Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі көрсететін ең маңызды құжат. Қазақстан тәуелсіздік алғалы Елбасы бастамасымен қаншама саяси реформа жүргізілді. Одан кейін экономикалық жаңғыру болды. Саяси-экономикалық салада көптеген жетістіктерге жеттік. Мақала біздің елімізге ерекше серпін беруде.
Рухани жаңғыру, бұл – адамзаттың ішкі әлемінің жаңаруы, сана сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Жаңғыру өркениеттің өрге жүзуімен байланысты. Көне замандағы көрікті қалалар мен озық ескерткіштер, мәдени мұралар осыған бұлтартпас айғақ. Тұңғыш Президент рухани жаңғырудың бірнеше принциптерін ұсынған. Ондағы бағыттар – бәсекелестік қабілет арқылы ғаламданудың жаһандық жүйесіне еніп, XXI ғасыр талаптарына дағдылану.
«Болашақта ұлттың табысты болуы, оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады, сондықтан әрбір қазақстандық XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек», – делінген мақалада. Тұңғыш Президент адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу мен олардың бойында патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық беру қажеттігін атап көрсетті. Болашаққа бағдар беретін маңызды құжаттағы көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруда аға буын өкілдерінің жауапкершілігі жоғары.
Сөз басында айтып кеткеніміздей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мақаласында бірнеше бағыт ұсынды. Бірінші бағыт – қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі. Бір жағынан – латыншаға көшудің терең тарихи логикасы бар, екінші жағынан – әлемде технология мен коммуникация дамуының заманауи ерекшеліктерін көрсетеді. Сондықтан қазіргі латын әліпбиі жаңа технологиялармен, компьютермен, цифрландырумен тікелей байланысты.
Екінші бағыт – «Жаңа гуманитарлық білім беру». Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» осының негізінде пайда болды. Бүгінде ана тілімізге аударылатын кітаптар іріктеліп, аударылған нұсқасы оқырмандар қолына әлдеқашан тиді. Тіпті, алғашқы 18 оқулық мемлекеттік тілге аударылып, тұсаукесері өтті.
Үшінші бағыт – «Туған жер». Бұл жобаның ерекшелігі – өңірлердің белсенді қатысуы, сонымен қатар, кәсіпкерлерді, меценаттарды және мүдделі азаматтарды тарту. Осы арқылы азаматтардың өз ауылына, ұшқан ұясына жанашырлық танытуы көзделді.
Төртінші бағыт – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Бұл – біздің елдегі ең танымал жобалардың бірі. Елбасы мақаласы жарыққа шығысымен бір жыл ішінде барлық өңірлердің қасиетті жерлері туралы деректер жинақталды. Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылып, киелі жерлерді іріктеу мен жүйелеу бойынша ғалым мен қоғам қайраткерлерінен тұратын арнайы кеңес ашылды. Тізім жасалып, оның ішінде жалпыұлттық маңызы бар 183 нысан анықталды. Онда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралары қатарына енгізілген тарихи және мәдени ескерткіштер де бар.
Бесінші бағыт – «Жаһандағы қазақстандық мәдениет». Бұл қазақстандық мәдениетті шетелде танымал ету бойынша жүйелі жұмыстар құруға бағытталған. Жоба аясында шетелдік аудиторияға қазақстандық мәдениеттің түрлі бағыттарын айшықтайтын әртүрлі іс-шаралар жиі өткізіліп келеді.
Алтыншы бағыт – «Қазақстандағы 100 жаңа есім», бұл 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шын мәніндегі визиттік карточкасына айналды. Жоба түрлі саланың көрнекті тұлғаларын бүкіл Қазақстанға таныстырды. Олар – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жетіп, ел мойындаған әншілер, композиторлар, спортшылар, ғалымдар, журналистер және басқа да өз ісінің хас шеберлері. Алғашқы жылдың өзінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша 2112 үміткер жиналып, оның 102 жеңімпазы сол жылы 1 желтоқсанда Елбасымен кездесті. Мұның бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа берері мол.
Тұңғыш Президент-Елбасының рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға ерекше маңыз беруі – тұтастай ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім мен ғылымда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бәсеке болған жерде тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тәрбиесі толық, ұлттық идеологиясы өз темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін саналы түрде өзімізді рухани жағынан үнемі жетілдіріп отыруға тиіспіз.
Ләззат ДҮЙСЕНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<