Құдалық

2217

0

Сурет ашық дереккөзден

Құдалыққа барып құйрық-бауыр жеп, ағайынның абыройын көтеріп қыдырғанға не жетсін?! Жақында қалалық Ғалым деген інімнің еліміздің солтүстік облыстарының біріне құдалыққа барғандағы әңгімесін естіп, күлкіге қарық болғаным бар. Оқиғаның желісін өз аузынан шыққандай баяндайын.

Көктемнің алғашқы айларында жиен қарындасым солтүстік аймақтардың біріне тұрмысқа шығып, соның құдалығына бір топ ағайын кәде-құрметімізбен, жөн-жоралғымызды арқалап жолға шықтық. Әуелі пойызбен, одан әрі жеңіл көліктерге мініп, асу-асу құмды белестерден өтіп, шалғай жатқан құдалардың ауылына шаршап-шалдығып екі күн дегенде әрең жеттік. Қазақтың жері кең-байтақ қой, жарықтық. Алыс жерге қызын ұзатқан бір апамыз, «осындай қарадомалақ бала өзіміздің ауылдан да табылмаған екен» дегендей болдық біз де.

Бұл жақтың салт-дәстүрді ұстауы, құда күтісі бізден бөлектеу ма деп қалдым. Құдаларға ірге көрсету салтымен жеті үйден дәм татқызып, қонақ қылады екен. Алғашқыда дастарқан мәзірі халал болып басталды. Құданың жасы менімен шамалас болып шықты. Бәленің бәрі қарап жүрмейтін өзімнен болды. Бір-екі үйден кейін құрдас құдама ауылдан екі-үш күн бұрын асқазанды бәйгеге қатысатындай дайындап шыққанымды айтып ескерттім. Өзім мектепте мұғаліммін, бастауыш кластарға баян тартып, ән сабағынан дәріс беремін. Арасында кішігірім құдалық дастарқанын басқарып, қырылдап Шәмшінің әндерін айтатыным бар. Елдің алдында жүрген соң ба, анда-санда болмаса ішімдікке жоқпын. Мынадай құрмет жасап жатқанда семіз түйенің қуырдағымен жүз грамды алып қойып, көңіл көтеру де артық болмас дедім. Құданың да ақылы бар екен, үшінші үйге барғанда бізге арналған мөлтек дастарқан теңіздің ракушкісінен салынған мал қораға дайындалыпты. Дастарқан басында құдалармен әңгіме-дүкен құрып, біздің топтағы жиендермен әзілдесіп, бір жасап қалдық. Содан келесі үйде мөлтек дастарқан мал қорада емес, еңсесі биік есік алдындағы сарайда жасалды. Алғашқыда құдалар арақ-шарап беруге ауыл адамдарынан қысылған болу керек. Келе-келе бесінші, алтыншы үйдегі оңаша құда күту дастарқандар әуелі түпкі бөлмеде, кейін залға ауысып тынды. Бір байқағаным, еңселі сарайдағы кездесуден кейін дастарқанның түрі де, күтушілердің пошымы да өзгерді. Мен сияқты жуан галстук таққан бір-екі құда көмекшілерімен келіп, қызмет жасай бастады. Қыза-қыза құдалардың қолпаштауымен ауылдың алты ауызын баянмен сүйемелдеп, кәсібіме басып бір шырқап бердім. Өнеріме таңғалған жергілікті әншілер қалған отырыстарда мен тартатын баянды қасымда алып жүруге ғана жарады.

Бірінші дастарқанда құйрық-бауыр табағына шамамызға қарамай мол ақша салып, келіндерді таңғалдырып ризашылығын алғанбыз. Сөйтсек бұл жақта ет жеп болған соң әр үйдің табағына құда кәде деп ақша салады екен. Әйтеуір соңғы үйлерге барғанда қалтамызды қағып әрең жеткіздік. Кейін білдік құдалардан, бұл жақта ырым қылып бір-екі мың салсаң соған риза болады екен. Ауылда бұндай құрметті көрмеген басым құда шақырыстың күрт өзгергеніне таңғалудамын. Отырыстың құрметі де, жұлдызы да мен болып шықтым. Сөйтсем нағашысымен ойнаймын деп бәрін бүлдіріп жүрген әзілқой жиендерім екен. Менің жуан галстук таққан «солидный» түріме қарап құданың біреуі нағашыларың не қызметте деп сұрағанына «бір ауданның әкімі» деп мені қатырған екен. Оны мен қайдан білейін. Әйтеуір жан-жағымдағы адамдармен бірге дастарқанның сервисі де жаңарып өзгеріп кетті. Терезесі тең адамдармен әңгіме-дүкен құрсын деп біраз ағайынға хабар берген-ау. Менің 6-кластың класс жетекшісі екенімді құдалар қайдан білсін. «Әкім» болғаныма да екі-үш үй болыпты, қысылғанымнан терлемеген жерім қалмады. Шындықты айтайын десем «әкім» болып ешкімге сөз бермей екі-үш үйдегі басты мүжіп тастағанмын, ұят болайын деп тұр. Менен басқа құда, жиендерім миықтарынан күліп төрде отырғандарына мәз. Күтуші құдалар шын ниетпен асты- үстімізге түсіп қызмет қылуда. Бір жағынан бойым үйрене бастаған «әкімдік» пен мен үшін жайған ерекше дастарқанды да қимаймын. Масқара болғанда соңғы шақырған үй осы ауданның әкімінің үйі болып шықты. Әлгі бесінші үйдің төргі бөлмесінде арақ-шарап құйып, қызмет жасап жүрген жас жігіттің үйі екен. Бәсе осы жігіт мені өзіне жақын тартып қай-қайдағы жоба, мен білмейтін бағдарламаларды сұрап қоймаған соң жұмыс жағдайын айтпай бүгін демалайықшы деп шорт кескенмін. Мені әріптес көріп жүр екен ғой. Басқа құдаларды қайдам «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей құдалықтан елге қарай жолға шыққанша асықтым. Қазақ құданы құдайындай сыйлап, оның үстіне басшыны аса құрмет тұтқан ел ғой. Жылдар бойы әкім болған азаматтар мынадай құрметке қалай жарылып кетпей жүр екен, деп бір күн «әкім» болып ағынан жарылған Ғалекең құдалық сапарындағы әңгімесін осылай аяқтады.

Марат ОМАРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<