«Қобыланды батыр» жырының жаңа баяны

2292

0

Астанадағы «Фолиант» баспасынан әйгілі «Қобыланды батыр» жырының балаларға лайықтап қарасөзбен әңгімеленген  нұсқасы кітап болып шықты. Әңгімелеуші – танымал қаламгер, Қазақстан мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлы. Кітап Динара Буташева салған көркемсуреттермен безендірілген. Мұнда «Қобыланды батыр» жыры үш түпнұсқасының негізінде жасөспірімдердің оқуына ыңғайланып баяндалып отыр.

«Қобыланды батыр» –  қазақ халқының қаһармандық эпосы. Көркемдігі жағынан әлем халықтарының әйгілі батырлық дастандарының қатарында тұрған классикалық шығарма. Батыр осы дастан арқылы халыққа ертеден эпостық аңыз кейіпкер ретінде жақсы танымал. Мұхтар Әуезов «Қобыланды батыр» жырын ерлік дастандардың ішіндегі ең шоқтығы биік туынды деп бағалаған, 1943 жылы «Қара Қыпшақ Қобыланды» деген пьеса да жазған. Ол Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ акдемиялық драма театрында тұрақты қойылып келеді. Бұл спектакльде кезінде Ш.Айманов, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Ә.Молдабеков, С.Телғараев сынды қазақ театр өнерінің жұлдыздары ойнаған. Ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, батыр Мәлік Ғабдуллин ғылыми диссертация қорғаған.

Автордың айтуынша, «Қобыланды батыр» жырының «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» сияқты эпостардан ерекшелігі – тек қазақ халқының әдеби рухани мұрасы болуында. Мысалы, «Алпамысты» өзбек те, «Ер Тарғынды» ноғай да өз дастаны санайды. Бірсыпыра түбі бір түркі тектес, тілдес башқұрт, қырғыз, ноғай, өзбек және т.б. халықтар құрамында соларға сіңіп, сол халық болып кеткен қыпшақтар болғанымен, олар «Қобыланды батыр» жырына ортақтасқан емес.     

«Мұны жырын жырлаған ақын жырау, жыршылар кезінде өздері өмір сүрген дәуір тұрғысынан жырды толықтырып, әрлеп отырған. Сондықтан да оның 29 түпнұсқасы бар. Қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсарин 1860 жылы Марабай жыраудан «Қобыланды батырды» жазып алған, жырдың ең көлемді нұсқасы да осы. Жырдың Қобыланды Тайбурылмен Қазан ханға шайқасуға шауып бара жатқан оқиғасын 1879 жылы Ыбырай ағартушы өзі шығарған «Қырғыз хрестоматиясына» енгізген. Осы Марабай жырау дастаны негізгі нұсқа ретінде алынып, батырлар жырларында, оқулықтарда жарияланып келеді. Жырдың нұсқалары Алматыда Орталық ғылыми кітапхана қорында, Әдебиет және өнер институтының қолжазба және мәтінтану бөлімінде, сондай-ақ Қазан, Орынбор, Мәскеу, Нөкіс, Ташкент, басқа да қалалар мұрағаттарында сақтаулы», – дейді Ақайдар Ысымұлы.. 

Қобыланды батырдың шыққан тегі – қазақ халқының ұйысуына үлесі мол іргелі бір арнасы – Қыпшақ, оның ішінде Қара Қыпшақ. Қара Қыпшақтан тарайтын Ұзын, Бұлтың, Көлденең, Қарабалық, Торыбес рулы ел өздерін Қобыландының ұрпағымыз деп, шежірелерін батыр бабасына апарып тіреуі қалыптасқан. Ақын Нұржан Наушабайұлы 1903 жылы Қазанда басылған «Манзумат қазақия» («Қазақ шежіресі») деген дастанында тоқсан екі баулы Қыпшақтың шығу тегі мен аталарына қатысты тарауда Қобыландының 12 баласы болғанын айтып өтеді. Ал «Қобыланды батыр» жыры жиырмаға толмаған жас батырдың бәйбішесі Құртқадан – Бөкенбай, екінші әйелі Қарлығадан Киікбай деген екі ұлды болуымен аяқталады.

Тоқтарбайұлы Қобыланды аңыз негізінде қиялдан жасалған кейіпкер емес, өмірде болған, ел қорғаған ерлік істерімен халық құрметіне бөленген және қазақ халқының қалыптасуына да үлкен үлес қосқан қас батыр, қолбасшы. Ол ХV ғасырда Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасында, Қазақ хандығы құрылар тұста өмір сүрген. Қазақ хандығының алғашқы хандары Керей мен Жәнібек, дала данышпаны Асан Қайғымен замандас. Қазақ хандығы құрылар тұста ел тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға, яғни бүгінде егемен тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне айналған халқымыздың ұйысуының бастауында батыр бабамыз да тұр. «Қазақ хандығы» көркем фильмінде бас кейіпкерлердің бірі Қобыланды батырдың ерлік істері жақсы көрсетілген. Зираты Ақтөбе облысының Ресеймен шекаралас Қобда ауданында Жиренқопа ауылында, оның рухы ел шебінде Отанын мәңгі қорғап тұр.

1969 жылы бұл мазарда жатқан адамның кім екенін нақты анықтау, бас сүйегінен бет-бейнесін жасау мақсатымен антрополог Ноэль Шаяхметов бастаған экспедиция оның сүйегін қазып алып Мәскеуге әкеткен, бірақ бұл игілікті іс аяқталмай қалған. «Бітер істің басына, жақсы келсе қасына» демекші, 1993 жылы елжанды азамат Абдулла Әбенов Ақтөбе қаласының әкімі қызметіне тағайындалады. Сол қызметте жүргенінде батыр бабамыздың сүйегі елге қайтарылмағаны туралы жайға қанығады да, оны іздестіруді ұйымдастырады, сауапты іске бастамашы болады. Нәтижесінде ондаған жылдар бойы іздеуші ұрпағын күтіп жатқан аруақты сүйек табылды, Венгрияда ғылыми сараптама жасатылып, дәлелденіп, елге әкелінді. Қазақ хандығын құруға белсене атсалысқан қаһарман халық батыры Қобыланды 37 жылдан кейін, 2006 жылғы 26 тамызда өзі қорғаған атажұртына қайта жерленді.

Қызылордалық ұрпақтары Алатаудан бес тонналық алып тас жеткізіп, ол тасқа бұл жерде халқымыздың даңқты батыры Қобыланды жерленгенін әйгілейтін жазу жаздырып орнатты. Күмбездің жанында батыр қылышы мен найзасын қайрап алатын қайрақтасы жатыр. Ұлтымыздың бас батыры, түркі әлемі тәу еткен көрнекті тұлға Қобыланды батырдың жаңадан тұрғызылған кесенесі 2007 жылы 7-8 қыркүйекте салтанатпен ашылды, осы ізгі де игі іске талай зиялы азамат атсалысты.

Бұл шара түркі жұрты үшін тарихи оқиға ретінде жалпыұлттық деңгейде өткізіліп, бабамызға лайықты құрмет көрсетілді. Астана мен Алматыдан бастап еліміздің біраз өңірінен, сондай-ақ Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан мен Ресейден зиялы қауым өкілдері салтанатқа арнайы қатысты. Осынау қасиетті істің ойдағыдай бітуіне зор көңіл бөліп, тыңғылықты басшылық жасаған, ел алғысына бөленген Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Елеусін Сағындықовтың азаматтық ісін осындайда айрықша атап айту ләзім.

Мәскеулік антрополог мамандар батырдың бас сүйегі бойынша оның бет-бейнесін жасап берді, енді оның суреті де бар. Мүсінші Мұратбай Үмбетов жасаған батырдың үлкен ескерткіші 2009 жылы Қызылорда қаласында орнатылды. Тағы бір ескерткіш Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың демеушілігімен Түркістан облысы Сауран ауданының Еңбекші Дихан ауылында 2024 жылы мамырда ашылды. Ақтөбе қаласындағы мыңдаған адамдық үлкен стадионға, Астанаға және басқа да қалаларда көшелерге Қобыланды батырдың аты берілген. Әйтседе мәңгі ескерткіш – ғасырлардан аман жеткен халықтық дастан «Қобыланды батыр» жыры. Мұнда қаһармандық эпос жас ұрпақ ыңғайына лайықталып оқырман назарына ұсынылып отыр. Айта кетейік, бұған дейін оқырман қауым «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр» жырларының қарасөзбен жазылған нұсқасын жақсы қабылдаған еді.

А. ҚОСПЕНБЕТҰЛЫ.

Астана қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<