Тарихымызға қарасақ, отбасында береке мен бірлігі ұйыған, берген уәдені бүгінгі нотариустың мың қағазынан артық бағалайтын, уәдеге берік, қызы өнегелі, ұлы өжет елді көреміз. Біз идеал санайтын, өркендеп, дамып кеткен батыс елдері қазір қайтадан рухани құндылықтарын іздеуде. Қазір де дәстүрді білетін, салтты құрметтейтін, сөздің төркінін аңғаратын ата-әже, аналар, азаматтар бар. Үлкендердің сөзін екі етпей, салт-дәстүріміз бен жөн-жоралғыларды ұмытпай, біліп жүретін болсақ, еліміз әлемдік деңгейдегі мемлекеттермен иық тіресетін дәрежеге жететіні анық.
Бұрынырақта шолпыны қыздар тек әдемі болу үшін таққан. Ал, қазір мұның маңызы жоқ сияқты. Неге? Шолпының атқаратын үш маңызды міндеті бар. Біріншіден, күмістен, ауыр металдан жасалған шолпы қыздың бұрымын тартып, тік жүруге үйретеді. Қазір бүкірейген қыздардың «осанканы түзеймін» деп шапқылап, дәрігер жағалап жүргені. Екіншіден, қыздар асығыс, ебедейсіз жүрсе шолпының даусы да тым қатты естілетін болған. Демек, шолпы қыздың мәдениеті мен сыпайылығынан хабар берген. Үшіншіден, үйге бөгде ер адам, қонақ келгенде сырттан естілген шолпының сыңғырынан бұл үйде бойжеткен қыз барын біліп, ол үйге кіргенде көзін төмен салатын болған. Мінекей, бір шолпының өзінен ұлттық тәрбиеміздің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.
Тағы бір мысал, қонақ келгенде табақ тартудың маңызын білеміз бе? Сыйлы қонаққа бас, жамбас секілді сүбелі ет, жіліктерді, күйеу жігітке төс, қызға құйымшақ берілетінін бүгінгі жастар біле бермейді. «Ішкен ас кешке жетпейді, ықылас естен кетпейді» дейтін қазақ табақ тарту арқылы қонаққа құрметін, сол отбасы үшін алатын орнын білдірген. Тойларда етті табаққа саларда білетін кісі іздеп, тіпті ол адамға ескертіп, арнайы дайындап қоятынымыз бар. Мұндай жөн-жоралғыны білетін адамның тапшы бола бастауы жақсы емес.
Соңғы уақытта ене мен келіннің салқын, дау-дамайға толы қарым-қатынасын қалыпты көре бастадық. Бір-бірін ұнатпаса, сырттай сөз етсе, селт етпейміз. Өйткені, жақсы дәстүрді елемейтін болдық. Қазақ келіні таңертең атасы мен енесіне иіліп, сәлем салатын. Ал, үлкендер бата беріп, ақ тілек айтады. Байқайсыз ба, бұл үйдегі таң, тірлік жақсы тілекпен басталады. Таң атқаннан ата-енеге құрметін білдіріп, сыйлайтын келін енемен бет жыртысып ұрсыса ала ма? Қазір қыз-келіншектердің жаппай ақы төлеп қатысып жүрген семинар-тренингтеріндегі «тек жақсылық ойлау», «жақсы энергетика», «таңертең адамдарға, жақын жандарға міндетті түрде тілек тілеу» деген ақыл-кеңестер дәстүрімізде бар еді. Дәстүрді ұмыттық, мінез, әдет өзгерді, талай адам от басты, талай отбасы шайқалды. Енді баяғы жақсы әдетімізді қайтару үшін ақылды сатып ала бастадық.
Біз тек дәстүрлерді ғана емес, сөздерді де ұмыта бастадық. Мәселен, бес арыстың кімдер екенін білгенімізбен, «арыс» сөзінің мағынасын түсінбейміз. «Мәймөңкеледі» дейміз, сонда мәймөңке дегеніміз не? «Ас – адамның арқауы». «Арқау» дегенде көз алдымызға не елестейді? Дәл осындай сөздерді ұмыту, түсінбеу жағдайы Күншығыс елінің де басынан өтіпті. Бірақ олар дер кезінде шешім тауып, атакәсібі – күріш өсіруді қайтадан қолға алған.
Жері тар, табиғаты қолайсыз Жапонияға күрішті сырттан тасымалдаған әлдеқайда тиімді еді. Бірақ күріш импорттауға кететін қаржыдан он есе шығындалып, еге бастаған. Себебі, олардың қолданыстағы сөзінің 70-80 проценті күрішпен байланысты. Егер сөздердің мағынасы ұмытылса, тіл жоғалады, өзіндік ерекшелігі жоқ болса, ұлт та жоқ. Ұлтын айрықша сүйетін жапондар ұпайын солай түгелдеуге көшкен.
Өзімізге оралып, жоғарыдағы сөздеріміздің мағынасын тарқатып көрейік. «Арыс – киіз үй шаңырағының үлкен шеңбері». Бір деректерде шаңырақты ұстап тұратын уықтардың ең мықты, негізгісі делінеді. Қалай десек те, «арысым еді, арысымнан айырылдым» деген теңеу сөздің көшпелі қазақтың баспанасына, шаңырағына тікелей қатысы бар. Ал, мәймөңке – алашаның өрмек жіптерін қиып алмай, үзбей, шатастырмау үшін қолданылатын жұп-жұқа құрал. Сөздің тігісін жатқызып, бірден айтып салмай, жұқалап жеткізген адамды «мәймөңкелеп сөйледі» дейтініміз содан. Арқаудың да қолөнерге қатысы бар. Алаша тоқығанда өрнектері түзу, әдемі түсуі үшін тіреп тұратын бұйымды арқау деп атаған. Демек, адамның да жүзі жайдарлы, еңсесі биік болу үшін арқауы дұрыс болу керек. Байқадыңыз ба, біздің сөздеріміз де атакәсібімізге, дәстүрімізге тікелей қатысты. Демек, ұлттық болмысымызды, сөздерімізді ұмытпау үшін атакәсіппен айналысатындардың саны артып, дәстүрді білетін, құрметтейтін жастар көбеюі керек.
Аружан ЕРАЛЫ,
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<