Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамдық сананың даму барысына жаңа сипат беретіні даусыз. Бұл бастамаға қолдау көрсетіп, қоғам мүшелерінің белсене ат салысуы шынайы түрдегі заңдылық деп ойлаймын. Бұл бағытта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі «М.Шоқай ғылыми-зерттеу орталығына» ғылымижетекшілік жасап жүрген Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкірдіңбиылғы жылы жарық көрген «ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы саяси-әлеуметтік ойлар» атты монографиясы ұлы түркілер өркениетінен бері ұлттың сана мен салт-дәстүрі негізінде қалыптасқан рухани құндылықтарымыз бен қазыналарымызды байыпты зерделеу ұмтылған.
Ғылыми еңбектің кіріспесіндегі орта ғасырлардағы қазақ даласында өмір сүрген әйгілі ғұлама-ойшылдар Әбу Насыр әл-Фарабидің, белгілі қоғам қайраткері-гуманист Жүсіп Хасхаджиб Баласағұнидің, ойшыл-даналар Қорқыт Ата, Қожа Ахмет Яассауи, данышпан-жыраулар Асан қайғы, Доспанбет, Ақтанберді, Бұхар Қалмаханұлы, кейінгі дауылпаз ақын –жыраулар Дулат, Маханбет, Шортанбай, Мұрат Мөңкеұлы секілді қазақ ойшылдарының ұлттың саяси-әлеуметтік қазынасын байытуға қосқан ой-тұжырымдарынәлі де болса толық зерделеп, тереңде, толық ұғына түсуде бұл еңбек құнды деректер алуға мүмкіндік береді.
Аталмыш ғылыми еңбектің негізгі бірінші тарауы Қазақстандағы ағартушылар дәуіріндегі саяси-әлеуметтік ойшылдарқызметі мен шығармашылық мұраларын талдауға арналған. Мұнда ұлт мақтаныштары саналатын Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин мен заңғар ақын Абайдың халықтың тұрмыс-жағдайлары, орыстың отарлық бұғауындағы трагедиялық ерекшеліктер мен онан азат болудың жолдары жайлы саяси-әлеуметтік ой-пікірлеріне терең ғылыми сараптама жасалынған. Әрине, бұл кезеңге осыған дейін де түрлі ғылыми зерттеулер жазылғанымен, Әбдіжәлел Қошқарұлының бұл еңбегіндегі өзіндік ғылыми зерттеу стилі мен тың деректердің берілуі зерттеуші оқырмандардың қызығушылығын тудыратыны анық. Әсіресе, Ш.Уалихановтың өмірі жайлы тың мәліметтер, сол кезеңдегі озық ойлы орыс зиялыларымен тығыз байланысыжәне ғылыми көзқарастарының қалыптасуы мен оның орыс-қазақ қарым қатынастары туралы деректер мен бізге бұрыннан таныс емес өткір де, батыл ой-пікірлері әрбір оқырманның қызығушылығын тудырады.Қазіргі мектеп оқулықтары мен ғылыми-танымдық кітаптар осы монографияда келтірілген тың да, бағалы, дәйекті деректермен толықтырылып жатса нұр үстіне нұр болары белгілі.Бір мысал келтіре кетсек артық көрмеңіздер. Шоқан Уалиханов азаттық пен еркіндікті адамзат баласының табиғи атрибуттары деп түсініп: «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік дамуы, өзін-өзі қорғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» деп атап көрсеткен. Бұл, шындап келгенде, тәуелсіздік формуласы еді, бірақ, өкінішке орай бұл ой мектептегі тарих оқулықтарында жоқ.
Автордың бұл ғылыми монографиясындағы «Алаш қозғалысы және оның саяси топ басшыларының саяси-әлеуметтік ойлары» тақырыбындағы екінші тарауды жазу мол ыждағатты іздену мен терең ғылыми сараптамалық ой-өрісті қажет еткені байқалады.Себебі, саяси жаңалықтар мен күтпеген өзгерістерге кезіккен ХХ ғасырдың басындағы қоғамның даму үдерістері сансыз қарама-қайшы шиеленістерге толы еді. Сол кезеңде пайда болып, жетілген қазақ зиялыларының үлкен шоғыры тарихтың тағдыр-тәлкегі мүмкіндік берген жағдайда кез келген қоғамды өзгертуге шамасы келер еді. Атап айтқанда, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы. М.Дулатұлы және М.Шоқайдың баршасына ортақ талап-тілектері қазақ халқын орыс отаршылдығынан азат етіп, елді тәуелсіз мемлекет мәртебесіне жеткізу еді. Бұл бағытта олардың мақсат-мүдделері бір болғанымен, кей жағдайларда нәтижеге жету үшін түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалануға тырысты.
Автор бұл тарауда аталмыш зиялылар қауым өкілдерінің ғылыми мақалалары мен кітаптарындағы деректерді пайдалана отырып, қазақ қоғамының ерекшеліктері және отарлық саясаттан арылу хақындағы ұтымды ұсыныстары мен дәлел-дәйекке толы тұжырымдарына жан-жақты да, сапалы сараптау жұмыстарын жүргізген. Бір ескерерлік жағдай, Алаш арыстарының рухани дағдарыстан шығудың жолдарын насихаттаған ой-тұжырымдары осы күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ деп айта аламын. Себебі, құлдық сананың сарқыншақтары әлі күнге шейін әр жерден қылаң беріп келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Сондықтан, Әбдіжәлел ағамыздың бұл ғылыми шығармасықоғамның рухани саласын ұлттық тұрғыда зерделеуде оқырмандарға ғылыми бағыт-бағдар беретін құнды еңбек бола алатыны анық. Өйткені автор қандай тақырыптысөз етпесін оларды тәуелсіздіктің бүгінгі талаптары деңгейінен талдауға ұмтылған.
Жалпы, Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкірдің мол ғылыми деректерге бай жаңа зерттеу монографиясы қоғамдық ғылымдар оқытушылары мен оқушы-студенттер қауымының пайдалануына қажетті болатын толымды еңбек деп бағалауға болады.
Е.АБЕНОВ,
с.ғ.к, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті.
Қ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<