Су есте сақтауға қабілетті, оның жады бар.
Эмото Масару, жапон зерттеушісі
Сабыр етші, ардағым, Ақжайығым,
Бақ-жұлдызы ұлтымның, маңайымның,
Дүлей-кердің араны аптықтырып,
Бұлт торлады аспанын арайымның.
Жадың бар ғой, Жайығым замандардан,
Себін айтшы, қайтатын райыңның.
Жанары жаутаңдайды саған қарап,
Адамның да, жұлдыздың, нұр-айыңның.
Тілектері, еңбегі зая кетпес –
Азамат, туыс-жекжат, ағайынның.
Құлағыңа «жал» жеткен арғымағым,
Қуат-күшін үдеттің қарғыманың.
Сабырыңды Жайығым, дүлей жұтып,
Айыл жимай келеді қарғын ағын.
Топан су – тоң сарқыты, тоң мінезді,
Түрен салып қопарды топырағын.
Мөлдірін ылайлаған топан соқыр,
Шайқап-шашып бүлдірді атырабын.
Қағанағын қақ жарып өскіндердің,
Қалтырайды жағаңда жапырығың.
Ерік-жігер, ар тасып, тік тұратын,
Әр қазағым намысты, нар болатын.
Қан да жұттың бір кезде қиянаттан,
Бабаларға қайратып шарболатын.
Ақ жайығым, сабыр ет, ел-жұртың бар,
Ет-жүрегін жағаңа жар қылатын.
Мұндағы періштелер үлпершегі,
Шілтен-бөгет – дүлейлер жасқанатын.
Жамиғаттың, жақсының тілегі ағыла,
Ауыздықтап арынды баса алатын.
Мың алғыс бәріңе де, азаматым,
Бірлігіңде – ақиқат, аманатың,
Ұрпағысың Көкбөрі, қыран қанат,
Құрбандыққа шалатын қазанатын.
Жаралдың құрсағынан әз ананың,
Қиналғанда ақ сүтін «көк сауатын».
Тілегі қабыл еді, Ұлы жұрттың,
Тәңірі мейірімінен бақ табатын.
Топан судан тазартам, түйіп алшы –
Тілегімді жадыңа жатталатын.
Ақжайығым, ардағым, ар қанатым,
Сабағың көп санада сақталатын.
Жаратқаннан сұраймын көрсетпе деп,
Мезетті тал қарматып, таң асатын.
Тобырдай туласа да топан қайтар,
Сәнің келер өзіңе жарасатын.
Тоң-тезек топандардың мекені жоқ,
Олар тексіз жағаңа жармасатын.
Сабыр ет, азаматтар күтіп отыр,
Ақыл-айла пайымдап жол ашатын…
Даража Балапан,
заңгер, Халықаралық ақпараттар академиясының академигі, Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<