Шығыс әдебиетінің білгірі

1030

0

Қазақ ұлттық университетінде шығыстану факультетінің ашылғанына ширек ғасырдан сәл астам уақыт өтті. Сол жылдарда ғылымның қалыптасып өркендеуіне білікті мамандар тер төкті. Солардың қатарында профессор Өтеген Күмісбайұлы бар. Беделді білім ордаларында тәлім алған ол кісінің оқыған-тоқығаны көп еді. Иран әдебиетінен дәріс оқығанда студенттер ықыласпен тыңдайтын.

Сыр өңірінен Алматыға оқу іздеп келген ол алғашқы жылдары көп қиындықты басынан өткізді. Өткен ғасырдың 60-жылдары Алматыда білім-ғылым жолына бет бұрған ол тынымсыз ізденісінің арқасында өз саласының биік белесіне көтерілді. Мәскеуде білімін толықтырып, шығыс әдебиетін зерттеді. Еліміздің беделді басылымдарында, Кеңес одағы Ғылым академиясының Шығыстану институтында, Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында, ҚазҰУ-да қызмет атқарды.

Өтеген ағамыздың ғылым-білім, поэзия, проза, тілшілік салаларында еңбегі көп.  Осылайша сан салада толымды еңбектер қалдыруына ізденімпаздығы, жан-жақтылығы, еңбекқорлығы ерекше әсерін тигізді. 1989 жылы «ХІХ–XX ғасырлардағы қазақ және парсы әдеби байланыстары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғылым жолында 500-ден астам ғылыми еңбек жазды.

Жас кезінде республикалық басылымдарда тілші қызметін атқарған ағамыз оның қыр-сырын қалай меңгергенін, белгілі тілшілер мен жазушылардан көп тәлім алғанын мақтанышпен айтатын. Әсіресе, «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүргенінде редакция тапсырмасымен батыр, жазушы Бауыржан Момышұлынан сұхбат алуға барғанын қызықты етіп әңгімелеп беретін. Бұдан бөлек, көптеген жыр жинақтары жарық көріп,  өлеңдеріне ән жазылып, ел ішіне кеңінен тарады. Мысалы, «АБК» тобының орындауында көпшілікке кеңінен танылған «Тамшылар» әнінің авторы Өтеген ағамыз еді.

Ол еліміздегі ғылым-білімнің қарашаңырағы – ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде декан болды. Кейін профессор шығыс және Иран әдебиеттерінен дәріс оқыды. Жастарды шығыс әдебиетінің жауһарларымен таныстырып, батыстың әдебиеттанушы ғұламаларының еңбектерімен сусындатты.

Барлығын бір-бірімен байланыстырып, өзінің зерттеулері негізінде көп кітапта кездесе бермейтін деректерді келтіріп, әдеби үдерістердің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін баяндайтын. Студенттерді шығыс әдебиетіндегі әдеби жанрлардың ерекшелігімен таныстыратын. Әлемге әйгілі туындылардың идеяларын, мазмұндары мен көркемдік ерекшеліктерін ашып көрсететін.

Иран әдебиетінің жауһар жырларын парсыша оқып, олардың орыс тіліндегі аудармасын мысалға келтіретін.  Аудармашылардың үздік тәржімасын, кейбір сәтсіз шыққанының көркемдік тұрғыдан төмен болу себебін көрсетіп беретін. Арасында Иран шайырларының өлеңдерін өзі қазақшаға тікелей тәржімалаған еді. Аударманың түйткілді тұсын ашып айта келіп: «Алда тұрған бір мәселе – осы уақытқа дейін орыс тілінен аударылып келе жүрген шығармаларды түпнұсқасынан тікелей қазақшаға аудару»  дейтін еді. Расында да, ғалымның бұл сөзінің жаны бар. Себебі, осы кезге дейін шығыс шайырларының жырлары қазақ тіліне орыс тілі арқылы аударылғаны мәлім. Осы тұрғыда шәкірттеріне аталған жұмыстарға батыл бару жөнінде кеңес беретін. Содан болар, ізбасарлары арасынан көптеген ақын шықты.

Ағамыз өте мейірбан жан еді. Өз елін ерекше жақсы көретін. Кеңес кезінде өзі кезіктірген шовинистік көзқарастағы ғалымдар, Орта Азия халықтары тарихының арнайы бұрмаланғаны туралы ашына баяндайтын. Көптеген елдердің кітапханасы мен архивінде отырғанда біршама тарихи мәліметтерді көзі шалып, көкірегіне түйгенін әңгіме ететін. Ол кісі кезінде саясиланған тарихты қайта қарайтын кез келгенін меңзейтін. Шынында да, өктемшіл кезеңде көптеген халықтардың тарихи дерегі қасақана бұрмаланып келгені жөнінде деректер көптеп шығуда.

Қазір ғалымның шәкірттері еліміздің алуан саласында тер төгіп жүр. Өзі баулыған шәкірттері оның даңғыл жолына түсіп, диссертациялар қорғап, ғылым белестеріне көтерілуде.

Гүлбақыт ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

шығыстану факультетінің аға оқытушысы

Дәуірбек ДҮЙСЕБАЙ,

Қазақстанның Ирандағы елшілігінің кеңесшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<