Тағылымға таразы болған мерейтойлар

1499

0

Дәуір сахнасынан сырғып бара жатқан Тышқан жылында қоғамның күш-жігері әлемге төнген коронавирус дертімен күреске көбірек жұмсалды. Алайда, пандемия тынымсыз тіршілікке тежеу сала алмады.


Бұл жылы Әл Фараби­дің, Абайдың, Алтын Орда­ның, Ұлы Жеңістің мерейтойлары аясында тағы­лым­дық шаралар шеру тартты.


Абайдың 175 жылдығын атап өту арқылы жас ұрпақты ұлы ойшылдың шығармашылығын сүйіп оқуға баулу, өмірін, қа­сиет­терін үлгі ете отырып, шығар­машылыққа бейім жандарды дәріп­теу, тіпті, Абай арқылы қоғамдық, азаматтық санаға өзгеріс әкелу секілді мұраттар тұрды.


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналу керек деп есептеймін», – дегені осындай мұраттарды анық аңғартады.


Биыл туғанына 1150 жыл толған дүниежүзілік білім мен мәдениеттің екінші ұстазы атан­ған данышпан Әбу Насыр Әл Фарабидің өмірі мен шығармашылығын, тарихы мен тағылымын, маңызын ғылым мен технологиялар арқылы өскелең ұр­паққа ашып көрсететін көптеген мә­дени, ғылыми шаралар да өткізілді. Олар жастарға данышпан мұра­лары­ның бүгінгі ұрпақ үшін өрісті өнеге екенін, Әл Фараби мен Абай­дың мұрагерлік сабақтастығын байла­ныстыра отырып, ғұлама ойшыл­­дың өмірі мен ғылымға әкел­ген үлкен үлесін насихаттауды көздеді.


Сондай-ақ, Ел Президенті Қ.Тоқаев қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып империя Алтын Орданың мерейтойын атап өтіп, оның негізін қалаушы әрі қазақ хандарының түпатасы Жошы ханның есімін ұлықтау жөнінде бастама көтерген болатын. «Біз Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек. Аса маңызды миссия: бүкіл әлемнің назарын осындай тарихи тұлғаға аудару және оның кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру», – деді Қ.Тоқаев осы бастамасында.


Сонымен бірге, бұл бастама «қазақтарда мемлекет болмаған» дейтін дүдәмалшылдарға берілген тойтарыстың бірі ретінде құнды. 2015 жылы мерекеленген Қазақ хандығының 550 жылдығы сырт көздің сондай қаңқу сөздерін тыйып, қазақ тарихына өзгелерді де құрметпен қарауға үндеді.


Алайда, осыдан біршама уақыт бұрын осындай риторика Ресей думасының депутаты В.Никонов­тың тарапынан да сөз болып қалды. Алтын Орда мерекесінің қазақ үшін қаншалықты құнды екенін осы тұстан да айыруға болады. Ең бастысы, бұл мерейлі шара ұрпақтың отангерлік сезімін тереңдете түсіп, ұлттық рухымызды биікке көтерді.
Тарихымызды таразылауға, ұлт­­тық құндылықтарымызды сақ­тау­ға, насихаттауға бағытталған «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы бо­йынша облысымыздың мәде­ниет және өнер мекемелерінде жүздеген жобалар жүзеге асырылып келеді.


Пандемия барысында облыс­тың мәдениет және өнер меке­мелері онлайн режиміне көші­ріліп, арнайы жоспарланған іс-шара­лар әлеуметтік желілер ар­қылы халыққа тоқтаусыз берілді. Онлайн концерттер, спектакль, экскур­сия, лекция, танымдық сағат­тар, виртуалды көрмелер, басқа да шаралар көрермендері мен тың­дар­мандарына жолданды. Облыстық кітапхана қызметкерлері Әл Фара­бидің 7 томдық жинағының, Абай шығармаларының онлайн-таныс­тырылымдарын ұйымдастырды.


Әл Фарабидің 1150 жыл­дығына орай облыс көлемінде 430 мәдени-ағартушылық шара, кітап көр­мелері, концерттер, ақындар мүшәйрасы өткізілді. Алтын Орданың 750 жылдығына арналып облыс кітапханаларында 200-ге жуық тақырыптық кітап көрмесі мен тарихи-танымдық кештер және 280 түрлі бағыттағы шаралар, тарихшы ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, өнер ұжым­дары мен дәстүрлі орындаушылардың концерттері берілді.

Ал, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей­тойына қатысты жыл бойына 900-ден аса мерейтойлық іс-шара ұйымдастырылды. Солардың ең көлемдісі «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысы болды.

Осы тұста биылғы жылы айтыс өнерінде Сырдың бағы жанды деп айтуды да ұмытпауымыз керек. Ол – Сыр перзенті, айтыс­тың ақтаңгері Мұқтар Ниязовтың рес­публикалық «Алтын дом­быра» айтысында үшінші мәрте жеңімпаз болып, нәтижесінде алтынмен апталған домбыраны облыстық тарихи-өлке­тану музейінің төріне әкеліп қоюы.


Тұңғыш рет Сыр елінде А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы сахналанды. Бел­гілі жырау Алмас Алматовтың «Шың­ғыснама» тарихи дастаны ал­ғаш рет респуб­лика жыршы-жырау­лары­ның қатысуымен жырла­нып, жұртшылық оны әлеу­меттік желі арқылы тамашалады.


«Жыр мұра», «Ба­балар тарауы», «Ал­даспан», «Алтын уық», «Асыл мұра», «Қанатты домбыра» сияқ­ты жобалар тұрақты түрде жүргізілді.Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жау­һар мұрасы – «Шаһнама» даста­нын насихаттау мақсатында «Шұғыла шашқан Шаһнама» атты дастан жырлаушылардың облыс­тық жыр фестивалі болып өтті.


Біз, әрине, облысымызда жыл бойы өткен мәдени-ағарту бағы­тындағы шаралардың ең ірілеріне ғана назар аударып отырмыз. Олардың саны да көп, сапасы да салмақты болды деп айта аламыз. Өйткені, оған сырбойылықтардың өзі куә.


Осылайша, ұлы Абайдың, екінші ұстаз Әл Фарабидің, тари­хымыздың таразысы Алтын Орданың мерейтойлары аясында өткен барлық шаралар елдің рухани-мәдени танымын көтере білді. Халықты өнер қазынасымен сусындатты, жұртымыздың жан байлығын еселеді.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<