Сөйле, тілім, жосылып…

1652

0

Сыр сүлейлерінің ішінде шоқтығы биік өнер иесі Омар Шораяқұлы. Биыл даңқты жыр жампозының туғанына – 145 жыл. Бала кезінде қаншама қиындық көрсе де жігері жасымай, алдына үлкен талаптар қоя білді. Жастайынан талантымен танылды. Алдындағы аға буын шығармашылығына зер салып, солар секілді өлең өлкесінде өз қолтаңбасын қалдырды.

«Сөйле, тілім, жосылып!» атты шығармасында:

Ашыл, көңілім, қош ұрып!

Сөйле, тілім, жосылып!

Тереңнен барып тер гауһар,

Ақыл мен білім қосылып!

Қамалап келген қардарға

Көрінсін теңшең шешіліп.

Бізге деген халық тоны

Тұрғандай сырттан пішіліп.

Талабыма табылғай,

Талданған жібек есіліп.

Кәделі білгір емеспін,

Қанадан кеткен тесіліп, – деп ой қорытады. Бұл шығармасында өлеңге деген құрметі мен ел ықыласын ерекше бағалайды. Оның ұшқыр қиялынан шыққан жалынды жырлар мен дастандар адамзат баласын адамгершілікке, талапшылдық пен тапқырлыққа баулиды.

Омар ауыл молдасы Алдашбай ахуннан діни сауат ашты. Сыр бойындағы дарынды жыр дүлдүлдері Ешнияз сал, Нұрымбет сары Шегебай, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет және басқа да ұстаздардан тәлім алды. Өлең жазуды он алты жасынан бастады. Жиырмадан асқанда үлкен ортада есімі аталып, ақындық қадір қасиеті арта түсті.

Ақын өз ғұмырнамасында жиырмаға жуық дастан мен мысал, екі жүз елуден астам өсиет, лирикалық толғау мен жұмбақ өлең, жыр-терме жазды. Қандай да болмасын шығармалары халық ақындары мен жыршылар арқылы жұртшылыққа кеңінен тарап, тыңдаушылары арасында жоғары бағаға ие болды.

Ұстазы Шегебай Бектасұлымен ел аралап жүріп, халықпен етене араласты. Ақын-жыраулар өнеріне құлақ түріп, ғибрат жинады. Қашанда қарапайым халықтың сөзін сөйледі. Төменгі тап өкілдеріне қиянат көрсеткен байлардың озбырлық әрекеттерін өлеңдері арқылы әшкереледі. Шығармалары газет-журнал бетінде, жинақтарда жарияланып, белгілі өнер зерттеушісі Мардан Бәйділдаев құрастырған «Шайыр» және ақынның туысы Әбжан Айсауытов 1995 жылы жинақтаған «Сөйле, тілім, жосылып» атты кітапта жарық көрген.

«Ұстаздарыма немесе өрен жүйрік жиырма бір» толғауында өзі дәріс алған дарын иелеріне ілтипатпен жыр арнайды.

Аш, бабын сөздің, дүр Омар,

Жөн болса сөзің тыңдалар.

Келіспесе кестесі –

Ретсіз сөзді кім тыңдар!

Намақұл сөздің мысалы:

Аң көрмей ұшқан далаға,

Алмайтын құспен тең болар, – деп бір қайырады.

Тағы бірде:

Жай жүргенде бәрі де ат,

Шапқанда, шама аңдалар.

Халық ішінде қадырлі,

Үнемді басқан қадамы,

Тимеген жерге табаны

Теңселген не бір жорға бар! – деп түйіндейді.

Міне, оның қай шығармасын алып қарасаңыз да терең философиялық ойға негізделген.

Сыр сүлейі Қуаныш Баймағамбетов:

Кетеде Шораяқтың Омары өтті,

Өлгенше өлең сөзді жоғары етті.

Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,

Тұрымбет бес Бозғұлдан бұлар да өтті, – деп жырлаған екен.

1923 жылы «Ақын Тұрмағамбет ініме» атаулы өлеңінде:

…Қайғысын бұл дүниенің қабат ойлап,

Қайтеді ақылыңды екі бөлсең.

Еңбектің іске аспағы екі талай,

Табандап тас көшеде аттай желсең.

Ей, інім! Ақылын ағла, аңдауымда,

Тұрақсыз туысыңа жүрген дөңсең.

Әр түрлі хикая мен дастан жазып,

Болмай ма қатарыңды жалпы жеңсең.

Атыңды алты Алашқа мәшһүр етіп,

Журналға сөз беруге енді белсен.

Сөзіңді шайырлармен салыстырып,

Алдыңа жан салғызбай озып келсең.

Өлсең де кейінгі ұрпақ сені іздеп,

Жылар ед «О, дарих!» деп кемсең-кесең, – деген өсиеттері әлі күнге ел жадында сақтаулы.

Міне, әрбір шығарманы жүрегімен сезініп, жұрт жадына жеткізе жырлаған ақын аты халық жадынан өшпек емес. Ол дәстүрлі өнердің қайталанбас қолтаңбасы болып тарих қатпарында қала бермек.

Т.ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<