Сыр өңіріндегі қазақ баспасөзі

1486

0

1925-1929 жылдар Сыр өңірінің мерзімді ұлттық басылымдарының қалыптасу және шыңдалу кезі болды. 1925 жылдың жазында барлық республикалық газеттер жаңа астана – Қызылордаға көшірілді.

1925-1929 жылдары өз жұмыстарын Қызылордада жалғастырған «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» және  «Еңбекші Қазақ» сияқты басылымдарда көркем шығармалар, қазақ тарихына, оның ішінде Сыр өңіріне қатысты зерттеулер мен дерегі мол мақалалар жиі басылып тұрды. Мәселен, Жаңа мектеп журналында М.Әуезовтің әйгілі «Қараш-қараш» әңгімесі кітап болып шыкпай тұрып, осы журналда үзбей басылған. Сол сияқты журналдың аймақтану бөлімінде Қазақстанды Ресейдің отарлауы, ел ішінде көтерілістер жайында мақалалар жиі жарияланып отырды. Патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы Сыр өңірі қазақтарының көтерілісі жайында да 1926 жылғы № 6 санында «Жанқожа батыр Нұрмағамбет баласы» атты мақалада XIX ғ. 50 жылдары Хиуа хандығының агрессиялық саясатына, орыс отаршылдығына қарсы Сырдария бойы қазақтарының Жанқожа Нұрмағамбетұлының қолбасшылығымен болған күрес барысы, Жанқожаның жорықтарына да қысқаша тоқталады. Оның Хиуа, Қоқан, Бұхара хандарына қарсы күрес барысы да жан-жақты талданады. Бұл мақаланың құндылығы сонда, біріншіден, Жанқожаның шыққан тегін нақтылап берсе, екіншіден, оның қазақ арасында батырлығының таралуының себептерін ашып көрсетеді. Батыр даңқының үш жүзге тарауы, оның батыл қимылдары қазақ халқының отаршыларға қарсы азаттық күресін жандандырды деген тоқтам жасаған.

Сыр өңірінің мерзімді басылымдарын кешенді зерттеуші-ғалым Тайман Сағат Тамшыбайұлының зерттеу еңбегінде  «Еңбекші қазақ газетінің 1926 жылғы 319 санында қызықты, әрі тарихи танымды қалыптастыратын мақала «Ақмешіттің тарихы» – деп аталатын мақалаға талдау жасайды. Мақалада Ресей мемлекетінің қазақ даласын қалай отарлағаны жөнінде айтылады. Автордың баяндауы бойынша «…патша үкіметі тез арада Орта Азияны отар елге айналдыруға тырысқан. Бірақ бұған мынадай жағдайлар кедергі болған: 1) шөл, құм, дала; 2) қазақ елінің керуен талайтын ордалары; 3) мұсылман елінің орысты жек көруі; 4) шет мемлекеттермен таласы. Орыстардың қазақ жерін бірден отарлап алуына Бұхара мен Хиуа хандықтары да ырық бермеді». 1852 жылы орыстың екі соғыс кемесі Арал теңізін, Сырдария, Амудария өзендерінің құйылысын күзете бастаған. Бұл уақытта Сырдарияны Қоқан хандығы билеп тұрған еді. 1851–1853 жылдары Қоқанның өз ішінде болған бүлікті қазақтар пайдаланып қалуға тырысқан. Себебі, қазақтар біресе Қоқан хандығына, біресе Хиуаға алым төлеуді көтере алмаған болатын. Одан әрі мақалада 1852 жылы сұлтан Әлікей елді орысқа бағындырып, Қоқан мен Хиуаны жаулауға кіріскендігін, оны орыс үкіметі мықтап пайдаланғандығы айтылады. Жалпы, Ақмешітті 1853 жылы Орынбор губернаторы Перовский қаратуға күш салып келген кезде, қазақтың бірнеше төрелері оларға барлық жағдайды жасап, көмек берген. Оның ішінде Әлікей сұлтан Қасымұлы да болған». Мақала авторының жазуынша, Ақмешіттің мықты қорғаны болған, оның қабырғасының қалыңдығы 4 кез жарым, ал биіктігі 4 жарым саржан болып, оған мықты қаруланған 400-дей күзет қойылған. Орыстар қалаға кіру үшін қабырғаның астына дәрі қойып атып, қорғанды бұзған. «Қорғанды сақтаушылардың бәрі аянбай соғыс қылып, бірі қалмай қырылады. Сонан кейін, Ақмешіт Перовск порты деп аталған.

Қызылорда астана болғанда қаламызда дүниеге келген басылымдардың бірі «Ауыл тілі» газеті. Газет 1926 жылы 20-шілдеден 1929 жылы 12-ақпанға дейін Қызылорда қаласында шығып тұрған ауыл шаруашылығына арналған тұңғыш салалық газет. «Ауыл тілі» газеті сол кезеңдегі барлық басылымдар сияқты оқу-ағарту, денсаулық, ауылды кеңестендіру, қазақ байларын тәркілеу, индустрияландыру мәселелерін көтерді. Газет бетіне «Шаруа күні», «Мал аурулары» сияқты ауыл тілшілерінің және Ж.Аймауытовтың, Ғ.Мүсіреповтің, С. Сейфуллиннің мақалалары жарияланған.

1926 жылы шілде айынан бастап Қызылордада тұңғыш әйелдерге арналған «Әйел теңдігі» журналы өмірге келді. Журналдың редакторлық қызметін С.Есова, Н.Сәнәлиева, Н.Арықовалар атқарды. Журнал партия мен кеңес ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттерді насихаттау, қазақ әйелдері арасындағы саяси-тәрбие жұмысына, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатыстыру мәселесіне аса көңіл бөлді. «Әйел теңдігі» журналына жарияланған М.Дулатовтың «Қазақ әйелі» деп аталатын мақаласында қазақ қыздарын әдет-ғұрып бойынша атастыруы бесіктен басталатындығы, тіпті кей жағдайда ананың құрсағында жатқан кезде атастыратындығы, бұл «қарғы бау» деп аталатындығы келтірілген. Ол «құда болу, киіт кию, мінт алу» сияқты жоралғымен жалғасатындығы, егер қызды атастырған адам қайтыс болса, оны «әмеңгерлік» жолмен, ағасы немесе інісі, туысқандарының бірі алатындығы айтылады. Бұл жерде автор малы бар шалдың жас қызды атастыратындығын, «Қызды шал екең алмайды, мал екең алады» деген мақалдың туындағаны осыдан дейді. Журналдың «Әдебиет бөлімінде» әйел тақырыбына арналған әңгімелер мен қазақ қыздарының өлеңдері жариялана бастады. Ә.Бөкейхановтың «Қыр қазағы» деген бүркеншік атпен жазған «Ақсақ кемпір» атты әңгімесі, Бейімбет Майлиннің өлең, әңгімелері, атап айтқанда, «Раушан коммунист», Малай деген бүркеншік атпен жарияланған «Айымкүл», «Ел күйеуi», сол сияқты, «Ерлiк құрбаны», «Әже», «Некеқияр», Ж. Аймауытовтың «Ақ білек», Қошке Кемеңгеровтың «Назиқа», Шолпан Иманбаеваның «Жалшы әйелдер аузынан», «Октябрь мейрамы» сияқты әдеби туындылары жарияланған. Ал «Дені саудың — жаны сау» айдарында Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова, Сара Қапакелінінің отбасылық тазалық, бала мен әйел күтімі, жұқпалы аурулармен күресу барысы турасында дәрігерлердің кеңес берген мақалалары басылып, оқырмандарын салауатты өмір сүруге шақырды. Журнал 1934 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысы бойынша жабылып, оның редакциясы «Ауыл коммунисі» журналымен қосылды. Кейін «Қазақстан әйелдері» деген атпен қайта шықты.

1930 жылы 7 қарашадан бастап Қазақстан К(б)П Арал аудандық партия комитеті мен аудандық кеңесі атқару комитетінің«Балықшылар» газеті жарық көрді. 1932 жылы газет «Екпінді балықшы», 1938 жылы ол «Социалистік Арал» деген атпен шықты. Газетке әр жылда Ә.Қоңыратбаев, Қ.Жантайұлы, К.Сарсембаевтар редакторлық қызмет атқарды. Газет таралымы 1932 жылы 6300, 1939 жылы 3564 данамен шықты. Газет халықаралық жағдай, партия тарихы, шаруашылық бөлімдерінен тұрды. 1933 жылы Қазақстан К(б)П Қазалы аудандық партия комитеті мен аудандық кеңесі атқару комитетінің органы ретінде «Большевиктік колхоз үшін» газетішыға бастады. 1935-1937 жылдары газеттің редакторлары болып Мұхамбет Есмамбетов, 1937-1938 жылдары Сәндібек Нұғыманов, 1938-1940 жылдары Махамбет Ағымысов, Итемгеновтер жұмыс істеді. Негізінен сол уақытта аудандық газеттер партия құрылысы, кеңестік шаруашылық мәселелеріне қатысты материалдарға көбірек мән беріп отырды. 1938-1940 жылдары Сыр өңірінің ақыны Б.Өтепұлының өлеңдері басылып тұрды.

1929-1932 жылдары Қызылордада денсаулық сақтау мәселелеріне арналып, қазақ тілінде «Денсаулық жолы» журналы шығып тұрған. Оның 1929 жылы тамызда жарық көрген 1-санының 36 беті араб әріптерімен, 4 беті латын әріптерімен теріліп, 4 мың данадан тарады.«Денсаулық жолының»жарыққа шығуына игі ықпал еткен Қазақстан Денсаулық сақтау халық комиссары М.Тәтімов алғашқы жылдары бас редактор (1929–30) қызметін қоса атқарған. 1930–32 жылдары Б.Әбдірахманов пен С.Асфендияров бас редактор болды. Х.Досмұхамедұлының мақалалары да журналда жиі жарияланып тұрды. Журнал 1932 жылы жұмысын тоқтатты. 1990 жылы «Денсаулық» деген атпен қайта шыға бастады.

1925 жылы Қызылордада Ресей пролетариат жазушылар қауымдастығының негізінде қазақ пролетарлық жазушылар қауымдастығы құрылды. 20-шы жылдардың аяғында қалың еңбекші бұқараға арналған кітаптарды шығару ісін дұрыс жолға қою міндеттері алға қойылды. Бұл міндеттер Қазақстан жазушыларының ұйымына жүктелді. Сөйтіп, 1927 жылдың жазында Қызылордада «Жыл құсы» атты әдеби журнал (альманах) дүниеге келді. 1927 жылы «Жыл құсының» бірінші саны 4000 дана болып басылды. Алайда, альманахтың екі ғана саны шығып, тоқтап қалды. Ол кейін 1928 жылдан бастап ай сайын шығатын «Жаңа әдебиет» журналына айналды.

1929 жылы халыққа жаңа әліппені насихаттау үшін «Жаршы» журналы шығарылды. «Жаршы» журналы 1929 жылдан бастап №1-5 сандарын Т.Жүргенов бастаған редакция алқасы шығарды. Редакторы I.Қабылов болды. «Жаршы» журналы 1929-1931 жылдары Қызылорда қаласында ұлттық қоғамдық-саяси журнал ретінде шығарылды. Журнал латын әліпбиіне көшу барысындағы жетістіктерді насихаттауды, сыни, сықақ материалдарды жариялауды мақсат тұтты.

1928 жылы 1-мамырда Қызылорда өлкелік партия комитеті мен кәсіподақ советінің атынан «Жұмысшы» газеті шыға бастады. «Жұмысшы» газеті көлемі үлкен көлемде, төрт бет болып «Еңбекші қазақ» газетінің жанынан шығарылды. «Жұмысшы» газеті еңбекшілердің қамын ойлап, оларға шын жөн сілтеуші, кеңесші болуды мақсат етті. Адамдардың ұжымдық еңбекке бірігуіне, партия қатарына өтуді көп көңіл бөлді. Жергілікті жерлерде кәсіподақ еңбек шарттарының орындалуын қадағалап кеңес орындарының жұмысына көмектесті. «Лениншіл жас» газетінің тарихы 1922 жылы октябрьде Ташкентте шыққан «Жас қайраттан» басталады. Жетісу, Сырдария облыстары Қазақстанға қосылғаннан кейін  «Еңбекші қазақтың» бір бетін алып  келген «Лениншіл жас» 1925 жылы 3 ақпаннан бастап «Жас қайрат» газеті болып, әуелі Орынборда, сол жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында жетісіне бір рет шыға бастады. Ал сол кездегі жастар өмірінің жаңа талаптарына байланысты «Лениншіл жас» журналы 1927 жылдың қыркүйегінен бастап газет болып шықты.

«Сыр бойы» газетінің алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда қаласында жарық көрді. 1929 жылдың 1 шілдесі күні өзінің дәл бүгінгі атауымен «Сыр бойы» болып алғаш рет жарыққа шықты. Газет Қызылорда округтік партия, кеңес комитеттері мен кәсіпшілер одағы бюросының газеті айдарымен аптасына екі рет шығып тұрды. Алғашқы жылдың өзінде-ақ газеттің таралымы 2000 данаға жетті. Әрине, сол кездегі ұжымдастыру, ашаршылық, жаппай саяси қуғын-сүргіннен басылым тыс қалған жоқ. Арада үш жыл өткеннен кейін 1932 жылы сол кездегі уақыттың пәрменімен бұл атау «Ленин туы» болып өзгертіліп, бұрынғысынша аудандық газеттің мәртебесімен жарық көре берді. Бiрақ бұрынғысынша Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарының өмiрiн толық қамтып тұрды. «Газет таралымы әр жылы әр түрлі таралыммен шығып тұрды. 1932 жылы 9600, 1938 жылы 4110, 1939 жылы 8350 тиражбен шықты. Газеттің көлемі 58х34 см болды.1929-31 жылдары газетке сықақшы, Жиенғали Тілепбергенов, 1931-1932 жылдар аралығында А.Азмухамедов, Д.Сарсембаев, Л.Суюпов, 1932 жылдың желтоқсаны-1934 жыл аралығында Асқар Тоқмағанбетов, одан кейін Әуелбек Қоңыратбаев, Абдолла Құрманаев, 1937 жылы 21 мамырдан Қайыпназар Қауымбаев (1937 жылы қыркүйекте «халық жауы» болып атылып кеткен), 1938-1939 жылдары Х.Сарбасов, М.Сәтбаевтар, жауапты редактор қызметін атқарды.

Басылым атауының кезекті өзгертілуі Сыр өңіріндегі жаңа әкімшілік территориялық құрылым – Қызылорда облысы құрылған 1938 жылмен тұспа-тұс келеді. Тап сол шақта мәртебесі қоса өзгертілген газеттің аты «Ленин жолы» болып ауыстырылды. 1925-1939 жылдары Сыр өңірінде түрлі мекемелер өз жанынан газет шығарып отырды. Мәселен, 1935 жылы «Ленин жолы» деген атпен БЛКЖО Жаңақорған аудандық партия комитетінің бір күндік газеті, 1934-1939 жж «Колхозшы» деген атпен Қаракеткен МТС партия, кәсіподақ ұйымдары мен дирекциясының газеті, 1938-1940жж «Арал балықшысы» деген Арал мемлекеттік балық тресі басқармасының және Оңтүстік балықшылар одағы комитетінің газеті, «Балықшының дауысы» – 1936 жыл Балық комбинаты жанындағы бастауыш партия ұйымының газеті, «Верстатка» 1933 жылы №1баспахана жанындағы партия ұйымы мен фабрика-зауыт комитетінің газеті, «Қазақстан теміржолшысы»- 1935 жылдың наурыз-1936 жылдың мамыр айы аралығында шыққан Орынбор теміржолының 3-ші бөлімі Қазалы саясат бөлімінің тілі, «Қызыл мақташы» 1933-1935 жылдары Жаңақорған МТС саясат бөлімінің газеті, «Найзағай»-1933 жылы Қызыл мақташы газеті редакциясының шығарған көшпелі газеті, «Социалды жол»-1933-1934жж Сұлутөбе МТС саясат бөлімінің газеті, «Социалды мал шаруашылығы» – 1933-1934 жж. Қызылорда қой совхозы саясат бөлімінің газеті және т.б.

Жалпы алғанда, 1925-1937 жылдары Қызылордада шыққан ұлттық мерзімді басылымдар біріншіден, қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті.

Қазіргі таңда халқымыз өткен тарихи жолдарды саралау, оның ұлттық құндылықтарын бағамдау мақсатындағы Елбасымыздың тікелей басшылығымен ҚР Үкіметі қабылдаған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының маңызы аса зор болды. Ал ұлттық мерзімді басылымдар, яғни баспасөз, оның ішінде Елбасы айтқандай «Сыр-Алаштың анасы» атанған Қызылорда өңірінде шыққан басылымдар өз тарихымызды саралауда басты тарихи дереккөз болып табылатыны анық. Сыр өңірінде басылымдар шын мәнінде тарихымыздың кеңестік дәуірінде өмірге келді десек артық болмайды. Әсіресе, 1925–1929 жылдар Қызылорда Қазақстанның астанасы болған уақыт Сыр өңірінің мерзімді ұлттық басылымдарының қалыптасу және шыңдалу кезі болды.

Жалпы алғанда, Қызылорда астана болған жылдарында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасындағы қазақ зиялылары халық ағарту, ғылым және мәдениет мекемелерінің сан-салалы қызмет жасауына және еліміздің ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына негіз қалады. Сол сияқты кеңестік модернизация барысында бұрынғы орыс ғылыми қоғамдарының негізінде қалыптасқан түрлі ғылыми мекемелердің қызметіне тартылған қазақ зиялылары отандық ғылым салаларының іргетасын қалады деп бағалай аламыз. Сол кезде Қызылорда да жарық көрген мерзімдік басылымдар да ұлттық мазмұндағы қоғамдық сана мен саяси ойдың қалыптасуына елеулі үлес қосты.

Кенже АХМЕТОВА,

Ақмешіт филиал музейінің

 меңгерушісі.


Суретте Қызылордадағы 1925-1929 жылдардағы баспахана ғимараты. Қвзіргі уақытта Аль-асад сауда дүкені орналасқан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<