Қазақтың үш қыраны

5293

1

Адамзат ғарышты бағындырған 1961 жылдың 12 сәуірінен бері қаншама ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми-зерттеулер жүргізді. Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов те бар. Олардың есімдері ел тарихына алтын әріптермен жазылды.

Тоқтар Әубәкіров – әлемнің 256-ғарышкері болса, Талғат Мұсабаев – 309-ғарышкері, Айдын Айымбетов 545-ғарышкері. Тоқтар Әубәкіров ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут, Талғат Мұсабаев 341 күн 9 сағат 48 минут, ал Айдын Айымбетов 9 күн 20 сағат 13 минут болған. Үш қыранға да кеңістікті игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атағы берілген.

Тоқтар Әубәкіров

Тоқтар Оңғарбайұлы Әу­бәкіров 1946 жылы 27 шіл­деде Қарағанды облысы Қар­қаралы ауданы «Бірінші Май» ауылында дүниеге келген. Қа­зақтан шыққан тұңғыш ға­рыш­кер, Кеңес Ода­ғының Батыры, Қазақстанның Халық Қа­һарманы, авиация генерал-майоры.

1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа екі рет жанармай құйдыру ар­қылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. Осы кезде авиация са­ла­сындағы ерен еңбегі үшін Тоқтар Әубәкіровке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. 1989 жылы ол бірінші болып, «МИГ-29К» дыбыстан жылдам ұшағын «Тбилиси» авиакрейсеріне шеберлікпен дәл қон­дырып, қайтадан сол кемеден трамплиннен ұшып шығады. Бұлайша көкке кө­терілу әлемде тұңғыш рет тір­келіп, Тоқтар Әубәкіровтің есі­мі Гиннестің рекордтар кіта­бына жазылады. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді.

1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында дайындыққа кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ұшты. Кеме жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүргізді. Зерттеу нә­тижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пай­да болу процесі, зиянды аэ­ро­золдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына тара­луы­ның ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұл­дызды аспанды астро­фи­зи­калық бақылау жұмыс­тары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды.

Халық қаһарманының ұш­қыш болатыны әу бастан бол­жанған. Түсінде анасына әлдеқайдан шыққан бір дауыс «ұста қолыңа мынаны» деп­тi. Қолын ашып қараса, аппақ, әдемi кө­белек отыр екен. Сондықтан анасы ба­ласын «әппақ көбелегiм» деп ер­­ке­летiп кетіпті. Өзі де бұл сөздерді жиі естіген соң ұшуды армандапты. Кіш­кентайынан бос уақытында аэроклуб үйір­месіне қатысып, парашюттен секіруге әуестенеді.

Кейін орта мектепті бітір­ген соң, Армавирдегі ұшқыш­тар училищесіне оқуға түседі. Бастапқыда анасы мұны біл­мейді. Жалғыз ұлының қа­сында болмайтынына қатты қамықса да, батасын берген. «Сен туғанда-ақ ұшқыш бо­латыныңды сезген ем. Қай­тейiн, қи­масам да бетiңнен қақ­паймын. Дегенiңе жет, балам!» деген екен анасы.

Ғарыштан оралған соң еліміздегі зерттеулер негізін қалауға, отандық Қарулы Күш­тердің әскери даяр­лы­ғын жетілдіруге, әскери-пат­риоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға, саяси және қо­ғамдық қызметтерге белсене аралас­ты.

Талғат Мұсабаев

Талғат Аманкелдіұлы Мұса­баев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауда­ны Қарғалы ауылында ту­ған. Қазақтың екінші ғарыш­кері, Қазақстанның Халық Қаһар­маны, авиация генерал-лейтенанты. 1991 жылдан бастап ұшуға даярланып, қосалқы ға­рышкер есебінде екінші эки­паждардың мүшелігінде бол­ған.

Ғарышқа 3 рет ұшқан. 1994 жылы бірінші рет ұшқанда 126 күнді, 1998 жылы екінші рет ұшқанда 208 күнді сонда өткізді. Гиннес кітабына бір айдың ішінде 5 рет, 30 сағат 8 минут ұзақтықпен ашық ға­рышқа шыққаны жазылған. 2001 жылы үшінші рет ұшқанда 8 күн болған. Ол ғарышкерлер арасында алғашқы хирург атанған.

Ата-анасы Талғат Бигелдинов ағасындай батыр болсын деп, атын ырымдап қойған екен. Бала Талғат та ағасы сияқты батыр, одан кейін Юрий Гагарин сияқты ғарышкер бо­луды армандап өседі. Сол ар­манына 43 жасында қол жет­кізеді. Бұл туралы былай деп еске алады: «1961 жылдың 12 сәуірі басқалар үшін тарихи дата шығар. Ал мен үшін өмірімді өзгерткен күн деп есептеймін. Сол күні Алматы қаласындағы №58 мектептің линейкасында ғарышқа тұңғыш рет адам ұшқаны және  ол КСРО азаматы Юрий Гагарин екені хабарланды. Линейка бірден бұзылып сала берді. Барлығы шаттанып, айқайлап, жүгіріп, секіріп жүр. Сол кезде мен кенеттен «Талғат Мұсабаев ғарышта!» деп айқайлап жі­бердім. Неліктен екенін біл­меймін, сол уақыттан бастап мен космостан басқа ештеңені армандаған емеспін».

Т.Мұсабаев кейінгі жылдары Ұлттық ғарыш агенттігін, Аэроғарыш комитетін басқар­ды. Бүгінгі таңда ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

Айдын Айымбетов

Айдын Ақанұлы Айымбетов 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтеней ауылында дүниеге келген. Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры.

1993 жылы алғаш рет ғарышкерлікке өтініш берді. 2012 жылғы 12 қазанда Қа­зақстан Республикасының ға­рыш­кері дәрежесі берілді. 2015 жылы 2 қыркүйекте екін­ші бортинженер ретінде «Союз ТМА-18М» кемесімен  Бай­қо­ңырдан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбет­ов ғарышта 10 күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді. Оның орбитадағы тә­жірибелерінің бірі – «Дастархан-6». Ғарышкерлерге құрт, тіпті бие сүтін берген. Дәрумендерге бай тағамдар әріп­тестерінің көңілінен шы­ғыпты. Ха­лықаралық ғарыш станциясынан орал­ған Айым­бетовті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі күтіп алды.

Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, көр­сеткен батырлығы мен ер­лігі үшін Айдын Айымбетов­ке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бүгінгі таңда «Қа­зақстан Ғарыш Сапары» ұлт­тық компаниясы» АҚ вице-пре­зиденті. Жал­пы алғанда, Айдынның қызмет жолы тұ­тастай тек әуе және ғарыш қызме­тімен байланысты, яғни ол осы салаға кездейсоқ келген адам емес, өз ісінің маманы.

Зерттеушілер Т.Әубәкіров пен А.Айым­бетовке қатысты қызықты сәй­кестіктер бар еке­нін алға тартады. Олай болса қос қаһарман арасындағы 5 ғажайып сәйкестікті ұсынамыз.

Біріншіден, екеуі де бір айда, бір күнде дүниеге келген. Тоқтар Әу­бәкіров 1946 жылы дүниеге келсе, Айдын Айымбетов 1972 жылы туған. Жұлдызнама белгілері – арыстан. Аст­рология ғылымында бір күні дүниеге келген адамдарды «жұлдызды егіздер» деп атайды. Ғалымдардың айтуынша, олардың өмірі мен мінездерінің ұқ­састығы аз емес.

Екіншіден, Тоқтар Оңғар­бай­ұлы да, Айдын Ақанұлы да бір оқу орнын бітірген. Армавир жоғары әске­ри ұш­қыштар училищесінің түлек­тері. Т.Әубәкіров 1969 жылы, ал, А.Айым­бетов 1993 жылы оқуды аяқтаған. Арасы – 24 жыл. Үшіншіден, бірі ғарышқа 1991 жылы ұшса, екіншісі 2015 жылы көк жүзіне көтерілді. Арасы тағы да 24 жыл.

Төртіншіден, Әубәкіров 2 қазан, ал, Айымбетов 2 қыр­күйек күні ғарыш сапарына аттанды. Күнтізбеге қарасаңыз, екеуі де аптаның сәтті сәрсен­бісіне тура келеді.

Соңғы және ең қызық­ты сәйкестік, Тоқтар Оңғарбай­ұлының ғарышқа ұшқандағы командирі Александр Волков болды. Ал, Айдын Ақанұлының командирі – Александр Вол­ковтың ұлы Сергей Волков.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<