«Өнер – таусылмас қазына, жұтамас байлық» дейді дана халқымыз. Қазақ қолөнері – өзінің көркемдік мән-мағынасымен халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы, ата-бабамыздың ұшқыр қиялынан шыққан өнер туындысы, халық рухани байлығының көзі. Ол бір жағынан – өнер болса, екіншіден – ежелден келе жатқан кәсіп түрі. Ұсталар найза, қылыш, айбалта, семсер сияқты қару-жарақ түрлерін әзірлесе, ағаш шеберлері киіз үйдің сүйегінен бастап үй мүліктері – сандық, кебеже, асадал, тостаған, оқтау, астау және музыка аспаптары – домбыра, қобыз жасаған.
Осылардың қатарында киіз, сырмақ басу, текемет, алаша, шым-ши, аяққап, құрақ көрпе және ұлттық киімдер мен кілем тоқу сияқты күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келе жатқан дәстүрлі қолөнер үлгілерін айтуымызға болады.
Осындай құндылықтардың маңызын қазіргі жастардың бірі білсе, бірі білмейді. Ұлттың ғұмыры уақытпен ғана емес, өзінің ұлттық болмысын сақтай білуімен өлшенетіні ақиқат. Дәстүрді сақтап қалатын халықтың өзі. Өкінішке қарай, қазір біз салт-дәстүрімізді, мәдени мұраларымызды танып білуде олқылықтарға жол бердік. Мұның бір себебі осы өнерге шынайы жанашырлықтың жоқтығынан да болуы мүмкін.
Дегенмен, қазақ халқының қолөнерін әлемдік дәрежеге шығарған, артына өшпес мұра қалдырған, халық мақтанышына айналған көптеген шеберлер есімі елге белгілі. Солардың бірі қолөнер шебері – Жәнібек Маханбет. Оның есімі тек Сыр еліне ғана емес, бүкіл елімізге белгілі. Ж.Маханбет 1950 жылы Сырдария ауданы, Қызылөзек ауылында дүниге келген. Алғашқы еңбек жолын А.Тоқмағанбетов ауылындағы мектепте мұғалім, аудандық оқушылар үйінде үйірме жетекшісі қызметтерінен бастайды. 1987 жылдан бері ағаш ою өнерімен айналысып келе жатқан ол сол жылы Мәскеуде өткен қолөнер шеберлерінің фестиваліне қатысып, КСРО Суретшілер одағының дипломына ие болды. Бүгінде оның туындылары Американың Аризона штатында, Канаданың – Калгари, Англияның – Лондон және Қазақстанның әр қаласындағы жекелеген азаматтарда сақтаулы. 1998 жылы Астана қаласының ашылу мерекесіне арналған көрмеге қатысқан шебер 2006 жылы «Алтын сапа» конкурсының бас жүлдесіне ие болды. «Қызылорда облысының 70 жылдығы» мерекелік төсбелгісімен, Туризм және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған Жәнібек Асанұлы 2014 жылы облыстық «Қолөнер – сырлы өнер» атты IІ республикалық конкурста жүлделі І орынға ие болды. Бұдан өзге республикалық, облыстық деңгейдегі сайыстарда бас жүлделерді қанжығасына байлағанын санамалап айту мүмкін емес.
Өзімді толғандырып жүрген сауалдар жөнінде сұхбаттасу үшін оның үйіне барғанымда, ағаны шеберханасынан таптым. Қойған сұрақтарыма жауап берді. Шеберден «Қолөнермен айналысудың жеке тұлғаның қалыптасуына әсері қандай?» деп сұрадым.
– Жастарды қолөнердің тәрбиелік мәні арқылы оқыту кезінде дүниеге, білімге, өзіне деген көзқарасын қалыптастырып, шығармашылыққа баулимыз.Ойға алған туындың сәтті шығуы үшін ең алдымен жүрегің таза болуы керек. Қазіргі жастар төзімсіз, істің басын бастап, аяқсыз қалдырады. Жалпы өнермен айналысу арқылы адам бойындағы жаман қасиеттерді жеңуге болады. Бұл төзімділікке, алға қойған мақсатыңа жетуге, ойлау қабілетіңнің дамуына ықпал етеді. Еңбек үстінде шығармашылық ізденудің нәтижесінде алуан қолөнер туындылары дүниеге келеді. Сол арқылы халықтың ілтипатына бөленесің, іштей өсу, түлеу болып, ынта артады. Бұл теріс әдеттерден аулақ қылады деген сөз. Ысырапқорлық – қазаққа жат қылық. Ежелден-ақ ата-бабаларымыз үнемшіл болып, қолдағы темір, сүйек, ағаш, тері тәрізді заттардың да кесінділерін қажетіне жаратқан, аяқ астына тастамаған. Олай болса, ізденімпаздықпен атқарған әр жұмыс ысырапқорлықтан тыйып, үнемділікке үйретеді, – деді ол.
«Елімізде қол өнердің дамуын тежеп, кедергі келтіріп отырған не?» деген сауал қызықтыратын. Шебердің ойынша қолөнердің дамуына кедергі көп. – Ең бірінші, әрбір адам саналы түрде оянып, не нәрсенің пайдалы, ненің зиян екенін ұғыну қажет. Қазір химиялық жолмен әзірленген ойыншық, киім-кешек, тамақты күнделікті тұтынудамыз. Ақиқатында осыдан аурудың түрі көбеюде. Керісінше табиғи жолмен дайындалған бұйымдарға ұлттық тұрғыда назар аударсақ елдің денсаулығы жөнделіп, дәстүрлі өнеріміз дами түспек. Мысалы, ағаш ыдыстар денсаулыққа, асты сақтауға пайдалы. Тамақ ішкенде ерін күйіп қалмауға себеп болады.Тез суып кетпеуіне, дәмінің бұзылмауына әсер етеді.
Жасөпірімдердің ой-өрісі тарылып, ешнәрсеге мән бермеуі, қызықпауы, қылмыс жасауы көбейіп отыр. Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында оқушылардың жалпы білімін көтеру, біліктілігі мен дағдыларын қалыптастырып, бүгінгі оқушы, ертеңгі жас маман екенін ескере отырып, оларға кәсіби білім беріп, қабілетін, дарынын аша білу, шығармашылыққа бағыт-бағдар беру – әр мұғалімнің және үйдегі ата-ананың мақсаты. Айтпағым жеткіншекті өнер арқылы тәрбиелеу қазақтың қолөнерінің дамуына әкеледі, бұл – өнер мен еңбекті ұштастыру деген сөз, – деді.
«Қолөнер бұйымдарының ұмыт болғандары көп пе, қайтадан жаңғырту қиын емес пе?» деп сұрадым.
– Біз жасаған дүниелер бұрынғы ата-бабаларымыздың жұмыстарынан әлдеқайда төмендеу. Ол кезде дайын станоктар емес, қарапайым құралдар арқылы халықтың сұранысын өтеп отырған. Біз тек солардың үлгілерін түрлендіріп, заманға сай жаңғыртып жасаудамыз. Ұлттық қолөнер – бабалардан қалған мәдени мұраның ең асыл құнды қазынасы. «Өнер көзі – халықта» деген, алдымен өнерді халықтан үйреніп, көне мұраны жаңғыртып, ізденіп іске асыру перзенттік парызымыз деп түсіну керек, – деді.
Шебер EXPO көрмесінде туындыларын апарды. Халықаралық көрмеден алған әсері туралы.
– Иә, көрмеде бастан-аяқ болдым. Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшелері бас қостық. Үздік деп бағаланған бұйымдарымызды алып бардық. Жоғары деңгейде өткізілген шарада шетелдіктер жұмыстарымызға жақсы бағасын берді. Әсіресе, Польшадан, Ресей, Түркиядан келген қонақтар қызығушылық танытты. Кейбір бұйымдарымды ұнатып, сатып алғандары да болды. EXPO-да біз өзіміздің ұлттық дүниелерімізді әлем елдеріне таныта да, көрсете де алдық деп ойлаймын, – деді.
Қазақ халқының ұлттық өнерін сүюге, құрметтеуге баулу арқылы бүгінгі шәкірттерді ертеңгі еңбеккер, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуге әбден болады. Шәкірттердің жүрегіне жол тауып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру – қазақ қолөнерін жас жеткіншектердің санасына жеткізудің құралы.
Жоғарыда көтерілген мәселелер шешімін табу үшін, мектепте қолөнерге үйрететін ұстаздың біліктілігін арттыру, оларға шығармашылықпен жұмыс жасауға арнайы кабинет беру, қажетті материалдар алуды мемлекет тарапынан қаржыландыру қажет. Ұлттық өнер мен мәдениетке деген қамқорлықты күшейту керек. Сонда ғана дәстүрлі өнеріміздің өркен жаятыны анық.
Арайлым ӨМІРБЕК,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<