Қазына қайнарынан қанып ішкен

1237

0

«Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетті. «Достық үйінде» өткен іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова қатысты.

Айтулы шара биыл Сыр елінде екінші рет өтіп жатыр. «Алпамыс батыр» дастанынан басталған жоба былтыр «Қобыланды батыр» жырына жалғасты. Биыл «Едіге батыр» жырын жатқа айту бойынша өткізіліп отыр. Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастыруда.

Байқаудың облыстық кезеңінің ашылуында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова және облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Едіге батыр» жырын жатқа айтудан 6-10 сынып оқушылары арасында өткен додаға қатысушылар мектеп бағдарламасы бойынша қазақ әдебиеті пәнінен қосымша сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, облыстық білім басқармасы басшысы Ақзира Қасымова, жазушы, журналист, партияның облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңес мүшесі Қаршыға Есімсейітова, тарих ғылымдары кандидаты, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Уәлихан Ибраев, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Ұлжан Жанбершиева, жырау, Қармақшы аудандық «Жыраулар үйі» директорының орынбасары Бидас Рүстембеков, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Мақсат Дауылбай қазылық етті.

Облыстық кезеңде оқушылар алдын ала өткізілген жеребе бойынша 12 жұпқа жұптасып, өнер көрсетті. Нәтижесінде І орынды Қазалы ауданы №170 орта мектептің 10-сынып оқушысы Гауһар Әзен (дайындаған мұғалімі – Жадыра Көшекбаева), ІІ орынды Қазалы ауданы №170 мектептің 6-сынып оқушысы Гүлназ Жеңісбек (мұғалімі – Балагүл Орынбаева) иеленді. Ал, ІІІ орынға Арал ауданы №73 мектептің 10-сынып оқушысы Қарақат Берікқызы (мұғалімі – Нұрсұлу Ибраева) лайық деп танылды.

Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова құттықтады.

– Аймағымызда биыл екінші рет ұйымдастырылған шоқтығы биік, мағынасы зор шаралардың бірі әрі бірегейі – «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңінің марапаттау сәті өткелі отыр. Республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан ұлттық жобаға еліміздің аймақтары ішінде алғашқылардың бірі болып тағы да Қызылорда облысының әкімдігі айрықша қолдау көрсетті. Сыр өңірі елдікті, отансүйгіштікті насихаттайтын, жастарды рухани дүниемен рухтандыратын шараларға ешқашан бейжай қараған емес. Бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту – қайта қолға алынып, жаңғыртылуы игі бастама. Біз тек атадан қалған сырлы сөздермен, үлгімен ғана рухани түлеп, саналы түрде жаңғырамыз, – деді Б.Шәменова.

Облыстық кезеңде үздік шыққан І орын иегеріне 750 000, ІІ орынға 350 000, ІІІ орын үшін 200 000 теңге қаржылай сый берілді. Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне де сый қарастырылған: І орынға 1 500 000, ІІ орын иегеріне 700 000, ІІІ орынды еншілеген қатысушының мұғаліміне 400 000 теңге берілді.

Айта кетейік, байқаудың аудандық-қалалық кезеңіне 713 оқушы қатысып, солардың арасынан іріктеліп шыққан 24 оқушы облыстық кезеңге жолдама алған. Аудандық-қалалық кезеңде І орын еншілегендерге 150 мың, ІІ орын 100 мың, ІІІ орын иегерлеріне 50 мың теңгенің сертификаты табысталған болатын.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<