ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен «Әлем таныған Әбдіжәміл» халықаралық конференциясында келелі ойлар айтылып, көшелі баяндамалар жасалғанын газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Осынау алқалы жиында арда қаламгердің дара болмысын, тұлғалық сыр-сипатын тереңнен танытқан Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының кандидаты, саяси ғылым докторы Қырымбек Елеуұлының баяндамасын көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
Құрметті зиялы қауым, қадірлі қаламгерлер!
Биыл Әуезов салған сара жолдың көсем қаламгері, қазақтың ұлы жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Қазақ прозасын кемеліне келтіріп, көз жетпес кезеңнен асырған ғұлама жазушының бұл тойы әдебиет пен руханият үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін айтулы мереке, айрықша дата екені белгілі. Мен де – қасиет қонған қарт Аралдың, қасірет тұнған мұңлы Аралдың перзентімін. Сондықтан Нұрпейісов шығармалары маған өзгеден етене болуы заңды құбылыс, жөнді жүйе деп ойлаймын. Әбеңнің шығармаларын оқығанда, адамзаттың ғасырлық қателігінен көз алдымызда тартылған Арал теңізі сол асау қалпында жазушының көкірегіне көшіп, сиясынан ақ қағазға толқын болып аққандай әсерде қаламын.
Иә, қазақ әдебиеті – әлемдегі алып тұлғалары көп, асқан асулары биік іргелі әдебиеттердің бірі. Оның көш керуен сапарына көз жүгіртсек, өзге жұрттың ғасырлап басқан жолын біздің жүз жылға жетер-жетпес кезеңде еңсергенімізді байқаймыз. Алаш кезеңіндегі әдебиеттен тамыр тартқан Нұрпейісов шығармашылығы қазақ халқының рухани болмысын тереңнен сипаттайды.
Оның тарихи шындық пен әлеуметтік мәселелерді бейнелеу мәнері, жан-жақты терең зерттеуі дәуір өзгерістері мен заман картинасын нақты әрі шынайы суреттейді. Сондай-ақ Нұрпейісовтің кейіпкерлері әрдайым күрделі, ішкі қайшылықтарға толы болып келеді. Жазушы кейіпкерлерінің психологиялық болмысын, жан толқынысын, жүрек бұлқынысын терең суреттейді. Бұл оның шығармаларына пәлсапалық қуат пен екпінді эмоциялық әсер береді.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тілі бай, метафоралар мен көркем сөздерге толы. Ол Сыр өңірінің теңіздей толқыған жыраулық мәдениетін, аспанға шапшып сөйлеген рухты сөзін суреттеу мәнерімен, өзгеше стилімен, шынайы өмір көріністерін айшықты дәлдігімен бейнелейтін суреткерлігімен кәсіби прозаның биік шыңына шығарды. Әбе шығармаларында теңіз қазақ көкірегінде толқиды. Сондай-ақ жазушының шығармаларында әлеуметтік мәселелер байсалды философиялық мәнге ауысады. Адамның өмірдегі мақсаты, тағдыр, ар-ождан мәселелері – оның басты тақырыптары.
Адамның жүрегі – таусылмас қазына, сарқылмас теңіз. Әсіресе ұлылық дейтін сарайдың босағасы мен төрі болмайды. Әбдіжәміл Нұрпейісов – сол алтын сарайдың есігінен кіріп, еншісін алған саусақпен санарлық тұлғаларымыздың бірі. Ауылдасы ретінде аз-кем сырласып, інісі болып қызметін қылғанда біз де көп жайларға куә болып, көкірегімізге көп қазына түйдік. Сол аяулы кезден бірер естелік айтқым келеді. Бір байқағаным, жазушымыздың әдебиетті жіті бақылап, жиі ізденіп қана қоймай, қатарластары мен артынан ерген қаламгерлердің жақсысына қуанып, мәрт мінезбен жақсыға алып кеудесін иіп, құрметін риясыз көрсетіп отыратыны.
Батыс Қазақстанда әкім болып жүрген кезімде, әдебиетіміздің ақсақалдарын ауылға қонаққа шақырып, елмен қауыштырғаным бар. Қаламгерлердің сапары ерекше рухани мереке болды. Ел жақсыларын сағынып, аңсап тұрады екен. Сол кездесуде бір әредікте әзілге сүйеп:
– Әбе, осы Кекілбаев пен Нұрпейісовтің қайсысы мықты жазушы? – деп сұрадым. Сонда Әбе іркілместен:
– Ой, пәлі, ол бұйрабасқа жету қайда! – деп ризалықпен бас изегені есімнен кетпейді. Бұлай өзгені бағалау, өзіне сенген тау тұлғалы жақсыларда ғана болатын мәрт мінез бен әділетті жүректен шыққан сөз деп қабылдадым.
Әбдіжәміл ағамыз жасы егде тарта бастағанда, кезінде теңіздің жағасында тірлігі жайнап, елі барақат тұрған, кейін теңіз тартылғанда құм арасындағы мұңды қонысқа айналған туған ауылы Белараннан өзіне арнап қабір тұрғызды. Біз бұл ісін аса құптай қоймай, ағамыз қазір кетіп қалатындай қимай қарсы алдық. Сонда, өлімді де өмірдей көріп, хақ бұйрығын қалтқысыз қабылдайтын үлкен жүректі қаламгер:
– Қарағым, сен теңіздің неге тартылғанын білесің бе? Адамнан пейіл кетіп, мейірім азайғанына налып, көк теңіз бізден жыраққа кетті. Десе де күн өтер, елдің берекесі келіп, пейілі орнына түсер. Сонда қасиетіңнен айналайын, теңіз әлі-ақ ыңыранып орнына оралар. Мен осы жерде сол теңізді күтіп жатамын, – деді.
Сонда бәріміз сол аталы сөзге тоқтап едік. Бірақ «арыстың сүйегін айдалаға қалай қалдырамыз?» деген бір өкініш көкірегімізден кетпеуші еді. Сөйтсек, ата қазақтың асыл салтында бәрі де бар екен.
Қазақта «тұрпат салу» деген дәстүр болған. Халқымызда «елім қайдан болса, топырақ содан» деген сөз бар. Әлде бір жағдаймен сүйегі алыста қалған адамның туған жерінде оған арнап екінші кесене тұрпат салады. Бұл – аруақтың мекені, халқымыздың түсінігінде марқұмның рухы онда да келеді. Бірде өзара әңгіменің үстінде Әбдіжәміл ағамызға осы дәстүр жайында айтып, Алматыда, Кеңсайға жатуға ризалығын алдық. Ағамызды арулап өзі сүйген Алматысына қойдық. Беларандағы қабір тұрпат болып қалды.
Мен ұлы жазушының рухы Алатауды жастанып, Кеңсайда дамыл тапса да, Сырды сағалап, ақжал толқынды Аралды әлі де күтіп жүргеніне сенемін. Бір күндері бура толқындары бір-бірімен жарысып, өкпелеген Арал да қайтадан ентелеп Беларанға ораларына үміттенемін. Арал ғана емес, рухымыз да тасып толады бұйыртса. Кеткеніміз келіп, кемтігіміз толып, еңсесі бұдан да биік ел боламыз! Қаламгердің әр шығармасы – Тәңірінің сыбыры. Жазушының теңіздей телегей мұрасында Аралдың асау толқынының мінезі бар. Асыл туған Әбе – алыстаған сайын, биіктейтін тау секілді тұлға.
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ.
«Қазақ әдебиеті» газеті
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<