Өмірде атқарған ісі мен іскерлігінің арқасында қоғамда орнын тауып, абырой биігінен көрінген жандар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі, Сыр топырағында өзіндік қолтаңбасы қалған Сәмит Далдабаев еді. Өмірден өтсе де, артына өшпестей із қалдырып, кейінгілер айта жүретіндей мағыналы ғұмыр кешкен ағамыздың туған топырағын түлетуге сіңірген еңбегі ерен, орны ерекше. Ол кісі жайлы қалам тербеу арқылы талай толымды дүниелерді жазуға болады. Себебі, ол адал еңбегімен елге қалтқысыз еңбек етті. Өмір салтымен, өзіндік көзқарасымен, таусылмас тағылымымен үлгі болды.
Еңбек жолын «Тереңөзек» совхозының бас мал дәрігерлік қызметінен бастаған Сәкең өзінің қажырлы еңбегінің арқасында Сырдария ауданының бас мал дәрігері, аудандық малдәрігерлік станциясының бастығы қызметін атқарды. Ол жақсы жұмыс істеген азаматтың өсуіне мүмкіндік бар заман еді. Сол мүмкіндік ағамызға бұйырып, 1965 жылы еңбекшілер депутаттары Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1967 жылдың басында аудандар бөлінгеннен кейін, Тереңөзек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы және аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары міндетін қоса атқарды. 1974 жылы Қазақстан Компартиясы Жалағаш аудандық комитетінің екінші хатшысы, 1975-1979 жылдары Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болды. 1979 жылдың желтоқсан айынан 1989 жылдың аяғына дейін алғашқыда халық депутаттары Жаңақорған аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, кейін жеті жылдан астам Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бірінші хатшысы ретінде ауданның өсіп-өркендеуіне ерекше еңбек сіңірді.
Сәкең Сырдария, Тереңөзек, Жаңақорған және өзі туып-өскен Жалағаш ауданында қызметте болғанда елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайы жоғары деңгейден көрінді. Мұның өзі шаруашылықты ғылыми жаңалықтарға сүйену арқылы басқарған басшының озықтығын, ұйымдастыру қабілетінің жоғары екенін дәлелдейді. Ол 1997 жылдан бастап облыстық Тәртіптік кеңес төрағасы болып, 2003 жылы мамыр айында зейнетке шықты. Зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыстардан еш ажырамады. Қай жұмысты да үлкен жауапкершілікпен атқарды. Сол еңбегінің арқасында халыққа сыйлы, құрметті аға, ақсақал болды.
Елге жасаған еңбегі ескерусіз қалмады, өзінің лайықты бағасын алды. Мәселен, үш ауданның (Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария) Құрметті азаматы атанды. Мұндай құрмет көптің басына бұйыра бермейтіні анық. Алайда, сол бақ ағамыздың басына қонды. Мұнан бөлек, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерін де иеленді. Бұл марапат-атақтар талмас еңбектің, төгілген тердің, халыққа қызмет ету жолында өткен талай ұйқысыз түндердің қарымы болса керек.
Кейде сырласқанда Сәкең Жаңақорған ауданының халқын, азаматтарын ерекше ілтипатпен айтатын. Сол аудандағы қызмет атқарған уақытын, жұмыстарын, әр азаматтың жақсылығын мақтаныш сезіммен еске алатын. Шыны керек, Сәкеңнің сол әңгімесін естіп отырғанда, Жалағашта емес, Жаңақорғанда туған ба деп ойлап қалатын едік. Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы атағын бергенде Бақытбек Ермақашов, Абдат Бапалақов сынды азаматтар еріп бардық. Сонда жаңақорғандықтардың Сәкеңе деген шынайы ықыласы мен сыйластығына куә болдық. Мұның өзі ел мен жерді таңдамай, жұртты тұтастай өзінің бауырындай қабылдай білген ағамыздың абыройының биіктігі еді.
Сәкеңмен таныстығым 1980 жылдардың басында Алқуат Сатов ағамыздың үйінде басталған болатын. Әкем Хамит ақсақал, Әлекең «мынау Шахизат інің болады» деп таныстырған. Содан бері біріміз іні, біріміз аға болып, сыйласып өттік. Сәкең саналы ғұмырында жанына адал дос, бауыр жинай білді. Достары елімізге белгілі, құрметті қайраткерлер Тұрғанбай Маханов, Жарылқасын Шәріпов, Баянбай Сыздықов, Жәлел Бәкіров сияқты ағалар еді. Одан бөлек, бірге қызметтес болған кісілермен де өмірінің соңғы күніне дейін сыйластығын үзбеді. Оралбай Әбдікәрімов, Бердібек Сапарбаев, Тоқтар Әубәкіровтермен ағалы-інілі қарым-қатынас орнатып, елімізге белгілі халық жазушылары Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Дүкенбай Досжанмен өте жақсы сыйластықта болды.
Биыл өте ауыр жыл болып тұр ғой, ақырын берсін. Бір жылда екі бірдей арысымыз, алдымыздағы ағаларымыз – Қаһарман мен Сәмит ағадан айырылу оңай емес. Қаһарман аға қайтыс болғанда Сәкең өзі ауырып жатса да, екі қолтығынан екі ініміз демеп, жаназаға алып келді. «Қаһаңа барып топырақ сала алмадым-ау» деп қайғырып көзіне жас алып еді сонда. «Аға өзіңізді байқаңыз, мынау пандемияның беті жаман» деп көндіріп, машинаға отырғызып жібердім. Бұл оның бауырға, досқа деген сыйластығының, адалдығының, құрметінің үлгісі емес пе?
Қаһарман аға 14 наурызда ағайындардың Наурыз мерекесі алдындағы кездесуін Сәкең екеуі ашып бергенде: «Қаһа, сізге мендей іні қайда, маған сіздей аға қайда?!» деп құшақтасып еді. Қайран екі ағам-ай. Жатқан жерлеріңіз жұмақта болғай.
Ағамыздың елге сыйлы, досқа бай, ағайынға қамқор болуына жеңгеміз Айгүл Өмірбайқызының үлесі орасан. Сәкең ұйымдастыру жағын басқарса, Айекеңнің дастарханы қай уақытта да берекелі, мол жаюлы тұрды. Сәкең мен Айекеңнің отбасына бас сұғып, дастарханынан дәм татпаған адам кемде-кем. Қашан барсаң да алдымыздан жарқырап шығып қарсы алатын. Айекең – өзі білім саласында еңбек етті, талай шәкіртті ұядан ұшырған ардагер ұстаз. Ол кісі үшін шаңырақтың абыройы, Сәкеңнің орны бір төбе бөлек ұғым десек болады. Екеуі 6 қыз, 3 ұл өсіріп, олардан немере сүйді. Бүгінде балаларының әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан, бір-бір шаңырақтың иесі. Олар да әке жолын жалғап, абыройлы қызмет атқарып, ел ықыласына бөленіп отыр. Осындай салиқалы ұрпақ өсірген Сәкеңнің тағылымды жолы балаларына бұйырсын.
Шахизат ТӨРЕБАЕВ,
Қармақшы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<