1972 жылдың көктемінде қырықтың қырқасына жаңа іліккен Алексей Черекаев жолдас ел үкіметіндегі ең мықты лауазымның біріне тағайындалды. СовМин төрағасының орынбасары. Көп ұзамай Қызылорда облысына алғашқы қызметтік сапарына жолға шықты.
Облыстың орталығынан, аудан-аудандардан аса бір алаңдатарлық дабылдар түсіп жатқан шақ. Бұрын-соңды болып көрмеген былтырғыдай құрғақшылық кесірінен мал басы қыстамаға қоң жинамай кірген. Кей аудандарда қыс ортасында-ақ мал, әсіресе, қой-ешкі қырыла бастады.
Қыста қар аз түсті. Оның үстіне көктемгі құрғақ, аптап желді ауа райы биылғы жаздың да әуре-сарсаңы кем болмайтындығын сездіріп тұрған.
– Сенің мұндай жағдайдағы жұмыс тәжірибең мол, – деді республика басшысы Димаш Ахметұлы үлкен кеңестің үстінде. – Сондықтан, облыстың аудандарын түгелдей аралап шық. Жағдаймен жақын, мұқият таныс. Алдағы аптаның соңында бізге барлық жайды баяндап бересің. Керек десең, қажетті шешімдерді сол жерде қабылдарсың. Біздің қолымыздағы ресурс пен резерв сізге жақсы мәлім.
Қызылорда республикадағы ең проблемалы облыстардың бірі еді. Жерінің басым аумағын Қызылқұмның сусыма құмы мен құладүз дала алып жатыр. Облыста тұратын елдің басым бөлігін ауызсумен қамтып, Арал теңізін де қоректендіріп тұрған суы тұщы жалғыз Сырдарияның жол бойы әр-әр жерден бөген-бөгеттермен бұғауланып тастағаны соншалықты, дарияның кей тұсын жалаңаяқ кешіп өте шығатындай күйде.
Теңіздің де арнасы тартылған үстіне тартылуда. Облыстың даңқын жер-жерге асырып жатқан Аралдың бекіресі мен қаязы сықылды балықтың бағалысы азая бастаған. Олар жайлы тек анықтамадан ғана оқып, әйтпесе, маңайдағы көнекөз қариялардың естелігінен ғана естисің.
Орыстың Нижегород деген қаласының жәрмеңкесін көрген ескікөздері де ол балықтардың дәмін ұмытпағанын осы елдің бір ақсақалы айтып жүр. Алдыңғы ғасырдың жиырмасыншы жылдары бұл қаланың саудагерлері мен мещандарының арасында балық тағамын ұсынатын «Аральский усач» деп аталатын мейрамханаға халық қалың кезекке тұрған. Мұндай мейрамханалар Мәскеу мен Петерборда, тіпті Парижде де болған. Олардағы кісі қарасы мүлде үзілмепті.
Бұл шақта Қызылордада ірі өнеркәсіп орындары да қалмаған. Аралдың жағалауында, Сырдария мен Әмударияның алқап-алқабында қалың өсетін қамысты ұқсатып, қатты қағаз шығаратын, атағы елден асып, Еуропаға жеткен, сонау 30-шы жылдары салынған целлюлоза-қағаз комбинаты тоқтап қалған. Теңіз суы тартылған соң, мәңгі өсіп тұра беретіндей көрінген, комбинатты қажетті шикізатпен қамтамасыз етіп тұрған қалың қамыс сиреді.
Облыс осылайша Қазан төңкерісінің алдындағыдай таза мал шаруашылығымен шұғылданатын өңірге айналған. Енді бұл аймақ күрішпен күнелтіп, негізінен қаракөл қойын, жылқы мен түйе өсірумен айналысады.
Алексей жолдас күнделікті қажет қағаздарын жинастырып, кеңсе жұмыстарын ыңғайлап, сол күні кешкісін жанына көмекшісін алып, ИЛ-18 ұшағымен Қызылордаға ұшып шықты. Әуежайда оны облыс басшылары тайлы-таяғы қалмай қарсы алған. Уақыт түн ортасы болып қалғанына қарамастан, қала сыртындағы резиденцияда кешкілік ас дастарханы жайылып, әңгіме үстінде уақыттың қызды-қыздымен таңғы төртке тақағанын аңғармаған. Тарасарда Үкімет басшысы орынбасарының облыстағы төрт күндік сапарының бағдарламасы кесіліп-пішілді.
Мал фермаларындағы жағдай күткендегіден де ауыр болып шықты. Жайылымда не өткен жылдан қалған, не биылғы көктемгі тебінгі шөп жоқ, тап-тақыр. Құрғақшылыққа төзімді деген көк атаулының өзі жерден қылтиып шықпай жатып-ақ қураған. Әбден арыған мал өз аяғымен тапталып, тақырланып қалған маңдағы қарағаш пен түйетікеннің арасынан тіске ілінер көк іздеп босып жүр.
Ашық тоғандар болмашы қардың суы жұмырына жұқ болмай тартылып қалған. Жерасты суы да бірнеше метр тереңге қашып, ойдағы-қырдағы құдықтардың кенезесі кеуіп жатыр. Ауызына көк ілікпеген, оның үстіне сусыраған мал көз алдыңда арып, жүдеп-жадап барады. Әне-міне мал жаппай қырылуға жақын деген дабыл жан-жақтан түсе бастады. Сондықтан, тез арада жедел шешім қабылдамай болмайды.
Бірінші кезекте адам мен малдың ауызсуы мәселесін шешу қажет. Шалқардағы темір жол стансасында аудандар мен облыстық ұйымдардың жетекшілерінің басын қосқан кеңес өтті. Оған Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент облыстарының аумағындағы әскери бөлімдердің командирлері, темір жол станциясының басшылары да шақырылды.
Кеңестің қорытындысы мынау болды: қолдағы малға су жеткізуге бір мыңға жуық су тасушы көлік шығарылады, бұған республикалық резервтен де көмек келеді. Өкімет қорынан жүз мың тоннадан астам пішен, екі жүз мың тонна жем бөлінді. Одақтық үкіметке де резервтен жәрдем жасауға өтініш жасалды. Қазақстанның жемшөп қоры тәуір-ау деген өңірлері мен аймақтарына пішен мен сабан даярлап, жіберіп отыруға бас-көз болатын облыстың өкілдері аттандырылып жатты.
Жағдай сәл-пәл болсын оңалады деген жіңішке сенім мен үміт пайда болды. Тек осы бір шегеленген шараларды мықтап іске асыру қажет. Бұл үшін осы мақсатта арнайы штаб құрылды.
Облыстағы іссапардың соңғы күні де келіп жетті. Шағын ұшақпен Қызылқұмның қуыс-қуысын аралап ұшып өтпек ниет жасалды. Кеңшар мен ұжымшарлардың бүкіл қой-ешкі, жылқы-түйесінің жартысы құмдағы жайылымда жан сақтауда. Бұлар мінген АН-2 ұшағы құм арасындағы алаңқайларға қонып-ұшып кете алатындай ыңғайлы. Ұзындығы – жүз, көлденеңі алпыс метр алаңқай болса болғаны. Ұшы-қиыры жоқ құмайт далада мұндай «әуежайлар» әр-әр тұста кездесіп қалады. Бірақ толассыз құм көшінің ондай алаңқайларды басып тастауы да әп-сәтте. Қонуын қонарсың-ау, бірақ қонған ұшақты қызыл құмның орай соғып басып тастауы лезде. Қайта көтерілуің мұң. Ұшқыштардың да қорқатыны осы.
Бұлардың жолы болды. Қызылқұмның үстінен ұшқан топ жерасты тұщы суы тереңге қаша қоймаған көгалды алқапты жайлаған бірнеше шопан ауылына еркін қонды. Әжептәуір қарайған тал-шілігі бар мұндай көгалды жердегі шопандар құдықтан су ішіп, малды да сол сумен суарып отыр. Мұндай әзірге күйі қашпаған қойлы ауылға қонғанда, шаруаның аужайын байқап болған соң, аттанарда ауыздарына қымыз бен шұбат та тиіп қалады.
Қызылқұмның бір шетінен бері қайтқанда жолсерік азаматтар қолдан жасалған көгалды жердегі көл маңын мекендеген қойлы ауылға соға кетуді ұсынды. Бірге ұшып келе жатқан облыстың басшысы:
– Бұл жерді көп жылдан бері біздің Қойбағаров Қуаныш дейтін үздік шопанымыз жайлап келеді. Сіз, бәлкім, ол кісі жайлы естіген де боларсыз. Қаракөл қойының жүз саулығынан жыл сайын жүз сексен-екі жүз қозы алады, баққан малынан да жоғары сұрыпты, түр-түсі де ерекше тері беріп келе жатқан бір еңбекқор жан. Бұл – республиканың рекорды. Ол аз болса, Қойбағаров жолдас тұнып тұрған кітап, өзі және майдангер, екі бірдей «Жауынгерлік Даңқ» орденімен наградталған. Соғыстан кейінгі жылдардағы жақсы жұмысы үшін еліміздің көптеген мемлекеттік марапатына ие болған ағамыз. Осы бесжылдықтың қорытындылары бойынша Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынбақшымыз, – деді.
Біраз тынығып алудың да реті келіп тұрған. Мына тұста құм ішіндегі көлдің жағасын жайлаған шопанның көгарай шалғын жері жатыр. Ілгеріректе мұнай мен газ іздеп жүрген геологтар жер астынан тереңнен шығып жатқан су көзіне тіреліп қалса керек. Содан бері жиырма жыл бойы төменнен тартқан тұрбамен жер бетіне тынбай атқақтаған судан жасанды көл пайда болыпты. Оны өздері Баршакөл деп әдемі атаған. Жерасты суы құм арасына сүзгіден өткендей сіңіп, арасында буланып ұшып жатса да, су қоры азаяр емес.
– Бұл Баршакөлдің жағасын қамыс басып, қаз-үйрек үйірсектеп, балық көбейді. Сіздің Жайықтың жағалауында өскеніңізді білеміз, бірақ мұндағыдай сазанды көрмегеніңізге бәс тігуге бармын, – деп тағы бір сапарлас азамат отқа майды құя түсті. – Көктемде бұл көлшік жабайы құсқа толып кетеді.
– Тіпті аққулар да мекендейтін болды, – деп аудан басшысы да әңгімеге араласты.
– Асықпайық. Бұл маңда ұшақты басып қалатын сусыма құм жоқ, көл маңы ылғал. Дем алып, суға түсейік, күннің күйіп тұрғаны мынау. Ет жеп, сорпа ішіп, қонаға жата кетелік. Облыс орталығымен ұшақтағы рация арқылы байланыс ұстап отырамыз, – деді облыс басшысы сөздің нүктесін қойып.
– Мұндай көлдер көп пе сіздерде? – деп сұрады Алексей жолдас.
– Тұщы су құм ішінде тереңге кетпейді, сондықтан жетерлік. Бұл жақта геологтар он жылдай жүрген. Олардың қазған құдықтары аз емес. Бәлкім, жүз деп саналуы да ықтимал. Бірақ бүкіл Қызылқұмда өз-өзінен буырқанып атылып шығып жатқаны оннан аспайды. Иесіз, қараусыз қалған тағы да жүз шақты құдық бар, олардан суды тек насоспен ғана айдап шығарасың. Бұған әзір күшіміз келмей отыр, – деді облыстың басшысы.
Шағын көлшікті бір айналып шығып, қонатын жерді қапысыз тапқан ұшқыш қамысты жағадан бірнеше қадам жерге келіп қонды. Самолеттің салонынан тысқа шыққандардың бет-жүзін ыстық та болса көл суымен жұмсарған бір салқындау леп желпіп өтті. Мұрынға балық иісі келді, қамыстың жеңіл сыбдыры жанға жайлы тиіп, дүрілдеп келіп қонған ұшақтың дауысынан үрке ұшқан қаз-үйректің қанатының сусылы естілді.
Басына тері құлақшын киген, иығында желбегей жамылған мақталы шапаны бар, ұшақтың ұршығы қашан тоқтар екен деп күтіп тұрған егде қазақ көрінді. Алексей жолдастың қасындағы серіктері ана кісіге қос қолдарын соза ұмтылып барып, айқара ашылған құшақтарын жая амандасты. Сосын ғана Совминнің білдей орынбасарын таныстырды.
Алексей жолдас бұл кісінің орысшадан хабары бар-жоқ екенін сұрады.
– Баяғыда соғыс кезінде аздап сөйлеуші едік, оны да ұмыттық қой қазір, – деді ақсақал.
Тілге жүйрік Совминнің орынбасары тек содан кейін ғана қазақшаға көшті. Шаруа жайын бірқыдыру сөз етісті. Бір мезетте үй иесі:
– Келіңіздер, төрлетіңіздер! – деп қыза бастаған әңгімені үзіп, ұядай боп қатар қонақтай қалған қос киіз үйдің жанындағы жертөлеге бастады. – Киіз үйден гөрі жер үй салқынырақ.
Отығып, қотанға қарай мамырлай жайылып келе жатқан қой отарына көз қиығын салып тұрып:
– Ана ұл отарды суарып, кешкі жайылымға қайта айдап алып кетеді. Мына көлшіктің суын ластамау үшін құдықтан су тартып, соған суарамыз, – деп қосып қойды.
ІІ
Қылаң төбелге аяқ артып, отардың алды-артын жиыстырып келе жатқан шопан да таяды. Аттың ауыздығын алып, су ішсін деп жіберді-дағы, өзі құдықтың ағаш ернеуіне аяғын тірей, талтая тұра қалып, дәу қауғамен төменнен су тартып алып құя бастады.
Меймандар қой отарын аралап кетті. Аға шопан мән-жайды түсіндіріп жүр. Малдың күйі басқа отарларға қарағанда әлдеқайда ілгері екендігі көзге бірден шалынады.
Су тартқан шопан жігіттің мына ыстықта басына кигені түлкі тымақ, мақтадан сырылған күпәйке. Бұтында сырма қалың шалбар. Балағын керзі етіктің ішіне қыстырған. Қызылқұмның қатты аптабы мен құрғақ ыстық желінен осылай қалың киініп қана жан сақтап қорғана аласың. Мұны Совминнің орынбасары да жақсы біледі. Қалың киім күннің ыстығын өткізбейді, кісінің денесі ыстықты сезбейді. Қыр қазағына бұл жайт ежелден-ақ мәлім.
Құдықтың маңына ошарылған қой отары суға қанып, сейіле бере мына топ та шопан жігітке жақындаған. Алексей жолдас оның бой-тұрқын, кескін-келбетін көріп сәл аңтарылып қалды.
Еңкейіп-шалқайып су көтеріп тұрған жігіт қатты ыстықтап кетті-ау тегі, түлкі тымағын шешті де, белдемшесіне қыстырып қойды. Ажарын аптап жел мен күн қақтаған, дене бітімі құрыштан құйғандай, қолы балғадай кәдімгі қыр қазағы. Бірақ шашы… Ұлық мейманның көңілін аударғаны да осы болды. Кесек бітімді қайсар қазақтың шашы да көмірдей қара болса керек-ті. Мына жігіттің шашы кәдімгідей қызғылт сары. Енді сәл ынтыға үңіле түсіп еді, мәссаған безгелдек, қасы да сап-сары.
Алайда ондай-ондай алыс ауылда болып тұрады ғой. Анда-мұнда, бекеттер мен вокзалдарда қаңғырып жүрген кезбелер аз ба, солардың бірі шығар, мұндай бейбақтарға жатар орын, ішер киім берсең болды, соған тәуба деп, айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүреді. Алыстағы қойлы ауылдағы қойшыға да керегі осы. Дегенмен, көмекшілікке, сірә-дағы, орыс жігітін берген болуы керек деп бір түйіп қойды іштей алматылық үлкен кісі. Сосын:
– Сәлеметсіз бе, – деді орыс тілінде. – Мұнда қашаннан бері жұмыс істеп жүрсіз?
Бойшаң сары жігіт өкімет адамына таңырқай қарады:
– Әке, мына кісі не дейді?
«Ақсақалды бұл жігіт әке деп тұр, ендеше осы үйдің баласы болғаны. Бірақ түрі қазаққа келмейді. Ал сонда бұл мұнда қайдан жүрген орыс пішінді азамат?» деп ойлаған Алексей көппен бірге отар аралап кетті.
Озат шопанның отарындағы малдың күйі мынандай ыстығы шыжып тұрған жазда расымен де таңғаларлықтай күйлі еді. Қазақ «Мал баққанға бітеді» деп тегін айтқан ба, малсақ адамның түлік күтімін күндіз-түні қадағалайтыны көрініп-ақ тұр. Мал шаруашылығының қыр-сырын аса жетік білетін Алексей жолдас отар ішін аралап келе жатып тұяғын тас тілген бірде-бір қойды көрмей, малшының ыждағаттылығына қатты риза болды. Күйі жақсы жас төл де асыр салып ойнақтап жүр.
Дегенмен дөкей адамның ойынан анау қызғылт шашты қазақ жігіті кетер емес. Құдық басында қауғаны соншалықты епті қимылмен допша домалатып су тартуына, малды шөлін қандыра суаруына қарап, қойлы ауылда шаруа өрге домалап тұрса, мұнда сенің де үлесің аз емес-ау деп көңіліне түйіп қойды.
Өмірзақ Сұлтанов,
ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты,
Сайлау Төлеуов,
журналист.
Семей-Астана.
(Басы. Жалғасы бар)
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<