Қасиетті Қаратау мен сұлу Сырды тел еміп өскен әріптесіміз әрі ағамыз, облысқа ғана емес, республикаға қарымды қаламымен танылған жазушы-журналист Жақсылық Шайманұлы Рахматулланың жалған дүниеден көшкеніне де жылға жуықтады. Қыркүйектің 18-індегі жетпіс бесінші белесіне жетпей кетті.
Ол туған өлкесі, адамдардың қарым-қатынасындағы қайшылықтар, ақ пен қара алмасқан тірліктің түрлі бояуы туралы шырайлы шығармалар жазған қарымды қаламгер еді. Ойын мазалап, жүрегін тербеген тақырыпты Құдай берген дарын-талантымен туындыға айналдырып, сөз өнерінің ауыр да азапты жолынан сүрінбей өтті. Бүгінде әріптес-ұстаздың ізгі қасиеттерін еске алып, ризалық сезімімді, пейілімді білдіргім бар.
Қалам тартып, баспасөзге қатысып жүрген жерлестерім үшін Жақсылықтың орны бөлек еді. Облыстың бас газеті – «Сыр бойын», оған қоса Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының облыстағы өкілдігін басқарды. Осынша жауапты жұмыстарды атқара жүріп, бірнеше көркем хикаят, әңгіме, публицистикалық кітап жазды. Ізінен шәкірт ертті, біз секілді өнер мен өлеңге жақын адамдарға, журналистерге аға болды.
Өткен ғасырдың 1966 жылдары еді. Сол жылы Жаңақорған ауданы Шиеліден үшінші рет енші алып, өз алдына ірге көтерді. Маусым айынан бастап аудандық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Жаңақорған тынысы») газеті шыға бастады. Оның алғашқы редакторы болып талантты журналист, ұйымдастырушы Мырқы Исаев қызмет атқарды. Бұл тұста жаңа ұжымда жауапты хатшы Әбділдә Жаңабеков, редактор орынбасары Қалжан Ысмайылов, хат бөлімінде Үмітай Өміртаева, ауыл шаруашылығы бөлімінде Айдархан Бибасаров еңбек етті. Жаңа лектің қатарын Жақсылық Рахматуллаев (ол кезде осылай жазылатын) бастаған Бақтыбай Айнабеков, Оңалбай Садықов, Төлеуғали Отарбаев, Сәйдін Қожаев, Тұмарбай Жаненов, Ыдырыс Дәрібаев, Әкім Мейірбеков, Үсен Әбшенов, Қуат Оразбаев, Құдайберген Ертасов, Пахмаддин Айнахожаев толықтырды. Газеттің басшылығын Мырқы ағамыздан соң Адырбек Сопыбеков, Құдабай Ертаев, Айдархан Бибасаров қолға алды. Аудандық газет тарихында олардың қолының ізі, жүрек жылуы, елге деген қызметтерінің белгісі қалды.
1966 жылдың шілдесінде он бір жылдық мектепті бітірісімен аудандық газетке әдеби қызметкер болып қабылдандым. Бізден екі жыл бұрын мектеп бітірген Жақаң – Жақсылық газетте жұмыс істейтін. Мектептегі әдебиет үйірмесіне үзбей қатысып жүргендіктен, оны жақсы білетінмін. Ол жылдары өлеңімен танылған Қоржыбай Кемелбеков, Көбей Өтежанов, Сейсен Мұхтаров, сазгер-ұстаз Нағызхан Жаманбаевпен жас болсақ та, шығармашылыққа жақындық бір-бірімізді тез табыстырған-тын. Сол тұста газет жанрын терең меңгерген, өлең жазатын Жақаңды өз тұстастарынан көш биік көретінбіз. Аудан өмірін, сан салалы шаруашылығын жақсы білетін ол қай тақырыпқа қалам тартса да, оқушысын елең еткізіп, таңырқатпай қоймайтын. Жазуға енді-енді машықтанған бала тілші бізге сол тұста Жақаң білгенін үйретіп, ағадай тәрбиелеп, қанатының астына алды.
Мектептен енді түлегендегі шикі тұстарымыз газет қабырғасында жүріп ширады. Өмір көріп, адамның қадір-қасиетін ұғып, жақсы мен жаманды ажыраттық. Аптасына үш рет шығатын газеттің қазанында Жақаңмен бірге қайнап, бірге толыстық. Тағдыр жазып Жақсылықпен бірге жездесі Әбілдә Мұхтаровтың үйінде жастық кезеңнің біршама уақытын өткізгеніміз бар. Ол тұста біздің әке-шешеміз Бірліктің Қауық елді мекенінде тұратын. Сол уақытта ақындар Адырбек, Бақтыбай, Әкім, Қуат, Орынбасар болып газет жанынан Жақаң басшылық жасайтын «Сыр перзенті» әдеби бірлестігіне тұрақты қатысып, өлең-оқып, әңгіме тыңдап, ой-пікір айтып, өнердің жұмбақ сырларына қанықтық. Бірқатарының тырнақалды өлеңдерінің тұсауы аудандық газетте кесілген еді. «Сыр перзентінен» сапары басталған Есенғали Раушанов, Жанат Ахмади, Жолтай Әлмашұлы, Жадыра Дәрібаева, Әбілхан Әбіласан, Ақмырза Құлтасов, Нұрмахан Елтай, Жұмабай Әбілов, Базарбай Исаев, Байбота Серікбаев, Нұртас Исабаев, Гүлзат Шойбекова, Оразбек Мақсұтұлы кейін әдебиетсүйер қауымға кеңінен танылды.
Жақаң аудандық газетте жүріп толысты, шығармашылыққа біржола бет бұрды. Қызметі өсті, газеттің ауыл шаруашылығы бөлімін меңгерді. Сол кездегі КСРО Журналистер одағына мүше болды. ҚазМУ-дың журналистика факультетін, Жоғары партия мектебін бітірді. Ауылдағы қайнаған тіршілікте жүріп биік белестерден көрінген қарымды қаламгер тоқсаныншы жылдардың басында «Ленин жолы» (бүгінгі «Сыр бойы») газетіне басшылық жасады. Бас газеттің бас бапкері болып абыройлы қызмет атқарды.
Қаламгер үшін уақыт өлшем емес. Оның бар байлығы мен мұраты – оқушы ойын дөп басар шығарма тудыру. Осы бағытта өлшеусіз еңбек етіп, бейнеті қайтқан қаламгердің «Жалын», «Өнер», «Қайнар» баспаларынан әр жылдарда шыққан «Жанымның жарығы», «Алыстай берген ауылым», «Өмір самалы» аталатын көркем хикаяттары мен «Болашаққа сенім», «Жастықтың жанартаулары», «Ғұмыр-дария», «Жібек жолындағы жұлдыздар», «Тулаған толқындар» атты деректі очерктері мен публицистикалық еңбектері бар. Қазақтың елдік туын көтерген қалам қайраткерлеріне берілетін «Алаш» әдеби сыйлығын алды. Үздік деп табылған үркердей топта, елімізге белгілі шығармашылық иелерінің қатарында Жақсылық Рахматулланың болғанына қуандық.
Ол прозада да, публицистикада да айтарын жеткізіп, өндіріп жазып кетті. Қай тақырыпта болмасын төселгені, әсіресе, ауылдың тіршілік-тынысын боямасыз суреттегені, тілінің шұрайы менмұндалайтын. Оқиғаны өрбітуі, ой айтуы, шытырман сәттерді шынайы көрсетуі оқушы ойын дөп басты. Көкейкесті проблема көтеріп, журналистер мұңын ашық айтуы, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жанайқайы оның бұл саладағы еңбеккештігін танытты.
«Адам ауруға да, тосыннан келген қиындықтарға да қарсы тұра алады. Егер оның рухы мықты болмаса, жаратылысында қайсарлық уыты болмаса, ол көрінген, кезіккен кедергіге, басына түскен ауыртпалыққа қарсы тұрар жігер-қайраты әлжуаз болса, онда әдепкі кездескен қиындықта шарт сынып, тағдырдың жазғанына не шара деп желдің ырығына бағына салады. Шыдамдылық, қажыр-қайрат пенденің бойында әрқалай, бірде күшті, бірде әлсіз. Мұндайда рухтың әлсіздігі адамның өміріндегі жайсыз, қолайсыз оқиғалардың шырмауына түсіп, өмірдің тәттісінен гөрі ащы дәмін көбірек татқан, сөйтіп ой мен санасын өкініш, уайым, қайғы меңзеп алған жандарда көбірек білінетін шығар меніңше» деп толғаныпты ол «Рухтың оралуы» хикаятында. Тағдырдың шырғалаңдарына қарсылық етер рухты осалдатқан пенде тірліктің жақсылығы мен жамандығын ажырата білмей қор болатынын айтыпты. Рас-ау, деп ойға баттым.
Адамның жүрген жолында белгі қалмаса, өткеннің бәрі жалған. Жақаңның соңында сөз қалды, игі ісі қалды. Қаламгердің жүрек кілтін ашатын жылы сөздері, үлкенге құрметі, кішіге қамқорлығы туралы әлі талай айтылады, жазылады деп ойлаймын. Уақыт өте келе оның мұраларына қайта үңіліп, жазу-сызу өнерінің үлгісіне айналдыратынымызға бек сенімдімін.
Файзулла САХИЕВ,
ақын-журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<