.

Менің көзіме аппақ мамық ішінде ағара мұнартқан ақынның алып тұлғасы елестеді.

«Әбілхаят» кітабынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<