Қазір әкең келсін осыдан…

1410

2

Кім екені белгісіз, Жаңақұрылыстағы көне мектептің ескі партасының астына шаққан шемішкісін толтырып кетіпті. Тісі сынбағыр-ай! Ал онда мен отырамын.

Қазір әкең келсін осыдан...

Ескі парта көк түсті болатын. Құдай біледі, қай жылы келгенін оның. Әйтеуір, бояла-бояла қалыңдығы жарты елідей болған, бетінің әбден қабыршақтанып, оқу жылының соңында аударылып жатқанын көремін. Астында сөмкеңді қоятын арнайы орны бар. Иіле біткен жұқа ағаш еді. Әлгі мені құртқан шемішкінің қабығы сонда толып тұр.

– Шемішкі шаққаным жоқ! Мен емес салған! Құдай ақы, апай, шақсам, бүкіл тісім қаусап түсіп қалсын! Ақталғам жоқ, көрдіңіз ғой. Бірден қарғанып бақтым. Сөзім сенімді болу үшін. Жо-жоқ, сенбеді маған. «Шемішкі шағып, класс бүлдірген мен едім» деп мойнына алар пенде де көрмедім бұл жолы.

Тәрбие завучі Бейбіт мұндайда не істейді?! Соңғы сабақтан соң өзіңді ғана алып қалады. Әлбетте, сосын әкеңді шақырады.

Менің әкемді алыстан іздеудің қажеті шамалы. Мұғалімдер бөлмесінде отыр. Иә, дәл қазір қоңыр папкасынан қызыл ручканы алып, «пәленшенің диктантқа арнаған дәптерінің» қатесін шығаруға кіріскен болар. Қазақ тілі пәні мұғалімінің қауырт жұмысы ғой ол.- Мұғалімнің баласы шемішкі шаға ма екен?! Е, шақпай не көрініпті?! Жұрттың баласы күйсегенде біздің ауызды шағар деймісің сол шемішкі?! Осылай айтқым келген. Бірақ, бұл менің Бейбіт апайға деген ішкі жауабым ғана болып шықты. Айта алмадым.

Әкей келді. Апайым да ұсақ тәртіпбұзушылықты жеткізді. Арқамнан шыққан суық тер сөгізкөз тұстан сырғып өткен. Адамның ең қор кезі – өзіңді ақтай алмау.

– Ағыт көйлегіңнің алдын. Оқты көзін қадап тұрып айтты осыны. Ақ көйлектің алдыңғы екі түймесін ағытып, үшіншісіне қолымды сала бергенім сол еді, «тоқта» дегені.

– Ал ана қоқысты, – деді тағы да суық көзбен парта астындағы шемішкі қабықтарын көрсетіп. Үндемей қолыммен уыстап алдым. Алғанымды қайтейін, әрі қарай не істеу керектігін білмей, сәл дағдардым.

– Енді көйлегіңнің ішіне толтырып сал. Бірін қалдырмастан. Бір түйір қабығы көлденең жатпасын мұнда. Қайда апарып төгуді өзің жақсы білесің. Солай деді де, кластан шығып кете берген.Қабық толы көйлекпен сыртқа ата жөнелдім…

Жазықсыз едім. Балалықпен бар кінәні мойныма алдым. Бірақ, сол оқиғадан кейін ол кісіні жек көріп кеттім бе?! Жоқ! Керісінше, мектеп ішіне жаман атымызды шығармау үшін бой түзеп кеттік. Әкеміздің арқасында. Үйде бір ғана тәртіп бар. Ұлекеңнің анау-мынау жұмсауына қиқаңдай бастасаң, осы бір сөз миыңның бұрын, аяқ-қолыңның тез жұмыс істеуіне бірден сигнал беретіні. Қазір әкең келсін осыдан… Бітті. Соны әкеңе айтпайтынын білесің. Бірақ, неге екені белгісіз, аты аталысымен өзің де інгендей қайқаңдайсың. Құдіреті сол.

P.S. Бабаңнан қалған тәрбие құндылығынан қымбаты жоқ.

Ержан ҚОЖАС

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<