Биыл Қызылордада «Адал ұл ер болып туса – ел тірегі» атты әкелі-балалы жұптар сайысы, оқушылар арасында «Әкеме хат» шығармалар байқауы болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов журналистерге «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жоспарын таныстырды.
– Игі бастама әкенің қоғамдағы ролін арттыру, беделін көтеру мақсатында қолға алынып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Одан бөлек, «Ұлы дала fest» тақырыбында ұлттық дәстүрлер фестивалін, демалыс орындарында «Көне аспаптар сыр шертеді» жобасын, «Ертегі – тәрбие берудегі ізгілік бастауы» атты ертегі айтушы әжелер байқауын өткізу жоспарланып отыр. «Отандастар» қоры және бірнеше облыстың қатысуымен «Алпамыс батыр ізімен…» тақырыбында Өзбекстанға біріккен экспедиция, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарына жас жыраулардың шығармашылық іссапары ұйымдастырылады. Ал «Тал бесіктен – жер бесікке дейін» прагматикалық жобасы азаматтардың ысырапшылдық деңгейін төмендетуге бағытталған.
– Хакім Абай айтқан «бекер мал шашпақтан» бас тартуымыз, даңғойлыққа салынуды доғаруымыз керек. Бір кісіден «тойдан кейін не қалады?» деп сұрағанымда «оның несін айтасың, тойдан кейін қол сүртетін қағаз бен жас жұбайлардың берешегі қалады» деген еді. Иә, той өтеді, бірақ ақырына терең бойлай бермейміз, – деді Наурызбай Байқадамов.
«Ізденіс» жасыл академиясының «Сәтті жобалар» жинағына енген бастамасы жастарды бау-бақша өнімін өсіруге тартуды, еңбекке баулуды көздейді. Өңірдегі бүкіл мектеп биыл осыны жүзеге асырмақ. Одан бөлек, туристік экскурсия, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының қатысуымен TALKS форматындағы кездесу, республикалық жастар слеті өтеді. «Жомарт жүрек» байқауының облыстық кезеңінің жүлдегерлері марапатталып, жергілікті меценаттар қайырымдылық акциясына үлес қосады.
Қызылордада туған жерді түлетуге атсалысып жүрген кәсіпкерлер мен белгілі азаматтар қатары қалың. Бағдарлама шеңберінде былтыр атқарылған жұмысты кеңінен әңгімелеген спикер олардың құрылыстың қарқынды дамуына, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына айтарлықтай еңбек сіңіргенін атап өтті.
– Болат Өтемұратовтың жеке қоры есебінен тұрмысы төмен көпбалалы, «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының ұйытқы болуымен мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар отбасыларға арнап тұрғын үйлер салынды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорнының демеушілік қолдауымен облыстық жастар орталығының ғимараты пайдалануға берілді. Бірнеше ауданда әлеуметтік дүкендер жұмыс істеп тұр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Қорқыт ата» мұрасының ЮНЕСКО-ның материалдық емес рухани мұралар тізіміне енуі Сыр бойы жұртшылығы үшін ғана емес, жалпы ел, бүкіл түркі жұрты үшін үлкен мәдени құбылыс болғаны рас. Бұл түркі әлеміне ортақ құндылықты кеңінен дәріптеуге жол ашты. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы «Сәтті жобалар» жинағына енді. Қорқыт есімін әлемдік деңгейде насихаттаудың бесжылдық кешенді жоспарына сәйкес облыстық филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылды.
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының соңғы үш айдағы мониторингіне сәйкес, бағдарламаны ақпараттық қамтамасыз ету жөнінен біздің облыс үздік өңірлер қатарында. Бағдарлама биыл институт ұсынған жаңа талаптар негізінде әзірленіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен келісілген кешенді іс-шаралар жоспары бойынша жүзеге асырылады.
Назерке Саниязова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<