Шеберлік тереңдіктен нәр алады

3296

0

Тұма тарихы бар қазақ музыкасының бір саласы – ән өнері. Әнге деген сүйіспеншілік – қазақтың ұлттық қасиеті. Кәсіби білім алып әнші болуды, ұлтымыздың өнерін асқақтатып, еліне қызмет қылуды арман еткен жастар аймақтағы оқу орындарында оқып, кейін әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүр. Тыңдаушының көңілінен шығатын әуен орындау – өнердің биік көрсеткіші. Осы бір өнер тармағының ішінде операны өзіне сенімді жастар ғана таңдап жатады.

Әуелден опера – теориялық тұрғыда театр, поэзия, би, музыканы біріктіретін синтетикалық өнер түрі. Ал рухани жағынан алсақ, классикалық өнер һәм адам жанының емшісі. Оны театр сахнасынан үздік қойылым тамашалағанның бәрі сезіне алады. Бастысы, сахна төріне жоғары деңгейдегі дайындықтан өткен туындыны алып шығу керек. Сонда өмірінде бірінші рет операға барған адамның өзі міндетті түрде оған қайта оралатын болады.

Бізге бұл жайында бүгінгі кейіпкеріміз Нұрай Шалман айтып берді. Ол 2000 жылы Қызылорда қаласында дүние есігін ашқан. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледждің түлегі. Қасиетті өнер шаңырағында білім алған соң 2019 жылы Италияның Пезаро қаласында Дж.Россини атындағы консерваторияға «Вокалдық өнер» факультетіне оқуға түседі.

2021 жылы Модена қаласында Паваротти-Френи атындағы театрдың опералық студиясына қабылданады. Опера майталмандары, атақты Мариелла Девиа, Хосе Каррерас, Леоне Маджиерадан мастер класс алады. Биыл әлемге танымал Дж.Россини атындағы Пезаро қаласында өткен Россини опера фестиваліне қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетеді. Бұл – қазақтың бұлбұл қызының әлем сахналарын бағындырудағы алғашқы баспалдақтары.

– Опера – үлкен өнердің топтастырылған күрделі жанры. Ол музыка ғана емес, бүтін театр яғни, біртұтас драмалық қойылым. Ең алғаш опера XVI-XVII ғасырларда Италияда пайда болған. Итальяндық композитор Клаудио Монтеверди операға күрделі ариялар, вокалдық ансамбльдер, хор ұжымы мен оркестр сүйемелін енгізеді. Ол үшін театрлар салынды, тез дамып, халықтың аңызы мен жырларының тарихын негізге алды. Басты рөлде орындаушы әншілер, балет артистері, хор ұжымы болды. Осындай тарихи мекенде білім алып, өнер жетілдіру мен үшін де бір мәртебе, – дейді Нұрай Мырзабайқызы.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова: «Сыр елінде опера рухына қызмет етуші жас әншілердің саны жылдан жылға көбейіп, өнерін жоғары дәрежеде дүние жүзіне паш етіп жүр. Талантты жас орындаушылар қатарымызға қосылып жатқандығы қуантады. Опера дамып, жас артистер халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, классикалық әнге өзіндік үлесін қосқаны жан жылытады» деген еді. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі «Ән салу» бөлімі ұстаздарының жас әншіні тәрбиелеуде өзіндік методикасының қалыптасқанын еліміздің өнер майталмандары айтып жүр. Осы бөлімнің түлегі Нұрай да болашақта туған жерге ту тігіп, Сыр өнерінің беделін биіктеткісі келетінін жеткізді.

– «Қазір ел опера тыңдай ма? Театрға көбіне қандай адамдар келеді?» деген сауалдар маған жиі қойылады. Тыңдайды. Өйткені адамдар қай кезде де рухани нәр алуға мұқтаж. Сондықтан жан байлығын, биік өнерді іздеген адам опера залынан табылады. Бес саусақ бірдей емес. Театр табалдырығын алғаш аттағанда жанына азық ала алмайтын сапасыз спектакльге тап болса, қайта оралмауы мүмкін. Италиядағы театрда қойылымдар өте жоғары талғаммен, асқан дайындықпен сахнаға шығарылады. Сондықтан жыл өткен сайын көрермендеріміз көбейе түсуде. Театрға келген адамдарды бөліп-жарып қарамаймыз, – деді Нұрай Шалман.

Өнер – өміртанудың бір мектебі. Көркем, сұлу мектеп. Көпшіліктің қолы жете бермейтін, бірақ көрермен бола алатын, сол арқылы көңілі сезіп, жаны сусындайтын мектеп. Өнердің мазмұны шексіз болғанымен түбі ұлт қасиетіне табан тірейді. Ұлтына қызмет ету арқылы, яғни, елдің жан-дүниесін әсемдеу, ізгілендіру арқылы адамзат көшін көрікті етеді.

– Бала күнімнен түрлі байқауға қатысып, ән айтуды жақсы көргенмен, опера әншісі боламын деп ешқашан ойлаған жоқпын. Инаят Жарылқанов ағаймыздың бағыттауымен операны жақсы көріп кеттім. Ұстазымның білімі шетелде оқуға түсуіме үлкен септігін тигізді. Тіл мәселесі, шетелде тұру, сырт жерде жалғыз өмір сүру қыз балаға ауыр. Бірақ жастар білім жолында ештеңеден қорықпаса екен деймін.

Осы тұста тағы бір мәселе айтқым келеді. Қалада жүзге жуық тойхана бар шығар. Сыртқы келбеті опера сарайына ұқсайтындары да жетерлік. Бірақ, бірде-бір опера театры жоқ. Біз жастар Қызылорда қаласынан опера театрын көргіміз келді. Жалпы Қазақстанда опера театры аз. Үш-ақ қалада бар. Әр шаһарда өнер сарайы болса, бұл көркем жанрды көрермендер жіті түсінер еді. Әрі оқу бітірген жастар қызмет жалғастырып, шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндік алады, – дейді ол.

Расымен, өнер – адам баласының жасампаздығының дәлелі. Ол – сұлулықты сезіну, дүниенің ғажайыбын түйсіну. Өнердегі нәзіктік пен шеберлік рухани тереңдіктен нәр алады. Таласбек аға: «Өнер деген – сұлулықта ояну» дейді, яғни опера өнері де – адам баласын біріктіретін, жанын әсемдейтін, кемелдендіретін жанр. Нұрайдың да бұл жолда жұлдызы жарық болып, өнері өрлей берсін деп тілейміз.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<