Шынайы өмір айнасы

1351

0

Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов «Театр – қас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп баға берген. Жаныңды тазартып, рухани кемелдік сыйлайтын сахнаның киесі бар екені даусыз.

27 наурыз – Халықаралық театр күні сол себепті ерекше тойланып, айрықша аталып өтіледі.

1961 жылы фин ақыны және драматургі Арви Киим Халықаралық театр күнін атап өту жайлы ұсыныс жасап, оны ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық театр институты ресми түрде қолдап, бекітеді. 1962 жылы 27 наурыз күні Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде алғаш рет театр күні аталып өтеді. Сол жылы белгілі француз жазушысы Жан Кокто әлем театр жұртшылығына өзінің жолдауын оқыды. Содан бері дәстүрге айналған бұл жолдауды Халықаралық театр институты әр жылы әлемнің белгілі театр қайраткеріне «Театр және әлем халықтар арасында» атты тақырыпта жолдау дайындауды ұсынып, оны бірнеше тілге аударып, сан мыңдаған көрермен жиналған кешкі спектакльдер алдында сахнадан оқу үрдісі пайда болған.

Бұл тек қана театр ұжымдарының мерекесі емес, барша театрды сүйетін қауымның мерекесі болып есептеледі. Мерекені халықаралық деңгейде атап өту жайлы қаулы бар да, қалай, қандай үлгіде өткізу жайлы ортақ ұстаным жоқ. Оны әр елдің театрлары әртүрлі үлгіде өткізеді. Театр қызметкерлерінің шағын кештерінен бастап кең көлемде халықтық мерекелік іс-шараларға ұласып кете береді.

Ел театрларының шығармашылық дамуы мен өркен жаюы үшін бар мүмкіндіктер жасалған. Республикалық, облыстық, қалалық, аудандық, тәуелсіз, жеке, халық театрлары секілді 60-тан аса өнер ордалары Халықаралық театр күнін кәсіби мереке ретінде мән беріп атап өтуге ерекше назар аударып келеді. Мұндайда әркім өз деңгейінде, өз мүмкіндіктерінше сүйікті көрермендерінің назарын өзіне аударып, жетістіктерін атап марапатталып жатады. Наурыз айының алғашқы күнінен басталатын мерекелік көңіл-күй театр күнінде де ерекше бояу-бедерімен айшықталады.

Ал қазақ театр өнерінің қарашаңырағы Қызылорда десек, бұған ешкімнің таласпасы анық. Себебі тұңғыш кәсіби ұлт театры Қызылорда қаласында ұйымдастырылды.

– 1926 жылдың 13 қаңтарында Көшке Кемеңгеровтың «Алтын сақа» пьесасымен және үлкен концертпен тұңғыш рет театр шымылдығы ашылды. 1928 жылы астана Алматыға көшірілуіне байланысты театр да қоныс аударды. 1937 жылдан бастап академиялық театр атағын алды, ал 1961 жылдан бастап Мұхтар Әуезовтің есімі берілді.  Алғашқы репертуарды құруға Әуезов, Сейфуллин, Майлин еңбек етті. Ерте кезеңде, Совет өкіметінің қалыптасуын бейнелейтін спектакльдер қойылды. «Қызыл сұңқарлар», Оспанов пен Өтеулиннің «Зарлық» қойылымдары, сондай-ақ қазақ халқының көтеріліске дейінгі, ескі ауыл тұрмысы, Әуезовтің «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», Майлиннің «Неке қияр», «Шаршар молда», Ерданаевтың «Малқамбай», Шаниннің «Торсықбай», «Айдарбек», «Арқалық-батыр» қойылымдары қойылды, – дейді театртанушы Ұлболсын Қылышбаева.

Сыр өнерінің қарашаңырағы – Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры 1955 жылы Талдықорған қаласында құрылып, 1960 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. Оған 1997 жылы музыкалық, 2019 жылы академиялық мәртебе берілді. Театр халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелейтін орынға айналып үлгерді.

Сұлу өнерімен сүйсіндіріп келе жатқан Сыр елінің дарындылары да қашанда мәртебе мінберінде. Актер қауымының еңбегін ел елеп, халық қашанда құрметтей біледі. Осы орайда, Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры 68-маусымның шымылдығын түргенін тілге тиек еткіміз келіп отыр. Жарты ғасырдан астам тарих кернеуіндегі Сырдың бас театры үшін бұл – үлкен белес. Ал 69-маусым осы жылдың қыркүйек айында салтанатпен ашылады.

Өзінің тарих тақтасында талай шығармаларды сахна төріне шығарып, текті тұлғалардың сахналық бейнесі облыстық театр төрінде көрініс тапты. Кейінгі жылдары сахналанған қойылымдардан театр шығармашылығындағы жаңашылдық пен өзгерістер де анық байқалады. Оның айқын дәлелі ретінде Данияр Базарқұловтың режиссурасымен қойылған, 68-маусымның алғашқы премьерасы болған Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» спектаклін ауыз толтырып айтуға болады. Өткен маусымда көрерменнің ыстық ықыласына, үлкен сұранысқа ие болған А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» драмасы да Сыр сахнасының сыршыл көрермендерін театрға одан сайын ынтызар етіп, өнер кеңістігін бір серпілтіп тастаған еді. «Жәмилә» қойылымы болса көптің ойына төңкеріс жасады. Жаңа қойылым өзінің көркемдік деңгейі мен режиссерлық тың ізденістері және ұтымды актерлық ансамбльді құра білуі арқылы көрерменді бірден баурап алды. Актерлік құрамнан бөлек сахна сыртындағы қызметкерлердің де шығармашылық тәжірибе алмасуы жаңа қойылымның жұмыс процесінде анық сезілді.

– «Ромео мен Джульетта» спектаклінің атмосферасын айшықтап, темпоритмін бір қалыпта ұстап тұруға бүкіл денеңді шымырлатып сала беретін композитор Нұрсұлтан Төреәлінің музыкасы, оқиға желісін дөп басқан сахналық қозғалыстарды, яғни спектакльдің пластикалық шешімін қою үшін арнайы шақырылған Әділет Таменов шығармашылығының ерекшелігін айта кету керек. Осы тұрғыда қойылым режиссері Д.Базарқұлов жалпы қойылым жасаушылармен бірлесе тыңғылықты жұмыстар атқарды.

Сол секілді балалар жылына орай сахналанған Қ.Бегмановтың «Ер Төстік», «Ұр, тоқпақ» қойылымдарының режиссері Еркебұлан Қабдыл да осы бағытты бағамдап, көркемдік сапасы жоғары дүниелерді сахнаға әкелген болатын. Алғаш рет заманауи қойылымдарды сүзгіден өткізу үшін театр лабораториясы ашылды. Бұл қадам жас артистердің талантын ұштап, талабына дем берді. «ҰБТ кілті», «Кім?», «Шыны керек…» спектакльдері кішігірім аудиторияны қамтыса да, өз көрерменін үлкен ойлар мен толғанысқа жетеледі. Бүгінде аталған қойылымдарға күннен-күнге сұраныс күрт артуда, – дейді театртанушы Ұлболсын Қылышбаева.

Расымен де әуелден театраралық байланыс үрдісін бастап, басқа облыстардағы жаңа қойылымдарды театр ұжымының арнайы барып тамашалауына, кәсіби тұрғыда көкжиегін кеңейтуіне барынша жағдай жасалған. Бұл тәжірибе алмасып, шығармашылық ізденістерді нығайтуда зор мүмкіндіктерге жол ашылғанын айта кетейік.

– Ұзаған жылдың мәресінде біздің драма театрда ақын-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты драмалық дастанының тұсаукесер қойылымы өткен болатын.
Қойылымға театрымыздың барлық артистері қатысты. Бұл биылғы маусымдағы ең үлкен – полотно. Спектакльдің премерасында аншлаг болды. Бұл көрерменге үлкен жаңалық болды. Жерлесіміздің 75 жылдық мерейтойына орай сахналанған шығармада он тоғызыншы ғасырдағы қазақ ауылы ішіндегі үлкен жанжалға ұласқан бір оқиға суреттеледі. Мәңгілік ел халқының бүгінгі достығын, бірлігі мен ынтымақтастығын насихаттайтын драма қайран қазақ аналарының ұлылығына бас идіреді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың режиссерлігімен сахналанған тарихи қойылымның басты ролдерінде менен бөлек, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбай, Мәдениет саласының үздіктері Арай Көшімбаев, Ұғым Баймаханов сынды талантты актерлер ойнады. Қойылым халықтың ыстық ықыласына бөленді,– деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова.

Өнер – халықпен бірге болғанда ғана өнер. Ал әр қойылымға табанынан тік тұрып қол соққан халықты көріп тұрып еңбектің ақталғанын аңғарасың. Шынайы өмірдің шыны айнасына айналған сахна бір жолы махаббаттың алауын маздатса, бірде жүрек қылын шертеді, бірде тарих қойнына тастай салады. Солайша елді тебірентеді.

Театрда тағы бір жүзеге асқан шаруа, орын таба алмай жүрген «Қуыршақ» театры кіші залды меншіктеп, репертуарын байыта бастады. Балалардың жүзіне қуаныш ұялатқан театрдың Ақтөбеде өтетін «Алақай» қуыршақ театрларының халықаралық фестиваліне қатысқаны – үлкен жаңалық.

Өз айтары бар ұжымның ұлылықты ұғындырған қойылымдары көптің көңілінен шығып жүр. Тынымсыз ізденістің, маңдай тердің арқасында жеткен бұл жетістіктерге театр сыншылары да оң бағасын беріп жатқаны көңіл қуантады.

***

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық академиялық драма театрында Халықаралық театр күніне арналған «Сахна әлемі» атты мерекелік концерт болды.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, барша өнер иелерін Халықаралық театр күнімен құттықтады.

Шынайы өмір айнасы

– Халықаралық театр күні – театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның мерекесі. Себебі, ол – халықтың рухани қуаты, жан байлығының бастауы. Ұлы өнерді ұлықтап келе жатқан Н.Бекежанов театры мен қалалық Жастар театры ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

***

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Жастар театрының ұжымы «Олимптің күйреуі» мифологиялық драмасын көрермен назарына ұсынды.

Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов қатысты.

– Жастар театры ұжымын алғаш үйірме ретінде ашылған сәтінен жақсы білемін. Театрдың ең жанды жері – репертуар болса, өнер ұжымы бұл күнде түрлі жанрмен жарақтанып, шырқау шыңдарға беттеп барады десем қателеспеймін, – деді Ж.Сейілов.

Сондай-ақ Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов белгілі өнер тарланы Оңталап Нұрмаханов бастаған Жастар театры ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Қала әкімінің орынбасары театр артистерін кәсіби мерекемен құттықтап, облыс, қала басшылығының алғыс хаттарын табыс етті.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<