Жарты ғасырға жуық Сыр өңірінің кино саласында қызмет істегенімде, осы мамандығымның қыры мен сырына қанығу үшін ел ішін көп араладым. Өз ісін сүйетін, мамандығын құрметтейтін талай атпал азаматтармен дастарқандас, тұздас-дәмдес, іссапарлас, кей кездерде сырлас болып жүріп зейнеткерлік жасқа жеткенімді де білмей қалыппын. Бұл – жұмырбасты пенденің бәріне бірдей тән құбылыс. Өткен күндеріме бүгінгі жасымның биігінен қарасам, бұрынғы қызметтестерімнің көпшілігі о дүниелік болған. Бірақ маған медет болатыны – сол жайсаң жандардың ұрпақтары мен жақындары, туыстары бар. Міне, соларға арнап Сыр өңірінің кино саласын өркендеткендер мен дамытқандар туралы айтсам деймін…
Киноның шын аты – синема. Оның алғашқы отаны – Франция. Осыдан 125 жылдай бұрын француз азаматы Л.Гомон деген кісі биоскоп аппаратын ойлап табады. Іскерлігіне ақылы сай әрі пысықтығы да бар ол осы еңбегінің пайдасын көргісі келіп «Гомон и К» деген фирма ашады. Өзі ойлап тапқан аппаратына патент алады. Дүниежүзілік кино күні – 28 желтоқсан, өйткені 1895 жылы дәл осы күні ағайынды Луи мен Огюст Люмьерлер Францияның астанасы Парижде ойлап тапқан киноаппарат немесе жанды фотография (жылжымалы суреттер) әлемді таңдай қақтырған. Сөйтіп қалалық демалыс паркінде бірінші киносеансын (ол кезде бұл «техникалық аттракцион» деп аталған) өткізген. Кино өнері Ресейге ХХ ғасырдың басында 1918 жылы, ал Қазақстанға 1921 жылдың екінші жартысына таман келді деген деректер бар. Кеңес өкіметі орнаған соң, жекешедегі кинозалдар тәркіленіп, мемлекет қарамағына алынады. Қазақ автономиялық республикасы Халық ағарту комитеті Саяси Бас басқармасының кинофото бөлімі ашылады.
«Главкинопрокаттың» Қызылорда облыстық кино бөлімшесінің директоры Рафаил Ибрагимовтің 1950 жылы жазған анықтамасына қарағанда, облыста барлығы 43 киноқондырғы болған. Оның 33-і мемлекеттік, 6-ы кәсіподақтық (профсоюзные) оның ішінде 7-і қалалық, 32-сі селолық жерде. Барлық киноқондырғының 4-і жабық мекемелерде орналасқан. Облыстық фильмқоймада 1951 жылдың 1 қаңтарына 323 кинофильм, оның 532 көшірмесі болған. Барлық кинокартинаның 9-ы ғана 16 мм таспада еді.
1968 жылдың 1 шілдесінен бастап КСРО Үкіметі мен ВЦСПС-тың бірігіп шығарған қаулысымен селолық ұжымдардағы (совхоздардағы) және теміржол бойындағы клубтардағы киноқондырғыларды аудандық кәсіподақтардың, «Дорпрофсождардың» балансына беріп, облыстық кәсіподақ комитетінің жанынан Кино жөнінде кеңес (Совет по кино) бөлімдері ашылды. Облыстағы кәсіподақ комитеті жанындағы Киносоветті бірінші болып бұрын партия мен кеңес қызметкері болған Жұмабай Әбдреев көп жыл басқарып, зейнеткерлікке шықты. Содан соң менің ұстаздарымның бірі, кино маманы Владимир Ким істеді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары жаппай қысқартудың кезінде кәсіподақтың киноқондырғыларының бірінші кезекте жойылғанына қатты қамыққаннан болуы керек, Владимир Васильевич те дүниеден озды. Мемлекеттік кино жүйесіндегі киноқондырғылардың саны жылдан жылға азая бастады. Тек мемлекеттік жүйедегі кинотеатрлар мен киноқондырғылар саны ғана жүргізілді.
ҚР мәдениеті мен кинематографиясының еңбегі сіңген қызметкері, КСРО спорт шебері, Бүкілодақтық футбол төрешілерінің мүшесі, І санатты «КСРО Құрметті футбол төрешісі» Рафаил Ибрагимов туралы бірер сөз. Рафаил Якубұлы Семей қаласында 1922 жылы 12 тамыз күні дүниеге келіпті. Әкесі Якуб Ибрагимов әскери қызметте болған, сондықтан оны 1937-1938 жылдары Қиыр Шығыстан (Приморский край) кәріс халқын депортациялағанда солардың көшін түзеп, Қызылордаға отбасымен қоныс аударған. Жас жеткіншек Рафаил Қызылордадағы бұрынғы Ленин көшесіндегі №1 аралас орта мектепті бітірген. Сөйтіп 1940 жылдан бастап кино саласына жұмысқа кірген. Ұлы Отан соғысына қатысып, офицер шенімен, Жеңіспен елге оралған. Сөйтіп кинодағы жұмысын жалғастыра берген. Жас офицер тәжірибе жинаған соң, оны «Главкинопрокаттың» Қызылорда облыстық бөлімшесіне директор етіп тағайындайды. Облысының киноландыру мен кинофильмдерді прокаттау ісіне өлшеусіз үлес қосқан азаматты партия мен кеңес басшылығы қызметін жоғарылатып, 1952 жылы Алматыға ауыстыруға ұсыныс жасап, республикалық «Казглавкинопрокат» мекемесінің директоры қызметіне ауысады. Рафаил Якубұлы кино саласы мен спортты да қатар алып жүріп, көптеген жемісті жетістіктерге жетеді. Алдымен «Қазкинокомитеттің» Бас басқармасының басшысы, содан кейін төрағаның орынбасарлығы қызметтерін абыройлы атқарады. Республикалық кинематография басшылығында 40 жылдан астам еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң да жалғастырды. Тек 80 жастан кейін ғана бірыңғай демалысқа бет бұрады. Рекең демалысқа шықса да, жыл сайын Қызылордадағы жоғары лиганың футболдық кездесулеріне мемлекеттік комиссары есебінде қатысып отырды. Келген сайын мені ертіп алып, Қызылордадағы ескі бейітте жерленген әкесінің басына Құран бағыштап қайтатын. Рекең «Қазкинокомитетте» істеп жүргенінде біздің облысқа іссапармен келсе болды, әйтеуір уақыт тауып, өзі оқыған мектепке соғатын. Ұстаздармен кездесіп, сыныбына кіріп, отырған партасын көріп кететін. Қызылорда қаласындағы мектептерге киноаппаратура қойыла бастағанда, бірінші өзі оқыған мектепке орнатуды ұсынды. Мен Рафаил Якубұлының қарамағында қызмет істеген кездерімде, шәкірті ретінде көп тәлім-тәрбие алдым.
Революция көсемі В.Ленин халық шаруашылығындағы пайда болған жаңа саланы ұлттық мүддеге пайдалану үшін декретке 1919 жылы 27 тамыз күні қол қойып жатып: «Из всех искусств, для нас важнейшим является – кино!» деген екен. Пролетариат көсемінің сол қанатты сөзі осы кезге дейін мән-мағынасын жоғалтқан емес. Кейін 1969 жылы сәуір айында Л.Брежневтің Жарлығымен 27 тамыз – КСРО киногерлері күні болып белгіленді.
Енді Қызылорда облысының кино тарихына келетін болсақ, біраз тарихи құжат архивте сақталмаған. Көнекөз ардагерлерден естігенім, 1929-1930 жылдары қала тұрғындары мен жұмысшы-шаруалар жиналып, сенбілік пен жексенбілік ұйымдастырып, қазіргі Қазыбек би және Қонаев көшелерінің қиылысындағы ескерткіш орнына жазғы 1000 орындық «Октябрь» киноалаңын салған. Сол киноалаң 1985 жылға дейін халыққа қызмет етті. Оның орнына сол жылы қалалық демалыс паркінің ортасына таман 1000 орындық типтік жобамен киноалаң салынды. Оған заманауи «Ксенон-5» киноаппаратурасы қойылып, он шақты жыл халыққа қызмет істеді. Өкінішке қарай, бәсекелестікке төтеп бере алмай, жабылып қалды. Иесіз тұрған ғимараттың силикат кірпішін тұрғындар жайлап ұрлап тасып, ақырында киноалаңды жойып тынды. Одан басқа Қызылорда қаласында қазіргі Қорқыт ата және Мұстафа Шоқай көшелерінің қиылысындағы базардың оңтүстік шығысына таман Жамбыл атындағы 400 орындық жазғы киноалаң болатын. Ол киноалаң өткен ғасырдың 90-жылдары сүріліп, жері сауда нүктелерінің орнына айналған. Сондай кейіпті басынан кешірген – теміржол бойының күншығыс бөлігіндегі, тұрғындар «Шанхай» атап кеткен жердегі «Мир» киноалаңы. Оның орнына қазір тұрғын үйлер салынып кеткен.
Ең алғаш Қызылордада типтік жобамен 500 орындық Аманкелді атындағы кинотеатр 1939 жылы салына бастаған. Ұлы Отан соғысы кезінде консервацияланып, соғыс біткен соң құрылысы 1946 жылы жалғасты. 1950 жылы толық іске берілген. Кең форматты Ы.Алтынсарин атындағы кинотеатрдың құрылысы 1960 жылдары басталып, 1964 жылы іске қосылған. Ал 1970 жылдың басында кең экранды киноаппаратурасы кең форматты жаңа «КП-15» кинотехникасына алмастырылған. 1980 жылы осы кинотеатрдың фасадындағы үлкен ветриналық айнаны пайдаланып, күндізгі (дневное) кино көрсетілімдер басталды. Онда киножурналдар, кинороликтер және жаңалықтар қойылып, кино өнерін насихаттау әдісі жаңа қырынан танытылды. Ол қала тұрғындарының және қонақтарының арасында белсенділік тудырды.
Облыс кино саласы қызметкерлері Қызылорда қаласының кинокөрсетіліммен аз қамтылған шағын аудандар тұрғындарына рухани құндылықтарды насихаттауды мақсат тұтты. Ойластыра келе банктен ссуда алып, жаңа типтік жобамен 400 орындық, қысы-жазы тұрақты кино көрсететін кинотеатр салу еді. Солай жасадық та, оны 1972 жылы бастап, 1975 жылы пайдалануға беріп «Жеңістің ХХХ жылдығы» деп атадық. Сол кинотеатр жиырма жылға жуық халыққа жемісті қызмет көрсетті. Өкініштісі сол, кешегі тоқырау заманында халық шаруашылығындағы өзін-өзі ақтай алмайтын әлеуметтік, рухани байлығымызды молайтатын мекемелердің түгелі дерлік жекешелендіріліп кетті. Жекешелендіруге келгенде мемлекеттік мүлік болған соң, мәдениет үйлері, ауылдық клубтар, кинотеатрлар және басқалары «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» деген сияқты құнсыз болып шыға келді. Тіпті жекешелендіру кезінде кейбір пысықай экономистсымақтардың көрсетуімен ҚР Үкіметі арнайы аттарын көрсетіп, қаулы қабылдап, мерзімін бекітіп берді. Ондағы қызмет істеп жүргендердің пікіріне құлақ аспастан, сатты немесе сенімді басқаруға берді де жіберді. Сондай жолмен жекешелендіру Қызылорда қаласындағы Аманкелді мен Алтынсарин атындағы кинотеатрлардың және Қазалы қонысындағы «бесінші квартал» атанып кеткен шойын жолдың күншығыс бөлігіндегі қос (қысқы және жазғы) залды жаңа кинотеатрдың бастарына да түсті. Сөйтіп Аманкелді атындағы кинотеатры «Кең дала» мейрамханасы, ал Алтынсарин атындағы кинотеатр қолдан-қолға өтіп, қазіргі кезде «Достық үйі» болып тұр. Ал «Жеңістің ХХХ жылдығы» атындағы кинотеатр мешітке айналды. Ішіндегі жап-жаңа киноаппаратураны құрал-сайманымен облыста жаңадан ашылып жатқан әскери шекарашылар бөлімшесі клубының балансына беріп, сонда киноқондырғы ашқан. Аймақтық жекешелендіру комитетінің айтуы бойынша олар (кинотеатрлардың сатып алған иелері) келісім-шарт негізінде үш жылға дейін кәсіби профилін сақтай отырып, тұрғындарға қызмет істеу керек-тін. Саудаға шығарылып, біреуге сатылмау керек болатын, ал оның бірде-бір шарты орындалған жоқ.
Тарихқа қайта оралсақ, Министрлер Кеңесінің Жарлығымен 1963 жылға дейін облыстық мәдениет басқармаларының жанындағы кинофикация мен кинопрокат болып келген бөлімі өз алдына дербес облыстық кинофикация басқармасы болып құрылды. Ал кинопрокаттың функциясы республикаға беріліп, облыстарда кинофильмдерді прокаттау кеңселері ашылды. Бұл кеңсе республикаға бағынатын және содан қаржыланатын болған соң, облыс аумағындағы мемлекеттік (кинофикация), кәсіподақтардың қарамағындағы (профсоюзные) және ведомстволардың (біздің жағдайда мәдениет саласының автоклубтары, киноқондырғысы бар ірі құрылыс трестерінің, т.б.) кинотеатрлары мен киноқондырғыларды фильмдермен қамтамасыз етіп келді. 1963 жылдың тамыз айынан бастап Қызылорда облкинофикация басқармасына басшы болып Мәдемхан Жәнібеков тағайындалды. Бұл қызметті 1972 жылдың маусым айына дейін атқарды. Қызылорда облыстық кинофильмдерді прокаттау кеңсесінің директоры болып, соған дейін Аманкелді атындағы кинотеатр директорының қызметін атқарған Зубайда Кальтиева болды. Бұл мекеме республикалық бюджеттен қаржыландырылды.
Қызылорда облыстық киноландыру басқармасының басшылығын 1972 жылдың маусым айынан 1975 жылдың қараша айына дейін Әбибулла Балабиев атқарып, Сырдария аупарткомының хатшылық қызметіне ауысты. Кинобасқармаға келгенше облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы еді. Содан кейін облкинобасқармаға басшы болып, Тереңөзек аупарткомында хатшы болып қызмет істеген Көбейсін Исаев келді. Ол кісі кинобасшылықты 10 жылдан астам 1975-1985 жылдары атқарды. Содан зейнеткерлікке шығып, облыстық салауатты өмір сүру қоғамдық мекемесіне басшы болып ауысты.
Қызылорда облыстық кинофильмдерді жалға беру мекемесінің бұрынғы директоры зейнетке шыққаннан кейін, оның басшысы республика мен облысымызға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Жарқынбаев болды. Бұл 1980 жылдың басы еді. Өзінің іскерлік мол тәжірибесімен, қарым-қабілетімен Зейнолла Көштайұлы облыс киносаласының өркендеуіне, дамуына және кинотуындылардың тұрғындардың арасында ауқымды насихатталуына ерекше үлес қосты. Зәкеңнің 1982 жылы басқа жұмысқа – облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесіне ауысуына байланысты, басшы болып мен тағайындалдым.
Кинофильмдерді халыққа жақындату және оның көрсету мерзіміне көп уақыт жібермеу мақсатын ойластырып, сонымен бірге облыстарға жіберілетін фильмдердің көшірмесін көбейту үшін Үкіметтің арнайы қаулысымен облыстарда ауданаралық кинофильмдер бөлімшелері ашылды. 1978 жылы сол Үкімет қаулысына сәйкес, біздің облыс орталығынан алыс орналасқан Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының киноқондырғыларын аз мерзімде кинофильмдермен қамтамасыз ету үшін Қазалыда ауданаралық бөлімшесі ашылды.
1991 жылы киноландыру басқармасы мен облкинопрокат мекемесі біріктіріліп, Қызылорда облыстық КВО (Кинобейнебірлестік) құрылып, оның бастығы болдым. Үш жылдан соң, «Кинобейнебірлестік» қайта облыстық киноландыру басқармасы болып құрылды. Осы қызметті 20 жыл атқардым.
Жаппай қысқартулар басталар алдында «Ұжымдық кеңестің негізін» пайдаланып, басқару аппаратындағы 8 штаттық бірлікті екіге бөліп, облкинопрокаттау мекемесін дербестендірдім. Ал кинофикация 4 бірлігімен «Облыстық киновидеобөлім» болып мәдениет басқармасына қосылды. Осы кезде басқарма басшысының бірінші орынбасары және бөлім бастығы болып, өзімнің 3 бірлігіммен бірге ауыстым.
Облыстық киновидеофильмдерді жалға беру кеңсесі өз алдына дербес мекеме болған соң, оның директорлығына облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген Аманкелді Жұматаев келді. Ол бұл қызметті 2005 жылға дейін атқарды. Сол жылы ҚР Үкіметінің «Бәсекелестік ортаға төтеп бере алмайтын мекемелерді қысқарту» туралы қаулысы шығып, облыстық кинопрокат мекемесі және оның аудандық бөлімшелерінің жұмысы тоқтатылды. Сөйтіп облысымызда халыққа қызмет істеуде 70 жылдан астам тарихы бар кино саласы дербес халық шаруашылығының бір бөлігі ретінде де, халықтың рухани байлығын жоғары көтеруде де, елімізде кең тараған өнер ретінде де, ақпарат құралы ретінде де, ең тиімді, ең арзан, жастарды тәрбиелеудегі алдыңғы қатардан орын алатын идеологиялық құрал ретінде де өз бағасын ала алмай жойылып кете барды.
Мен, облыстың киновидео саласында 1960 жылдан бастап қызмет істедім. Киномеханиктер даярлайтын курстан кейін, Қызылорда қаласындағы Аманкелді атындағы кинотеатрда киномеханиктің жәрдемшісі, сонан соң бұрынғы К.Маркс атындағы көшенің аяқ жағына таман орналасқан, бұрынғы Сырдария ауданының (аудан орталығы 1961 жылы Тасбөгет қонысына көшірілген) орталық клубы болған киноқондырғы киномеханигі, облыстық кинопрокат мекемесінің қызметкері болдым. Содан кейін Жаңақорғанға ауыстым. Онда аудандық кинотеатрда механик-дизелист (электр қуаты тұрақты берілмегендіктен, әр кинотеатрдың жанында дизель моторын ұстайтын) болып істедім.1963 жылы Алматы кинотехникумына түсіп, оны 1967 жылдың ақпан айында бітіріп, жолдамамен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің жанындағы Кинематография жөніндегі комитетінің Киноландыру және Кинопрокат Бас басқармасына инженер-инспектор қызметіне қабылдандым. Сол қызметтен Қызылорда облысы кино саласының кадрларын тұрақтандыру мақсатында басшылардың шешімімен өз туған жеріме жіберілдім. Жаңақорған аудандық киноландыру дирекциясында бір жылға жуық техникалық басқарушы болып жұмыс істедім.
1970 жылы Қызылорда облысының киноландыру басқармасы бастығы М.Жәнібеков ұсынысымен облыс орталығына қоныс аударып, бас-аяғы кинода 41 жыл, содан соң облыстық мәдениет басқармасында 7 жыл қызмет істеп, зейнеткерлікке шықтым. Оның ішінде Қызылорда қаласының аумағындағы кино мекемелерінің біріктірілген бастауыш партия ұйымы партбюросының хатшылығын 16 жыл бойы атқардым. Облыс орталығындағы қызметтік баспалдағым негізінен түсінікті ғой деймін.
Жарты ғасырға жуық кинобейне мен мәдениет саласында жүріп, көптеген зиялы қауым өкілдерімен, мамандармен, қарапайым жұмысшылармен, интеллигенциямен, т.б. адамдармен кездесіп сұхбаттасып, дидарласып, іссапарларда, тұздас-дәмдес болғанымды «Бәрі, бәрі есімде…» кітабымда жаздым. Соның ішінде арнайы тоқталып, астын сызып айтайын дегенім мынау еді. Облыстық кинобейне саласының ХХ ғасырдағы жеткен жетістіктері мен жіберген ағаттықтарының бәрі адам баласының ойы және қолымен істелген. Сондықтан Қызылорда облысында киноландыруды ұйымдастыру, оны дамыту мен өркендетуге, материалдық-техникалық базасын нығайтуға өздерінің зор үлестерін қосқан және кинобейнефильдерді көрсету саласындағы жұмыстарды атқаруда аянбай еңбек еткен жандар ұмытылмайды.
Тауасар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
КСРО мен ҚР кинематографиясының үздігі,
ҚР Мәдениет қайраткері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<