Елімізде 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Байқаудың мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды көрсету және кеңінен насихаттау. Сондықтан бұл жоба халықтық сипат алып, дәстүрлі шараға айналды. Айталық, байқау басталғалы бері еліміз бойынша 15 мыңнан астам отбасы қатысқан. Ал биыл облыстан 182 отбасы қатысып, бақ сынады.
Бейсенбі күні «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қабылдап, сый – құрмет көрсетті.
Отан отбасынан басталады. Кез келген мемлекеттің негізгі әлеуеті – оның халқы, адами капиталы. Еліміз биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығын қарсы алып отыр. Бұл – сан ғасырлар бойы ата-бабамыздың аңсаған арманы. Егемендікке қол жеткізген осынау тарихи жеңісімізде әрбір отбасының өзіндік үлесі бар.
«Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Халқымыздың осындай тамыры тереңге тартқан рухани құндылықтарының бастауы отбасы болып табылады. Сондықтан біз үшін ұлттық тәрбиенің алтын қазығына айналған әрбір отбасының орны бөлек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әлеуметтік салада жүйелі қолдаулар жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында арнайы жәрдемақылар, отбасына арналған жеке бағдарламалар бар. Бұл орайда әлеуметтік салаға бағытталған қаржы көлемі де жыл сайын артып келеді.
«Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», осы үштаған арқылы отбасы құндылығы қалыптасады. Сондықтан шаңырақ шуағын таратып, өнегелі ұрпақ өсіріп отырған сіздерге әркез құрметіміз ерекше, – деді аймақ басшысы.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының «Өнегелі отбасы» номинациясымен Қызылорда қаласынан Рсалиевтер әулеті, «Рухты отбасы» қазалылық Мырзағұловтар әулеті, «Ұлағатты отбасы» Сырдария ауданынан Мақпалбаевтар әулеті, «Ынтымақты отбасы» аралдық Рысмағамбетовтер әулеті марапат төрінен табылды. Байқауда үшінші орынды Жалағаш ауданынан Шуақбаевтар, екінші орынды Қармақшы ауданынан Қартабаевтар, бірінші орынды Жаңақорған ауданынан Түкібаевтар иеленсе, бас жүлдені Шиелі ауданынан Әбілдашевтер отбасы жеңіп алды.
Жеңімпаздарға облыс әкімінің дипломы мен естелік сыйлықтар, гүл шоқтары табысталды. Мерейлі сәтте марапат иелері аймақ басшысының құрметіне алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, облыста 141 мыңнан астам отбасы болса, оның ішінде 47 мыңға жуығы көпбалалылар. 2 109 батыр ана, 5 мыңға жуық «Алтын алқа», 10 мыңнан астам «Күміс алқа» иегері бар. Ал жеті жыл ішінде осы байқауға қатысуға 1500-ден астам отбасы өтініш берген.
Мерекелік жиынды қорытындылаған облыс әкімі шаңырақтан төгілген шуақ әрбір жүрекке жылу беретінін, сондықтан отбасы құндылығын нығайту мәселесі әрдайым мемлекет назарында екенін айтты.
Ғазиза Әбілда,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<