Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қаламгер Өріс Яшүкірқызы Яшкурова 1949 жылы 6 мамырда Сырдария ауданында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектепті бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. Алматы облысының Шелек аудандық «Еңбек туы», Қызылорда облысы Сырдария ауданының «Сырдария» газетінде әдеби қызметкер, Торғай облыстық телерадиокорпорациясында комментатор, тележурналист, «Астана ақшамы» газетінде әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінде бас сарапшы жауапты қызметтерін атқарды.
«Айна көңіл», «Қараша қаздың қаңқылы», «Сексеуілдің шоғы», «Боямасыз өмір», «Ескі қоныстағы ел», тағы да басқа кітаптардың авторы.
Ө.Яшүкірқызы бірнеше мерекелік медальмен, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» құрметті белгісімен марапатталған.
Біз бүгін қаламгердің туған жерге арнаған өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Есілде жүрмін Сырды ойлап
Орманым болған, бауым да,
Мұзарттай шыңым, тауым да.
Сыр елім – менің жыр бағым
Тартатын ыстық бауырға.
Ауылдың жөні ол – бөтен,
Қаламен келмес теңбе тең.
Неліктен ыстық білмеймін,
Кіндік қан тамған жер ме екен.
Кеземін ойша жайлауды,
Көбейтіп сонша ойлауды.
Белдеуінде ақ үйдің
Тұр ма деп атым байлаулы.
Қақпақтай қатқан жауырын,
Көрінді-ау күткен бауырым.
Бақшаға егіп келгені
Биылғы жаздың қауынын.
Сүзіп ап сүттің қаймағын,
Дайындап балдай айранын.
«Шай әзір» дер ме жеңешем
Ағама қатып жайлап үн.
«Алла» боп жалғыз ұраны,
Алдында жайған Құраны,
Көрінсе көлік жан әкем
Мені іздеп күтіп тұрады.
Бітіріп кешкі сауынын,
Алды ма шешем дамылын.
Пілте шам сәуле шашты ма,
Келтіріп үйдің жарығын.
Үйлерді көрші жағалап,
Бәрінен түгел хабар ап,
Жүр ме екен інім шапқылып,
Ағаштан атын сабалап.
Шаң иісі кетіп даладан,
Қи иісі жетіп қорадан.
Апекем жүр ме ошақта
Түтіндік салып жаңадан.
Масахана тігілер,
Жүгірер оған інілер.
Бірін-бірі қытықтап
Тобықтан қағып сүрінер.
Қымтай бір түсіп жаулығын,
Қара үйдің түзеп баулығын.
Намазын оқып әжем де
Шаңырақтың тілер саулығын.
Самаурын аппақ қайнап бір,
Сексеуіл шоғы жайнап тұр.
Іштегі жарық ақ сәуле
Түңліктен шығар бойлап бір.
Жайлаудың есіп самалы,
Ашылып елдің қабағы.
Бұрқырап еттің иісі
Ортаға келер табағы.
Дегендей «Мынау кім еді?»,
Дәу төбет марғау үреді.
Бесікте жатқан бал сәби
Шықылықтай бір күледі.
Дария тасып іргеден,
Тобылғы тұрар бүрлеген.
Жұпарын шашып ауаға,
Жиделер тұрар гүлдеген.
Боз үйден шығып бозбала,
Көрші үйге қарар қозғала.
Саңлауынан көрші үйдің,
Бойжеткен қарар наздана.
Толқындар соғып сағаға,
Ақ сазан шоршып жағаға,
Тұмсығын суға сүзеді
Сұңқылдап күміс шағала.
Толқынмен қайық ырғалар,
Ескегі желмен сырғанар.
Су бетінде сан сәуле
Екеудің жүзі нұрланар.
Нұр шашып Айдың қияғы,
Сыбдырап майса миялы.
Қыдырып жүрген қос жастың
Алысқа кетер қиялы.
Яксарттан таныс сырларың,
Аңыз боп жеткен жырларың,
Сырдария мені сағынтар
Жыр бағы болған – сыр бағым.
Орманым болған, бауым да,
Мұзартым болған тауым да,
Сырдариям – сыр бағым
Ыстықсың содан бауырға.
***
Есілде жүріп Сырды ойлап,
Әңгіме жазып, жырды ойлап.
Ұстаған қалам бір қызбын
Орманды көрсем қырды ойлап.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<