Мұхамбет пайғамбардың кезінде Ойсыл қара есімді түйенің пірі өмір сүріпті. Ол өмір бақи Мұхамбет пайғамбардың жүзін көріп, онымен сұхбаттасуды армандайды екен. Бірақ қарт анасына қарайтын ешкім болмағасын, алысқа ұзап кете алмапты. Ойсыл қараның бұл жайын пайғамбар біледі екен.
Мұхамбет пайғамбар дүниеден өтерінде сахабаларына:
– Ойсыл қараға сәлем айтыңдар! Анасын сыйлаған адам – Аллаға жаққан адам. Анасына қылған қызметін үзбесін. Мен оның адал ниетін, ақ пейілін білемін. Мына шапан менің тартуым болсын. Тәбәрік тұтып, киіп жүрсін, – деп, Әлиден шапанын беріп жібереді.
Ойсыл қара пайғамбардың сәлемін естіп, көзіне жас алып тебіренеді. Құрметті жиын-тойға пайғамбардың шапанын киіп барады екен. Кейін Ойсыл қара да дүниеден өтерінде өзінің жақсы көретін адамына шапанын сыйлаған екен деседі. Уақыт өте келе бұл дәстүрге айналып, қазақ сахарасында орнығыпты. Күні бүгінге дейін қазақ халқында құрметті қонағына шапан жабатын дәстүр сақталған.
Тағы бір аңыз бойынша, Пайғамбардың миғраждан әкелген тоғыз затының бірі шапан екен.
Пайғамбар миғражда Тәңірісінің дәргейіне келіп, қонақ болады. Алла тағала құрметті қонағына сый көрсетіп, иығына шапан жауыпты. Басына сәлде ораған екен. Осыдан бастап сыйлы қонаққа шапан жауып, басына сәлде, бөрік немесе тақия кигізу сүндетке айналған екен.
«Салт-дәстүр сөйледі» кітабынан алынды
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<