Биыл Қыр мен Сыр елі қосылып 100 жылдығын атап өтетін Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатұлы Қизатов өзінің «Шарболат» атты кітабында:
Қосмұрат өмір асқан батыр болған,
Жауын жеңіп, дұшпаннан өшін алған.
Атығай Қарауылдың ұрпағымыз,
Тұлпары Құлагердің бәйге салған.
Бес момынның балдарын Алаш білген,
Абай, Ақан, Орынбай дана туған, –
деп жырлайды.
Ағаның бұл өлең жолдары атам қазақтың қарапайым сөзімен айтыла салғандай болғанмен, әр жағында талай ғасырлар бойы іс жүзінде ғылыми дәлелденген «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», – деген шындыққа негізделген пәлсапасына саяды. Демек, батыр Жәлел ағаның ерлігі мен өрлігін, қарапайымдылығын, бауырмалдығы мен бақытын, ақындығы мен алыптығын оның түп негізінен іздеу керек.
1944 жылы Днепрден өткендегі жауынгерлік ерлігімен Кеңес Одағының Батыры атағын алғаннан кейін Жәлел аға демалысқа туған ауылы Қарағайлыға тартады. Петропавлға дейінгі жол бойында 24 жастағы қызыл жұлдызды жас офицерге құрмет көрсетіледі. Бірақ Жәлел аға батыр атағын алғанына қуанғанмен, айқай-шуларды, шамадан тыс марапаттауды қаламады, мастанбады. Тіпті өзінің келе жатқанын басшыларға айтуды да артық санады. Пойыздан түскеннен кейін вокзалдағы буфетке кіреді. Сол жерде бейтаныс әйел өзі келіп танысып, аты-жөнін білгеннен кейін обком басшыларына хабарлайды. Содан тез арада обком қызметкерлері келіп, Жәкең ағамызбен бірнеше кездесулер ұйымдастырады. Бұдан артық қарапайымдылық бола ма?
Жәлел Қизатов соғыс бітіп елге оралғаннан кейін көп ұзамай аупарткомның 1-ші хатшылығына жоғарылатылады. Күрмеуі қиын күрделі мәселелерді жоғары жаққа жалтақтамай қолма-қол жеткізетін батыр басшысын жерлестері екі мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сайлайды. Бұл кез Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру уақыты еді. Жерді жөн-жосықсыз жырта беру қазақ халқын ата кәсібінен айырып, қыспаққа ұшыратады, тың игерушілерді тұс-тұстан топырлата беру жергілікті жұрттың қалыпты өмір ырғағын бұзады деген пікірін жоғары трибунадан ашық айтты. Сол үшін ұлтшыл, тың көтеру саясатына қарсы, теріс пиғылды коммунист деген қаралауға ұшырады. Осы кезде түркі руханиятының Отаны болған, бір кездері талай Алаш алыптарының еңбегімен Астана болған, қиын заманда қазақтың үш жүзінің басы қосылған қасиетті Қызылорданы таңдауы да Жәлел ағаның озық ойының куәсі болса керек.
Екіншіден, өмірінің соңғы сағаттарына дейін Сыр елі халқына риясыз, адал қызмет етуі, жасы біразға келгенде туған жерінің лауазымды інілерінің шақыруына да көнбей тал бесігін кіндік қаны тамған жерінде қалдырып, Сырдың қасиетті жерінің құшағында қалуы оның ерлігі мен кеңдігін дәлелдейді. Бұл да – озық ойдың нәтижесі. Ақын Кәкімбек Салықов Жәлел аға өмірбаянының осы жерін былайша өлеңмен өрнектейді.
Кең ашатын әлем салған жүрегін,
Сөйлеуші еді түріп батыр білегін.
Алатауды ардақтаған Жамбылдай,
Мақтаушы еді теңеу жетпес Сыр елін.
Иә, солай Сарыарқаның түлегі,
Сыр бойында қанат жайды, түледі.
Қайда туды, қайда тұрды сөз емес,
Бар қазаққа ортақ оның жүрегі.
Жәлел ағаның бойындағы тағы бір қасиеті ұлтына, руына қарамай, кім болса да оның адамдық, адалдық қасиетін бағалайтыны, бірінші кезекке қоятыны. Содан да болар өзі жырақ жүрсе де, майдандас достары украин халқының қаһарман ұлы кіші лейтенант Дороженконы, армян Григорий Мозмоньянды, орыс Михаил Макаровты, татар Фатих Мухамедовты, грузин Мотошвилиді, полк комиссары еврей Михайл Уманскийді еш уақытта есінен шығарған емес. Олардың қымбатты есімдерін, ерліктерін өмірінің соңғы сағаттарына дейін ұмытпай, олар жайлы естеліктер жазып, болашақ ұрпаққа жеткізді.
Жәлел ағаның жоғарыда хас батырларға тән қасиеттерінің бірі ешкімнің бет-жүзіне қарамай шыңыраудағы шындықты сыртқа шығарып, бетке айтуы дедік. Ол Батыр орденін кеудесіне лайықты таққан соғыстағы жауынгер ғана емес, бейбіт күннің сапырылысып жатқан қиын да қитұрқы, мылтықсыз майданында да ер атанып өтті. Қазіргі ел үміті болып, қазақ тарихына жазылатын «Кіші Арал» идеясын кезінде інісі Еркін Әуелбековпен тізе қосып, өлі нүктеден жылжытып, жаңа кезеңге қадам бастарған-ды. Арал, Байқоңыр, Сыр және өлке тұрғындары проблемалары Одақ кезінде Мәскеуге, тәуелсіздік жылдары мемлекет басшылығының әр сатылы деңгейлеріне батыл және принципті қойылып жатты. Жер-жерде Арал атын жамылған, елге пайдасы шамалы, шашыранды қорларды Сыр өлкесінің кіндігі – Қызылордаға шоғырландыру үшін де Жәлел аға біраз ізденістер жүргізді, талмай еңбек етті. Шығысы – Қытай, батысы – Америка елдері басшыларына Арал мен Сыр өңіріне көмек қолын созуға шақырған биік принципті, азамат үнді хаттар жолданды. Бұлардың бәрі тек Жәлел ағадай батырдың тәуекелі жететін батыл қадамдар болатын. Бұл жайлы Кәкімбек Салықов:
Ерлігі зор өзгеде іс мол тағы,
Көз жұмғанша ол Аралды қорғады, – деп жазыпты.
Өмірінің соңғы жылдары бар күш-жігерін Сыр елі экологиясын жақсартуға, Жер-Ана байлығын, табиғатты қорғауға арнаған Батыр аға осы жолдағы мүмкіндіктердің бәрін пайдаланып бақты. Табиғат қорғау акцияларын, ақындар айтысын, оқушылармен кездесулер ұйымдастырды, ақпарат құралдарын пайдаланды.
Жәлел Қизатовтың өресі биік жылдардың өрелі азаматтармен кездесуі, пікірлесуі, ақылдасуы кездейсоқтық емес. Барлығына қосымша талай рет жоғарғы кеңеске депутаттыққа сайлануы кезінде оның қазақтың айтулы азаматтары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Ғабит Мүсірепов, Мәлік Ғабдуллин, Қалибек Қуанышбаев, Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаровтармен кездесуіне мүмкіндік берді. Бұндайда олардың ақыл-ойларын мұқият тыңдап, өз пікірін де ешқашан жасырмай, ашық айтатын-ды. Әлемге әйгілі саясаткерлер Мао Цзе Дун, Хо Ши Мин, Пальмиро Тольятти, Морис Торез, білектерін айға білеген әлеуетті басшылармен кездесіп, сұхбаттасу сәттерінің болғанын Жалел аға еш мақтан тұтпай, сабырлы салмақтылықпен тек сұрағандарға ғана айтады екен. Ал әскери қолбасшылар Климент Ворошиловтің, Георгий Жуковтың, Константин Рокосовскийдің, Семен Буденныйдың қабылдауларында болып, сөйлесіп пікірлескендерін тек майдандас достары алдында ғана емес, жастарға да мақтаныш сезіммен жеткізген-ді.
Қазақта «орнында бар оңалар» деген ұлағатты ұғым бар. Соның бір көрінісі деп Жәлел ағаның тікелей ұрпақтары бүгінгі ортамызда жүрген Қизатова Гуля Жәлелқызы мен немересі Гүлнарды айтар едім. Әріптесіміз Гуля – заты әйел болғанымен, ердің жүгін арқалаған азамат. Зейнетте жүрсе де облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқан досымыз.
Жәлел Қизатов жайлы салиқалы әңгіме жалғаса береді. Өйткені тау тұлғалы ағаның тұғыры уақыт өткен сайын биіктей түседі, бәрімізді өзіне тартады, ізденіске шақырады, жігерімізді қайрайды, жаңа жарқын асуларға бастайды. Бұл – ұлылықтың белгісі.
Өкінішке толы өмір ғой. Қан төгіп, Ұлы Жеңісті жақындатқан асыл аға, Жеңістің 75 жылдық тойына жетпей кетті. Саналы өмірінің сапалы кезеңін Сыр елі халқына арнаған Жәлел ағаның рухы асқақтай бермек, оның есімі мәңгі ұмытылмайды.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<